ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН ШЕБЕР

0
177

Біз аса мән бермейтін неше түрлі темір заттардан тың дүние жасап шығару талант иесін танытып қана қоймай, ерекше еңбегін елге паш ету арқылы кәсіп көзіне айналдыруға да болатынын аңғартты. Қисайып жатқан қара темірден түнімен көз ілмей түрлі бейнені елестетіп, оны жасап шығару – шебердің ғана қолынан келеді. Темірді отқа балқытып, неше түрлі өрнектеп кәдеге асыру – ұстаның ғана ұтқыр ойының жемісі.

Міне, бүгін сөз еткелі отырған шеберіміз, жеке кәсіпкер – Хуршид Абдурахманов. Темір тоқып, табыс табудың жолын жас шебер осыдан 2 жыл бұрын бастайды. Алғашында алыстан көз тартып, әсемдігімен көз баурайтын сарқыраманың, субұрқақтың дизайнын қызығушылықпен әрі ықыласпен жасау арқылы біртіндеп тапсырыс жинай бастайды. Бүгінде оның қиялынан жарып шыққан туындылар қаламыздың барлық тойханаларының, үй аулаларының сәнін кіргізуде. Бар болғаны компрессордың, дәнекерлеу құрылғысы мен шарқайрақтың (болгарканың) көмегімен және әрине ең бастысы өзінің таудай талабымен таңғажайып туындыларымен талайды тамсандырып, тапсырыстар тіпті Қызылорда, Алматы асуда. Ал бетоннан құйылған мүсіндері, яғни жан-жануарлардың, құстардың бейнелері балаларды барынша қызықтырып, ертегі әлеміне жетелейтіндей. Материалдар, жарық диодтар Шымкенттен, Бішкектен алдырылады. Өнімнің бағасы да көлеміне қарай көңілге қонымды. Мысалы, суреттегі жарық диодтармен безендіріліп, «суарылмай-ақ» жайқалып, ауланың сәнін кіргізіп, демалысты ерекше көңілмен өткізуге септігін тигізетін пальма ағашы биіктігіне қарай 80-100 мың теңге аралығында.

Бүгінде шеберханада 5 адам еңбек етуде. Жас шебер жұмысшылардың жалақылары өнімнен түсетін табыс көлеміне байланысты дейді. Ол алдағы шаруасын кеңейтуді де жоспарлап отыр. «Өйткені, металл өнімдерін жасайтын өндіріс орындары аз. Ал мұнда өндірілген темірден жасалған өнімдердің бағасы да тиімді болады»,- дейді. Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының жетінші бағытында «Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін мейлінше жеңілдетіп, оларға мемлекет алдындағы міндеттерін адал атқару тиімді болатындай жағдай туғызу қажет» деген. Ал еңбек ресурстарын дамытуда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіптің көзін тапқанға айтарлықтай қолдау екенін түсініп, кәсіпкер алдағы уақытта бағдарламаның көмегіне сүйенуді және қаламыздағы кәсіпкерлік мектебінде өнерімен бөлісіп өзгелерге үйретуді жоспарлауда.

Leave a reply