ТІРІ ТАРИХ
Соғыс – ақиқат пен адамгершіліктен бас тарту. Мәселе тек адамдарды өлтіруде емес, өйткені адам қандай да бір жолмен өлуі керек, бірақ адамдарға біртіндеп сіңірілетін өшпенділік пен өтірікті әдейі және табанды түрде таратуда. Д.Неру
Қолыма қалам алмас бұрын көптеген белгілі тұлғалардың әсіресе немістің көрнекті қолбасшыларының қанатты сөздерін іздестіріп талдап шықтым.
Уинстон Черчилль болса
Құмырсқа: «Мен ұрыспаймын. Құмырсқа ұясы соғысуда »
Бүгінгі айтпағым көптеген елді соғыс өртімен шарпыған Ұлы Отан Соғысы туралы болмақ. Соғысты шынында да қолбасшылардың өзі мойындайтындай соғысты әскер бастамайды ,соғысты саясаткер бастайды. Қырылатын да азабын көретін де халық.
Ұлы Отан Соғысы елімізді үлкен қазаға ұшыратты.
Орта Азия елдерінен соғысқа 3 миллион жауынгер қатысса, оның 1 млн 366 мыңы қазақстандық. Қан майданға Қазақстанның әрбір 5-ші азаматы аттанды. Ал соғысқа аттанған қазақстандық жауынгердің әрбір екіншісі майдан даласында қаза болған. Сондай-ақ, 601 815 жауынгер елге оралған жоқ.
Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы ғана елге оралды.
Ұлы Отан соғысының зардабын шекпеген елімізде бірде бір отбасы жоқ шығар. Біреудің атасы,біреудің жан-жары, біреудің жалғыз Ұлы Отан Соғысы өртіне тұншығып, қаншама шаңырақтың оты сөнді.
Майданға жіберілген он оқ дәрінің тоғызы Кентау төңірегіндегі қаратаудың бойынан шыққан кен орындарынан өндіріліп, Шымкенттегі қорғасын зауыты дайындағанын баршамыз мойындаймыз. Қарт қаратаудың ер азаматтары да тура қорғасындай салмақтылық танытып отан қорғауға аттанды.
Соның бірі бүгінде жүзді алқымдап қалған кентаулық абыз ақсақалымыз Бадан Төребаев.
Ардагер Бадан Төребаев 1924 жылдың 13 қарашасында Түркістан облысы Майдантал ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда әскер қатарына шақырылды. 4 ай әскери дайындықтан өткен соң Бельарус майданында жорық жолы басталып, ауыр шайқаста ерекше ерлігімен көзге түскен. Сондағы жанқиярлығы ескеріліп «Ерлігі үшін» медальімен марапатталған. Жорық жолы Берлинге дейін жалғасыпты. Нағыз немістің астанасын көріп елге аман-есен оралған.
Кеше арнайы Бадан атаның үйіне барып жеңіс күнімен құттықтап қайттым. Әлі дилы. Келіннің өзі жасы алпыс төртке келіпті. Қағылез ғана ашаң арықша келген кешегінің батыры Бадан ақсақалдың үсті басы мұнтаздай таза, қарауы мықты болса керек. Сөзі де жинақы. Сөз арасында “Дені түзу кемпір болса қарсы емеспін” деп әдемі әзілдеп қояды. Майданда 1944 жылы атқыш, минометші де болған.
Бадан атамыз 1-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, екінші рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарімен марапатталған. Соғыстан соң 1948 жылы Норвегияның шекарасында танк командирі болып , елге 1950 қараша айында оралып еңбекке араласты.
Кентау қаласындағы Мырғалымсай кенішінде ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықты. Отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген, 16 немересі, 35 шөбере, жақында ғана шөпшегінің қолынан май жалап, Аллаға шүкіршілік жасап отырған абыз ақсақал.. Кентау қаласындағы үлкен ұлының шаңырағының көркі, әулетінің ақылшысы, бүкіл әулет сөзіне тік тұрады.
Мұнтаздай ақсары жүзінде қарттықтың мөрі болғанмен шаршаудың,мазасыздықтың белгілері байқалмайды.
Былтыр да Бадан атаның үйіне мереке қарсаңында кіріп шыққан болатынмын. Есік алдында өрімдей жас келін бізді иіліп сәлем беріп қарсы алды. Басындағы жұқа жібек ақ орамалы онсыз да жібектей сызылған тұрысына ерекше нәзіктік беріп тұр. Әшейінде сәлем салғанда көп мән бермейді екенмін, сәлемді де әдемілеп жымиып көзін төмен түсіріп салғаны ізеттілігін,тәрбиесін аңғартады. Атаның босағасын жарқыратып, отын жағып отырған
ұқыпты пішімді Айжан келіні болса құрақ ұшып көрпешесін жаңалап төсеп жатыр. Анашымның “Көрпешеңді қонақ келгенде аямай әдемілеп төсе, үйге келген қонаққа төсеген көрпешең өзіңе төсеген көрпешең” деген сөзі ойыма оралды. Дана қазағымның ойшылын ай.
Атаның архивтерін ақтарып отырып майдандағы суретін тауып алдым. Сурет сарғайғанмен бұрыштарының еш жері жыртылмастан жақсы сақталыпты. Салмақты кескін, көз жанары терең, үстіне киген гимнастеркасы мен басына киген әскер пилоткасы өзіне тым жарасып тұр.
Қолыма ерекше құжат ілікті. Қалай ғана бір жапырақ қағаз мұрты бұзылмай сақталған десейші.
Ерекше Алғыс.Одердің батыс жағалауында
Берлинге шабуыл кезінде немістердің қорғаныс шебін бұзуда Үздік жауынгерлік әрекеттері үшін-
Жоғарғы Бас Қолбасшы,
Кеңес Одағының Маршалы
Сталиннің 1945 жылдың 23 сәуіріндегі
№ 339 Бұйрығымен- жариялаған Алғысы. Қос ғасырдың жүзін көрген,ғасыр қазынасы осы бейбіт күнді сыйлаған Бадан атамызға алғысымызды айтып қоштастық. Айжан келін шөбере келінді жанына ертіп бізді көлікке дейін шығарып салды.
Аман болыңыз Бадан ата. Өткен ғасырда оқ пен оттың ішінде тап Берлинде берілген Красноаармеец Бадан Туребаевқа деп басталатын бір жапырақ қағаздың соншалықты құнды екенін іштей ұғындым. Бағасын ала алмай қанша боздақтар жан тәсілім етті. Қаншама боздақ қаңғыған оқтың апанына түсті..Қазақтың қара баласы қайсарлығымен,табандылығымен Сталинді мойындатып Алғысын алған. Бадан атамыз бақытты. Құнды жәдігерлерімізді көздің қарашығындай сақтаған, қазақты неміс жерінде танытқан бейбіт күнді бізге сыйлаған Асыл Ата ұрпаққа үлгі болып, тірі тарих болып жүре беріңіз.
Қалыйма Жантөреқызы
Түркістан облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облысының Құрметті азаматы