СІЗ ТҮРКІСТАНДА БОЛДЫҢЫЗ БА?
Туған еліміздің әрбір азаматына, түркі дүниесінің кез келген адамына осы сұрақты қоюдың еш сөкеттігі жоқ деп санаймыз. Құдайға шүкір, атажұртқа, байырғы киелі жерге, қазақ хандығының тарихи ордасына ат басын бұрғандар күн сайын артып келеді. Сонымен бірге, әлі бармаған, бара алмаған туған-туысқанға, бауырлас-тамырласқа айып тағудан да аулақпыз.
Алайда, Қытай еліне сапар шеккен адам әйгілі қорғанына соқпай кетпейді. Сол елдің символдық мәні бар көрнекті жері, әлемнің сегізінші ғаламаты деп есептеледі. Әйгілі көсемі Маоның: “Ұлы Қытай қорғанында болмасаң, сен нағыз қытай емессің…” деп қайрап, қиындықтан қорықпауды, мақсатқа қол жеткізе білуді үгіттегені белгілі. Сондай-ақ, “Қорғанға бір рет шықпаған еркек еркек емес!” дейтін де сөз бар. Нағыз отаншыл ер, әрине, міндетті түрде өзгелерді өзімен бірге ала шығады. Ойлап қарасаңыз, мұнда шынайы жарнама да, екі жарым мың жылдан астам тарихы бар ғажайып құрылысқа деген құрмет те, отансүйер сезім де бар.
Ал түркі жұртының ортақ мақтанышы – Түркістан шаһарындай қара шаңырақ киесін оны көрмей-білмей, сезіну, ұғу мүмкін емес екені атқан таңдай ақиқат. Халқымыз Әзірет Сұлтан деп аялаған Қожа Ахмет Ясауидан бастап, талай әулие-машайықтардың, түркі-қыпшақ-қазақ ақсүйектерінің, жақсы-жайсаңдарының әзіз сүйектері қойылған Түркістанға жаңарған кезеңінде бір рет бармау – үлкенді-кішілі замандасқа сын деп білеміз. Бұл – қарапайым мәдениет дәстүрі болуға тиіс.
Мұны жүрек қалауымен, ықыласпен орындау, жалғастыру – елтанудың, имандылықтың алғышарты.
Түркістан қаласын облыс орталығы етіп жариялаған тарихи шешімді алғаш естігенде, отандастарымыз ақ түйенің қарны жарылғандай сүйіншілеп, Жаратқанға шүкіршілік айтты.
Тәуелсіз еліміздің рухани астанаға бет бұруы жақсылыққа баланды. Бұл рухани дәстүрімізді, бірлігімізді бекемдеп, ырысымызды арттырды, маңдай тердің өтемін молайтты.
Түркістандықтардың қуанышын ерекше еселендірді. Жеті атасы Әзірет Сұлтанды әз тұтып, қадірлеген ел өңірлері одан сайын шаттанды. Ғасырлар бойы ата-баба аманатындай болған арман-тілектің орындалғанына мың-миллиондаған көрші-қоңсыларымыз, түркітілдес бауырларымыз да қуанды. Мұндай маңызды қадамға әлем жұртшылығы да көз тігіп отыр.
Жалпы, қазақ үшін Түркістан – қаладан да, облыс орталығынан да биік, асқақ әрі кең ұғым. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи жарлыққа қол қойған уақытта: «Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, ұлтымыздың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған хан-сұлтандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы» деген еді.
Ал 2019 жылы Президенттік қызметін осы киелі мекенге тәу етуден бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты орда және аңсарлы атажұрт екендігін еске салып: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз», – деді.
Ұлы дала елінен шыққан әлемдік ғұлама Әбунасыр әл-Фарабидің: «Дұрыс әрекет мақсатқа жеткізер жолды дұрыс таңдаудан басталады» деген дана сөзі елдіктің темірқазық бағдарын меңзесе керек.
Иә, сіз не үшін тарихи, рухани астанаға баруға, оны көруге тиіссіз?
Өйткені, Түркістан – байырғы қазақ жерінде екі дүние обал-сауабын түсінетін тәлімді мекен.
