Рухани шаһар қызу тірліктің ортасы

0
93

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков қызметке кіріскен күннен бастап, қала көлеміндегі игілікті істердің бастамасы болып келеді. Шаһарға әкім болып келген тұста қаланың ардагерлері және зиялы қауымы өкілдерін жинап, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарларымен таныстырып өткен болатын. Қаланы 6 секторға бөліп, өзекті мәселелерді бақылауға алып, жүйелі түрде шешуге ықпал жасайтынын жеткізген еді. Қаланың абаттануына, тазалығына ден қойған шаҺар басшысының тыңғылықты жұмысына бүгінде түркістандықтар оң бағасын беруде. Жуырда ғана қаладағы «Жеңіс» орталық саябағынан ақсақалдарға арнап, «Ынтымақ үйін», «Жастар орталығын» ашқанына куәміз. Жалпы, қаламыздың осылай көркейіп жатқанын көріп қала тұрғындары ыстық ықыластарын білдіруде.

 

Осыған байланысты, қала әкімінің жергілікті Түркістандағы атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын мәдени-әлеуметтік, тұрмыстық кешенді шаралары жөнінде тілге тиек етпекпізү

Түркістанның жаңа тынысы қалай ашылды?

Ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістанның тарихында 2018 жылы 19 маусым алтын әріптермен жазылды. Бұл күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойып, көне шаһарға облыс орталығы мәртебесі берілді. 2020 жылы Үкімет Түркістанның Түркі әлемінің орталығы ретінде 2035 жылға дейінгі мәдени-рухани дамуының Бас жоспарын бекітті. Бұл қала құрылысының, құрылымының, көлік және инженерлік коммуникацияларының, тіпті көгалдандыру мен абаттандыру жүйесінің кешенді жоспарының бас құжатына айналды.

 

Алдағы меже Түркістанды экологиялық таза (Green City), туризмі дамыған, ақылды (Smartcity), қауіпсіз, тұрақты (Resilience) және жаһандық (Global City) қалаға айналдыру. Түркістан – Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі. Ол тарих пен мәдениеттің әлемге әйгілі ескерткіштер кешені мен сәулет өнерінің жауһары-Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан қала ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Сонымен қатар, қаланың Ұлы Жібек жолы бойында, Орталық Азияны Еуропамен, Қиыр Шығыс және Үнді-Қытай елдерімен байланыстыратын қолайлы географиялық белдеуде орналасқаны да маңызын арттырады. Бұл жерден республикалық маңызы бар автомобиль және теміржол торабы өтетіні өздеріңізге белгілі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалану арқылы жергілікті және шетелдік әріптестермен бірлескен кәсіпорындар құру және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша да аз тірліктер атқарылған жоқ. «Түркістан» арнайы экономикалық аймақ Басқарушы компаниясының инвестициялық жобаларды тарту, сүйемелдеу және қолдау бойынша жүргізген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі таңда 134 жоба жүзеге асырылған. Нақты туризм саласы бойынша 18 жоба іске асуда. Жаңа кәсіптік нысандар салынуда. Ол кәсіптік нысандарда барлығы мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Түркістан қаласында отбасылық серуендік демалысқа ыңғайластырылған «Жібек Жолы» саябағы мен «Дендробақ» және «Тұңғыш Президент» саябағы ашылды.

Әмір Темір көшесіндегі су мұнарасы аумағын демалыс орнына айналдыру жобасы жүзеге асты. Шекті Тілеу көшесіндегі габиондық безендіру мен Түркістан қаласын көркейту, көгалдандыру мақсатында көшелерге ағаш көшеттерін егу жұмыстары қарқын алды. Майкөтов, Б.Саттарханов даңғылы бойындағы айналма жол торабы, жаңа көшелер мен «Отырар» мөлтек ауданындағы жаңа көп қабатты үйлер аумағын көгалдандыру шарасы да бақылауымда. Жоспар бойынша Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан бұл жерлерге аумағымыздың қатаң климатына бейімделген көшеттер егілген. Ағаштардың басым көпшілігі ХҚТУ аумағындағы ботаникалық бақтың тұқымбағында өсірілген көшеттер. Жасыл желектер каналдан гидранттық және су ұңғымаларынан суғару жүйесін жүргізу арқылы суғарылатын болады.

“Бүгінге дейін орталық көшелер мен демалыс орындарында (саябақ, сквер, аллеялар) 15 мың декоративтік көп жылдық гүлдер егілді.”

Түркістан қаласына бекітілген секторларда аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар тарапынан да көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Секторлар бойынша қураған ағаштардың орнына жаңа ағаштар егіліп, қосымша жасыл екпелердің санын көбейту жүргізілуде. Жалпы, қалада жылу беретін 3 қазандық қолданыста. Бұл қазандықтар көгілдір отынмен жылу таратады. Қазандықтардың жылу қуаты сағатына 38,9 Гкал құрайды. Ал жалпы жылу желілерінің ұзындығы 26,3 шм. Орталық қазандық, «Отырар» мөлтек ауданында 2 қазандық бөлімшелері бар. Биылғы жылу беру маусымында жылыту қазандықтары толығымен табиғи газ пайдаланатын болады. Табиғи газбен қамтамасыз ететін «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамымен және газ желісімен жеткізу қызметіне «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамымен келісім шарттар жасалды. «Отырар» мөлтек ауданы №2 қазандық бөлімшесі бойынша қазан мен жылу жүйесі қысымдау және шаю жұмыстары толығымен орындалды. Бұл бөлімшеден көпқабатты 12 тұрғын үй жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі. Ал, №3 қазандық бөлімшесі көпқабатты 26 тұрғын үйді жылытады. І және ІІ мөлтек ауданындағы жылу жүйесінде ішкі орамдағы 17990 метр құбырлардың 14200 метр жарамсыз құбыры ауыстырылды. Одан бөлек, жылу маусымындағы апатты жағдайлардың алдын алу бойынша тірліктер пысықталуда.

