ТҮРКІСТАНДА МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ БІР ЖҮЙЕГЕ ҚОЙЫЛҒАН   

0
162

Түркістан қаласы тұрғындарының әл-ауқатын көтеру барысында жергілікті әкімдік қолдан келген шаралардың барлығын қолдануда. Әсіресе, тұрмыс-тіршілікке қолайлы жағдай жасау барысында қала көшелері, ауыз су, табиғи газ, электр қуаты секілді кешенді жобалар соңғы жылдары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл жөнінде қала әкімі Н.Тұрашбеков тұрғындармен кездесулерінде ұсыныс-пікірлерді жіпке тізгендей етіп, жинақтап, әр кездесуде солардың орындалуын және алдағы уақытта іске асырылатын жобаларды рет-ретімен баяндап жеткізуде.

Айта кетерлігі, қаладағы мәселелерді шешуді ыңғайластыру жолында шаһар басшысы Нұрбол Тұрашбеков осы қызметіне алғаш кіріскеннен бастап, қаланы ықшам аудандарға бөлді. Қазір алты секторда дәлірек айтқанда «Яссы», «Сауран», «Бекзат», «Отырар», «Бірлік», «Шауғар» секторларында халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелер сұрыпталып, бір орталық арқылы шешілуде. Бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді. Біріншіден мәселелердің шешілуі тез. Екіншіден тұрғындар шағым айту үшін сабылып, бір ғана әкімдікке келмейтін болды. Нақты айтқанда тұрғын өзінің мәселесін билікке жеткізу үшін бірінші өзі тұратын ықшам ауданның сектор қызметіне барып, шағымын жеткізеді. Жауапты өкілдер мәселені сол жерде талқылап, маңыздылығына қарай өздері шешуге әрекет етеді. Егер сектордың мүмкіндігі жетпесе аталмыш мәселе тікелей қала әкімдігіне жөнелтіледі. Сөйтіп шағымның жауабы немесе шешімі тұрғынға баяндалады. Бұл қала тұрғындары үшін де тиімді. Бұрындары қала әкімдігіне келіп, ол жерде кезек күтіп, тиісті сала басшылығын таппай, әкімге онсыз да кіре алмай әуре сарсаңға түсетін. Ал қазір бәрі басқаша.

Міне сондай кездесулердің кезекті легі өз мәресіне жетті. Төртыншы тоқсанды қорытындылаған Түркістан қаласы әкімдігі «Отырар» ықшам ауданының тұрғындарымен жүздесті. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің «Отырар» шағын ауданы тұрғындарымен жыл басынан бергі кездесулерінде жалпы 127 мәселе көтерілген болатын. Оның ішінде, 62-сі орындалды. Өтініштер мен шағымдардың дені жол салу, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, абаттандыру, тазалық жайына байланысты болып отыр. Тұрғындарға 59 мәселенің заңдылығы түсіндірілді.

Қазіргі таңда «Отырар» секторының аумағы 3,4 мың гектарды құрайды. 50750 тұрғыны бар. Алдағы уақытта қала аумағында он бір мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде «Отырар» секторында екі мың орындық үш мектеп салу көзделуде. Биыл «Отырар» секторында бір нысанның құрылысы аяқталып, екі мыңға жуық адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілсе, екі мың абонентті қамтитын бір нысанның құрылысы жүргізілуде. Жұртшылықтың өтініші негізінде сектор аумағына сегіз трансформатор орнатылды.

Тұрғындар тарапынан Шәді ақын көшесінде ауыз су қысымы төмендігі туралы шағымдар түскен болатын. Қазыбек би мен Б.Саттарханов даңғылы арасындағы тұрғын үй массивінің ауыз су қысымын көтеру мақсатында қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Отырар» секторында Яссы көшесі бойынан желілік саябақ құрылысы, «Сырдария», «Арман» тұрғын үй кешенін абаттандыру, Әкімшілік-іскерлік орталығы 7 және 30 көше бойындағы саябақ құрылысы, «Парасат» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Кездесуге келген азаматтар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өзге де өтініштерін ортаға салды. Шаһар басшысы көтерілген мәселелердің заң аясында жоспарлы жүзеге асатынын жеткізді. Соңында қоғамдық қабылдау өткізді.

 

Leave a reply