Түркістан – әрбір отандас, әрбір мұраттас, әрбір тамырлас үшін киелі.
Түркістан – түркі жұртының рухани қазан-ошағын сақтап қалған қара шаңырағы. Ал қара шаңырақ – түп-тамырға адалдық, адамгершілік пен ар-намыстың отауы, имандылық пен дәстүрдің өресі, тәлім мен тәрбиенің, білім мен өнердің ошағы, бардың баяндысы, жоқтың жоқшысы.
Түркістан – ұлт тарихының бір ұстыны, руханияттың алтын діңгегі, береке-бірліктің адалбақаны, екі дүние алдындағы жауапкершіліктің іргетасы.
«Мың өліп, мың тірілген» Қазақ елі, түркі жұрты қашанда азаттықты кие тұтқаны белгілі.
Осы қасиетті қалада егемен мемлекетіміздің бауырлас, тілдес, діндес елдермен жаңа заманға сай ынтымақтастық, достық байламы жасалды. Ер түріктің бесігі қайта тербеліп, қазақтың құтты құшағы айқара ашылды. Өрісіміз кеңейді, қанатымыз жайылды.
Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университеті – Тәуелсіздікпен тетелес. Мұнда 25-тен аса түркітілдес этнос ұл-қызының оқуы – үлкен мақсат-мұратты арқалаған ұлттық және ұлысаралық жоба. Қайталанбас архитектура үлгісі – әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, хан-сұлтандар мен батыр-билердің сағанасы, пантеон іспетті ешкімді бейжай қалдырмайды.
Бүгінгі Түркістан мен тарихи Түркістанды салыстыру танымдық тұрғыдан маңызды. Дей тұрғанмен жаңа ұрпақтың міндеті – өткеннің ғибратты тұстарын жаңа заман контексінде лайықты көрсете алу. Сонымен бірге тарихи шаһарларды жаңғыртудың өркениетті концепциясы болуы шарт. Біздіңше, жаңарған Түркістан осы бағытты қатаң, жүйелі бағыт ұстанып отыр. Мұны көріп-білу үшін, әрине, бүгінгі облыс орталығын – тарихи қаланы көріп, тамашалаған дұрыс.
Өзгерген, түрленген сыртқы келбеті бір бөлек, экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті, халықаралық туризмнің болашағына көп мүмкіндік туғызылып, батыл жобалар қолға алынған.
Шындығында, ол бұрын қандай еді, қазір қалай?
Бұрын шаршап-шалдыққан, дәурені өткен кейіптегі қала
қазір мүлдем басқа мегаполиске айналып, көріктеніп түрленіп келеді. Жасампаздық рух жұрттың еңсесін көтеріп, жаңа тынысын ашқандай. Қайтсе де «жаңа жеңбек, ескі көнбек» деген. Ең бастысы – қала тұрғындары мен облыс орталығына келген меймандардың көзқарасы, сана-сезімі өзгере бастады. Жастар “түркі елдерінің рухани астанасы” деген атқа лайық білім алып, харакеттенуге бел байлап отырса, еңбек жасындағылар қоғам мен қауымға пайдалы жұмысқа араласа бастаған. Жаңа кәсіп үйрену мен керек істі оқу мен меңгерудің маңызы артып келеді. «Жүк түйеге келмейді, түйе жүкке келеді» деген аталы сөздің астарын да күні-түні атқарылып жатқан нақты, болымды жұмыстар мен толымды өзгерістер, халықтың көңіл қанағаты ұқтырғандай.
Маңызды жарлық жарияланған шақта түгел түркінің төрі – ежелгі Түркістанды енді “рухани жаңғыру қаласы” ретінде көргіміз келгенін жазғанбыз. Әрине, ұсыныс, тілек айтуға әркімнің шамасы жетеді, ал шаһарды заманға лайық түлету – нағыз ерлердің ісі екенін мойындамасқа лажымыз жоқ.
Аз уақыт ішінде атқарылған мың сан шаруаны, төгілген тердің нәтижесін көп іздеу қажет емес. Ол көзге ұрып, тамашалауға, зиярат етуге сұранып-ақ тұр.