Табиғи газ тұтынудың талаптары бар екенін де назарға сала кетсек. Өткен жылы бір отбасының қайғы жамылғаны баршамызға сабақ болуы тиіс. Осы орайда, “әлеуметтік әлсіз топқа жататын 500 отбасыға әкімдік тарапынан газ дабылдатқыштары орнатылды. Бұл қондырғы ауаның газбен улануының алдын алады. Қазіргі таңда тұрғындар арасында қауіпсіздік шараларын сақтау жолдары мен әдістері кеңінен түсіндірілуде.”

Өткен жылдың басынан бері Түркістан қаласында – 330 пәтер несиелік жүйемен сатылды. Қазіргі таңда біршам пәтерге сату жөнінде конкурс өтуде. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде тұрған отбасыларға кезегімен пәтер берілді.

Үкімет азық-түлік бағасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Алайда, қаламызда азық-түлік, еттің бағасы көтеріліп барады. Осыған ең болмағанда тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік дүкендердің санын көбейтпесе болмайтын секілді. Үлкен қала үшін 19 әлеуметтік дүкен аз. Әрі олардың жұмысы да тұрақты болмай тұр? Қазіргі таңда аталған әлеуметтік дүкендердің санын көбейту үшін бос жерлер қарастырылуда. Бұл әлеуметтік дүкендер қатарына тағы «Али Сауда» ЖШС тарапынан екі дүкен қосылады. Одан бөлек, біз қалада азық-түлік бағасын тұрақтандыруда осы іспен ғана тоқтап қалмаймыз. Жалпы, азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін күнделікті мобильді топ мүшелері қаладағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, баға тұрақтылығын қадағалауда. Әлеуметтік маңызы бар күнделікті қолданыстағы азық-түлік бағасын көтерген жағдайда сол көтерген кәсіпкерге немесе кәсіптік нысанға нұсқама беріліп, хаттама толтырылады.

Қала аумағында Экобазар өз жұмысын бастауда. Бұл – дәстүрлі ауылшаруашылық нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары болады. Көлемі 14 гектар жерге орналасқан базарда 3000-ға жуық сауда орындары, оның ішінде: 900 орын-азық-түлікке, 1500 орын – киім-кешекке, 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауар-ларына арнайы жабдықталып, сонымен қоса, жиһаз-дарға 1000 шаршы метр орын дайындалды. Жалпы, жаңа нысанның құрылыс алаңы 5 гектар жуық.

“Заманауи экобазарда диқандар өз өнімдерін бір қолдан, делдалдарсыз тікелей сату мүмкіндігіне ие. Ол үшін қажетті жағдай толықтай жасалып, мұнда жазда салқын, қыста жылы температуралық режим қамтамасыз етіледі.”

Ең бастысы, экобазар барлық азық-түлік тауарлары көтерме бағамен сатылатын ең ірі сауда орнына айналады. Бұл диқандардың өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдаумен байланысты шығынды азайтуға өте қолайлы болмақ. Осыған орай, базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орындары күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік береді.

Базарда халыққа тиімді бағада азық-түлік ұсынуды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне облыс әкімдігі мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен 2-3%-бен жеңілдетілген несие беруді қарастыруда. Экобазарға неге кеңінен тоқталдым? Себебі, өнімді өндірушінің өзінен алу баға тұрақтануының ең маңызды тетігі.

Қаламызда тазалық мәселесі өзекті болып тұр. Сонымен бірге, орталық көшелердің өзінде жап-жақсы асфальтты қайта қазып, жер астындағы кабельдерді, су желілерін бұзу оқиғалары жиі кездеседі. Тазалық тек тазалаушы мекемені ғана емес, қаланың әр тұрғынын ойландырса. Қазіргі таңда, қаладағы 875 көшенің тазалығын қамтамасыз етумен екі мекеме айналысуда. «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС қаланың орталық 56 көшесіне, «Байтерек Л.Б» ЖШС 819 көшеге қызмет атқарады.

“Қала көшелерінің тазалық жұмыстары бекітілген кестеге сай жұмыс атқарады. Әйтсе де, бейберекет қоқыс тастауды тоқтатпайынша қала тазалығы қалыптаспайтынын атап өткім келеді.”

Бұл бойынша мен сектор жетекшілеріне де тапсырма бердім. Тұрғындар көшедегі келеңсіздіктерді анықтауға, оны тоқтатуға көмек бергенде ғана секторлардағы тазалық жүйеленеді.

Құрылыс барысында инженерлік жүйелерге залал келтіру бойынша да бөлім тарапынан жүйелі жұмыс жүруде. Олқылыққа жол берген мердігерлер анықта-лып, олар айыппұл төлеумен қатар залалды қайта қалпына келтіруде. Жер астында жатқан желілердің ескіруі немесе сапасыз болуы салдарынан да құбырдың жарылуы мен жарықтың өшуі орын алады. Қазіргі таңда су, жарық, газ, тазалық жұмыстарының барлығында төтенше жағдай орын алғанда апат басына баратын мобильді топтар үйлестірілген.

Leave a reply