Бизнесін балалармен байланыстырған кәсіпкер

0
108

Мемлекет қашанда кәсіпкерлерге қолдау танытуда. Оның айғағы – бірнеше бағдарламаның қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жарауы. Түркістан қаласында да кәсіпкерлік саласының дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді  мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарлама аясында шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттеріне кепілдік беру «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылып келеді. Еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, несиенің кәсіпкер төлейтін бөлігі 6 процентке төмендетілген болатын. Несие қаражаттары екінші деңгейлі банктер арқылы қолдау тапқан жобаларға беріліп, несиенің проценттік айырмасын мемлекет өтейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау – басты басымдық. Сондықтан осы кезеңде көбірек зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты жеңілдету маңызды болып отыр. Бизнестің осы санаты бойынша еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуды тапсырамын», – деп жоғарыда аталған бағдарламалардың мерзімін ұзартқан болатын.

«Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы талай жанның кәсібінің өрге домалауына септігін тигізіп келеді. Аталған бағдарламаның шарапатын түркістандықтар да көруде. Соның бірі –   Жанна Тұрсынханқыз. Ол  бар уақытын  ерекше балалардың бал тілін одан әрі  байытуға арнап жүр. Бұдан алдын 15 жылға жуық мемлекеттік балабақшада жұмыс істеген. 17 жылдық тәжірибесі бар логопед-псхолог мамандығына сұраныс артқан соң жеке орталық ашуды жөн көріпті. Осылайша ол 2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020»  мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттен қайтарымсыз  грант ұтқан. Қаражатқа балаларды дамыту орталығын ашқан. Жабдықтардың кейбірін шетелден алдыртыпты.

Бүгінде «Еркетай» атты балаларды дамыту орталығы анық сөйлей алмайтын, тілі кеш дамып жатқан алпысқа жуық баланы қабылдауға қауқарлы. Қосымша түрлі ойындар арқылы баланың ой-өрісін де дамытады.

«Негізі бізге келетін балалар арнайы невропатологтың қорытындысымен келеді. Яғни тілі дамуы процесінен проблемасы бар, қандайда бір дыбыстарды айта алмайтын балалар, мінез-құлықтан бұзылысы барлар, психологиялық дамуы тежелген балалар келіп, емделеді. Орталықта миға арнайы жаттығулар жасайтын соңғы үлгідегі аппаратымыз бар. Ол Түркістан қаласы бойынша осы біздің орталықта ғана бар. Бұл аппаратты Санкт-Петербург қаласына барып, арнайы оқуынан өтіп барып алдық. Яғни сертификатымыз бар»,- дейді кәсіпкер.

Жанна өзі секілді 8 маманды жұмыспен қамтып отыр. Барлығы да өз ісінің шебері. Қазір орталыққа күнінен отыздан аса бала келеді. Бастысы мамандардың біліктілігінің арқасына балалар тез бейімделіп, жақсы нәтиже көрсетіп жатыр дейді ата-аналар.

«Біз былтырдан бастап алты ай бойы осы «Еркетай» орталығына қатынадық. Бұл жерде балама Жанна Тұрсынханқызының өзі емдік шараларды жасады. Ұлыма «лицевой неврит» деген диагноз қойылған болатын. Ол кейбір дыбыстарды анық айта алмайтын еді. Осында келіп логомассаж алғаннна кейін бір айға жетпестен балам «р» әріпін анық айта алатын дәрежеге жетті»,- дейді ата-ананың бірі Саида Бабажанова.

Бүгінде тілінде кемістігі бар балалар күннен-күнге артып жатыр. Оның себебі ата-аналармен тікелей байланысты дейді мамандар. Яғни бұл ретте үлкендер баланы гаджеттер мен телефонға телміртпей көбірек әңгімеге тартып, қарым-қатынас жасауы керек. Дер кезінде мамандармен жұмыс жасаудың да маңызы зор.

«Қазіргі кезде ең жиі кездестіп жатқан диагноз – баланың дамуынын тежелуі. Мәселен жасы 4-5 жас болғанымен дамуы 2 жасар баланікіндей болып қалады. Мұндай диагнозға біздер танымын арттыратын арнайы жаттығулар, сабақтар, түрлі ойындар жүргіземіз. Осылайша балаларды өз қатарына қосамыз»,- дейді Жанна Тұрсынханқызы.

Айтпақшы, орталыққа тек балалар ғана емес инсульттен кейін сөйлеу қабілеті нашарлаған ересектер де ем алатын көрінеді. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.  «Өз ойымдағы жоспарымды іске асыруға көмектескен, менің жобамды қолдаған, бизнес бастауға жол сілтеген осындағы мамандарға айтар алғысым шексіз» дейді кәсіпкер.

Ия, Жанна секілді өз-өзін және өзгелерді де жұмыспен қамтып, елге пайдасын тигізіп әрі уақытылы салығын төлеп отырған кәсіпкерлер қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз септігін тигізіп отырғаны анық. Себебі шағын және орта бизнес бұл – ел дамуының драйвері. Сондықтан Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес субъектілеріне барынша қолайлы жағдай жасап, олардың санын арттыруға күш салып отыр.

Leave a reply