САЙРАМДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІМЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

0
120
Сайрам ауданы Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Тоған елдімекенінде 48 үй табиғи газға қосылды. Аталған елдімекенде 218 адам тұрады.
Көптен күткен қуанышты сәтте аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Бахытбек Хасанов тұрғындарды құттықтады.
Ауыл тұрғындары көмір жағып, күл шығарудан қажығандарын тілге тиек етіп, көгілдір отынды бірнеше жылдан бері аңсап келгендерін жеткізді.
– Ауылға жасаған игі істеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Осы уақытқа дейін жыл сайын тонналап көмір сатып алатынбыз. От жағу, күл шығару деген бейнеттен құтылдық. Рамазан айы бәрімізге жақсы жаңалықты әкелді. Сондықтан, қуанышымызға шек жоқ, – дейді тұрғындар.
Дастархан басында жиналған ардақты аналар ізгі тілектерін айтып, ауыл ақсақалы ақ батасын берді.
«Сайрам аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-інің тапсырысы негізінде аталған елдімекенінің табиғи газ жүйелерінің құрылысы жүргізілген. Нысанның құрылысы 2018 жылы басталып, мердігер мекеме «Құрылыс энерго KZ» ЖШС-і тарапынан толығымен аяқталды. Техникалық қадағалаушы мекеме «Turan Stroy» ЖШС-і, жобалаушы мекеме «Улмад» ЖШС-і.
Жақын күндері ауыл округінің Таскешу елді мекенінде 310 үй газбен қамтылатын болады.
Сонымен қатар, Қасымбек датқа ауылында орналасқан коммуналдық меншіктегі көпқабатты тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 9455,79 мың теңге қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда газға қосу жұмыстары іске асырылуда.
Аудан аумағындағы жалпы 42 елдімекеннің бүгінгі таңда 33-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қамту көрсеткіші 78,5 %-ға жетті. Барлық елдімекенді 2024 жылға дейін 100% табиғи газбен қамту жоспарланып отыр.

Leave a reply