Ең әуелі бізге ұнағаны – Фараб кітапханасы. Ол – Түркістанның кешегісін бүгінімен жалғап, ертеңіне көз салуға мүмкіндік беретін мәнді нысан. Мұнда жинақталған, әлі де жиналатын көне кітаптар мен орнатылған заманауи құралдар – кемелденудің бір көзі. Өз заманында төрткүл дүниенің тетігін түгел білген ғұлама, ақын Қожа Ахмет Ясауидің “Нағыз ғылым иесін көрсем, бас иіп тағзым етер едім” дегені қазір де көкейкесті.
Бабаларымыздың асыл мұратынан бастау алған білім қазынасы соңғы үлгіде жасақталыпты. Кірсеңіз, қайта шыққыңыз келмейді.
Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен манускриптер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы зерттеу орталығы құнды дүниелерді құнттаумен бірге бүлінген жерлерін қайта қалпына келтіріп, цифрландырады. Кітапханада алған білімді іске жарату мүмкіндіктері ұсынылады. Заманауи технологияларды қолдана отырып, өнер туындысын жарыққа шығару үшін дыбыс жазу студиясы, бұйым өндіруге арналған алуан түрлі шеберханалар мен қолөнер дүкендері ұйымдастырылған. Тағы бір ерекшелігі – көнерген құжаттар мен кітаптарды қалпына келтіретін Орталық Азиядағы жалғыз цех осында жұмыс істейді. Сондай-ақ, жасанды зерденің көмегімен тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыратын өндірістік зертханасы іске қосылған. Әзірге елімізде теңдесі жоқ, бірегей кітапхананы көргіңіз келсе,Түркістанға тура тартыңыз.
Рухани мәдени орталықты “Vizit” орталық, “Ұлы дала” орталығы, Ясауи музейі, Түркістан музыкалық драма театры, еліміздегі тұңғыш Халықаралық туризм және қонақжай университеті, “Hampton by Hilton” қонақ үйі, тағы басқа маңызды нысандар толықтырып тұр.
Соңғы жылдары бүкіл түркітілдес елдер үшін орны бөлек қала қайта өрлеудің арқасында дамудың жаңа деңгейіне қадам басты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келіп, зиярат етушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында оның аумағы жаңаша мәнермен толық абаттандырылған. Рәбия сұлтан бегім кесенесін, тарихи орын – Күлтөбені қалпына келтіру-жөндеу жұмыстары ерекше бақылауға алынған.
Одан басқа, ел игілігіне берілген “Конгресс холл” көпсалалы кешені, “Ақжайық” өнер мектебі, Оқушылар сарайы, “Алатау медиа” орталығы, “Rixos Turkestan” қонақ үйі, “Керуен сарай” кешені, “Жібек жолы”, “Парасат” саябақтары мен су айдындары, Ботаникалық бақ, дендропарк заман талабына сай қаланың өзіндік кескін-келбетін аша түскен.
Негізінен коммуникация, жерасты жұмыстарын, жол тармақтарын реттеуге көп мән берілгені аңғарылады. Құрылысшылардың тілімен айтқанда, барлық жұмыстардың сексен пайызы сәтті жобалау, төменгі құрылыс тізбектерінен өту – асу алғаннан да асып түсетін көрінеді. Ал оның кейінгі кезеңдері қол байламайды, қарымды іске тек қарқын қоса береді.
Кез келген құрылыс салу үшін әуелі концептуальды көзқарас қалыптастыру маңызды. Осы тұрғыдан қарағанда, Орталық Азияда теңдесі жоқ, атақты зерттеушілердің бағалауы бойынша Ая-София мешітімен ыңғайлас кесене ғимаратына қатысты барлық халықаралық ережелер мен қағидалар сақталған. Қаланың жеті бұрышынан қарасаң да киелі орынды жанарыңа жақындата түсетіндей кеңістік қарастырылған. Жалпы әлемде, соның ішінде шығыс елдерінде мұндай киелі, қасиетті орындар бау-бақшамен, саялы бақпен, гүлзармен, көгалмен көмкеріліп жатады. Осы бағытта жасалған жұмыстар көз қуантады. Тарихи Әзірет Сұлтанның ауқымы, аурасы мен әсер-қуаты (энергетикасы) даралана, айшықтала түскен. Әйтпесе, көліктен түсе сала кесене ішіне ене салсаңыз, ойыңызды да жиып үлгермейсіз, тереңіне бойлай алмайсыз. Шыққанда да солай, дұға-тілектер бағышталған тұлғалар мен әулиелердің әруағы қолдап, сенім ұялаған ниетіңізге сол жердің ауаны табиғи жарасым тауып жатса, оңашадағы ой-арманыңыз да хақпен үйлесімделмек. Міне, енді зияратшылардың осындай сырлы сәттерді бастан кешуіне, мейлінше әсер алуына толық мүмкіндік бар десе болады.
Иә, Түркістанның жаңа дәуірі басталды. Бүгінде өсіп-өнемін деген мемлекет үшін дәрежесі ерекше, дүние жүзіне танымал, өз халқы тәу ететін киелі, рухани орталықтарының болуы соншалықты жаңалық емес. Алайда бұл жасампаздықтың елге ғана емес, өңірге, тіпті әлемге жақсылық әкелетінін ойласаңыз, толайым табыстың әсері еселене түседі.
Қазір көз алдымызда тәуелсіз еліміздің жаңа шежіресі жазылып жатыр. Сонау 1872 жылы генерал Кауфман
“Түркістан альбомын” арнайы әзірлетіп, Ресей империясы патшасына сыйлық ретінде ұсынғанын тарихтан білеміз. Соның түпнұсқасы, басқа да бірегей құжаттардың бәрі қазір Санкт-Петербургтегі шығыстану музейінің қорында, енді бірқатары көршілес елдердің мұрағаттарында шашырап жатыр. Осы жағдайларды ескеріп, түркі дүниесінің рухани астанасының қазіргі жай-күйін, келбетін ашып көрсету үшін арнайы тарихи-құжатты, сондай-ақ, Қазақстан азаматтарының отансүйер сезімі мен ерен еңбегін бейнелейтін, түркітілдес бауырластардың тілеуқорлығын паш ететін кино түсірілсе, жаңа заманның «Түркістан альбомы» жарық көрсе, келешек ұрпаққа орайлы аманат болар еді.
Атқан таңдай ақиқат: түркітілдес мемлекеттердің одағы ең әуелі руханият арқылы бекемделмек. Ол – ортақ яки үйлескен білім мен ғылым, мәдениет пен өнер, тіл мен дін, дәстүр мен салт, тарихи тұлғалар мен оқиға-құбылыстар. Бұл ретте жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі білім, өнер, спорт жарыстарының орны бөлек. Түркістан саммиті, Түркістан форумы, Түркістан симпозиумы, Түркістан конференциясы, Түркістан конкурсы, Түркістан семинары – әлем өркениеті тоғысындағы жаңа да жасампаз сұхбаттасу алаңдары. Осы аяда Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының басын қосатын үрдіс секілді неге Түркістанда түркітілдес елдердің дінбасылары жиналып, келісетін маңызды тақырыптар таппасқа? Дүние жүзі түркітанушылары ғылымның кез келген маңызды мәселесін Түркістан конференцияларында талқылауына да мүмкіндік көп. Бүгінгі Түркістан – әлемдік сын-қатерлерді реттеудің, ауқымды елдік істерді жүйелеудің айнасы.
Жаңа дәуірдің көкейкесті мәселелері осылай айқындалып, істің барысында кеңесіп шешіледі. Бұған да дәуірге лайық бірлік, мүдделестік, ықпалдастық, ең бастысы – тарихи тәжірибе керек.
Жаңа да әділетті Қазақстанның Түркістаны осы салмақты көтере алады. Осыған орай, биылғы тарихи сайлау алдында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
“Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз” дегені отандастарымызға үлкен ой салуға тиіс.
Ғұламалардан қалған сөз бар: «Өз заманымен ғана өмір сүретіндер заманы өткенде жетім болып қалады». Арқа төріндегі Астана, әйгілі тұран-түркі өркениеттері тоғысындағы тарихи, рухани орда – Түркістан Қазақстанның өткенді, бүгінді, болашақты сабақтастырған жаңа дәуірін айқындайды.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
Түркістан облысының құрметті азаматы