Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы – Тәуелсіздік тірегі
Әр елдің мемлекеттілігінің тарихы бар десек, оның дербес мемлекетке айналып, Конституциясының қабылдануы – тарихи оқиға. Себебі конституциясы бар мемлекет өз Ата заңы негізінде елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін қорғайды. Сол арқылы ішкі, сыртқы саяси бағытын белгілеп, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі болады. Яғни, конституциясы бар ел – мемлекет ретінде мойындалған ел.
Еліміздің Конституциясы тарихына шолу
Біздің мемлекетіміздің тарихи тамыры ондаған ғасырға кетсе де, бүгінгі Қазақстан мемлекетінің ең негізгі ізашары – осыдан 557 жыл бұрын (1465 жылы) қазақ елінің осы күнгі аймағында құрылған Қазақ хандығы! Сол хандықтың тұсында халқымыздың әдет-ғұрыптары негізінде пайда болған «Жеті жарғы» атты заңдар жинағы – біздің ең алғашқы ұлттық конституциямыз. «Жеті жарғы» өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атты ұлттық ұстанымның бекітілуі еді. Сондықтан ол ғасырлар бойы халқымыздың басты заңы ретінде өмір сүрді.
Дегенмен уақыт өте келе мемлекет болудың формасы өзгеріп, жаңа тұрпаттағы заманауи мемлекетке айналғанда әлем елдеріне ортақ заң жүйесі қазаққа да келді. Сөйтіп, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде тұңғыш рет алғашқы Конституциямыз қабылданды. Ол 1926 жылы 18 ақпанда қабылданған Қазақ АКСР-ының Конституциясы еді. Рас, ол кездегі Конституциямыз КСРО мемлекетінің құрамында жеке-дара ұлттық республика ретінде құрылғанымыздың айғағы болды. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғанша 1937 жылы екінші, 1978 жылы үшінші рет Қазақ КСР Конституциясы қабылданды. Ал еліміз тәуелсіздік алған соң алғашқы Конституциямыз 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Бұл – Қазақстан Республикасы атты тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Конституциясы еді. Ол Конституция еліміздің саяси құрылымына парламенттік республика моделін бекітті. Дегенмен 1995 жылы 30 тамызда өткен республикалық референдум негізінде қазіргі қолданыстағы конституциямыз қабылданды. Ол Парламентті Сенат пен Мәжіліс атты екі палатаға бөлу, Жоғарғы Кеңестің таратылуы, Парламенттің заңнамалық функциясын Президент, Үкімет, Парламент атты үш институтқа бөлу сынды ауқымды сәттермен ерекшеленді. Ал 1998, 2007, 2011, 2017, 2019, 2022 жылдарда Қазақстан Конституциясына бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 1993 жылғы алғашқы Конституцияға осы уақытқа дейін 6 рет өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Ал бұл өзгертулер мен толықтырулар жайында айтатын болсақ, 1995 жылы Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады.
1998 жылы Конституцияның 19-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бірінші кезекте өзгерістер Президенттің, Парламент депутаттарының мерзімдері мен функцияларына қатысты болды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкер үшін бұрын қарастырылған жоғары жас шегі жойылды. «35 жастан асқан адам президент болып сайлана алады» деген сөйлем «40 жастан асқан» деп өзгертілді.
2007 жылғы түзетулерлерге келсек, ондағы басты өзгерістер мынадай: пропорционалды сайлау жүйесіне көшу; Премьер-Министрді парламенттік көпшілік дауыспен бекіту туралы норманы енгізу және Үкімет басшысын тағайындау кезінде Президенттің партиялық фракциялармен консультациялар рәсімі есебінен Парламент мәртебесін нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді және белгіленген квотаға сәйкес өз өкілдерін Парламент Мәжілісі мен Сенатына жіберу құқығына ие болды.
2011 жылғы ақпанда Конституцияға ел Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мен өткізудің конституциялық негіздерін белгілеуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Сол кезде Назарбаевқа «Елбасы» мәртебесін бекіткен толықтырулар да қосылған. Бұдан басқа, заң жобалары Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бейнесін бүлдіргені, оның өмірбаянын көпшілік алдында қорлағаны және бұрмалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
2017 жылғы наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті конституциялық реформа туралы жариялады, оның басты мақсаты республика Президентінің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру болды. Сонымен бірге: террористік қылмыстар жасағаны үшін, ҚР өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімі бойынша азаматтықтан айыру негіздері көзделді. Президентке қойылатын талаптар өзгертілді, атап айтқанда, жоғары білімінің болуы қажеттігі бекітілді.
Ал Конституциямызға бесінші өзгеріс – 2019 жылғы 23 наурыздағы заңмен енгізілді. Бұл елорда атауының Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгеруіне байланысты жасалды. 2019 жылғы 20 наурыздағы Конституциялық Кеңес: «Қазақстан Республикасының астанасын «Астана» атауынан «Нұр-Сұлтан» деп атауға қатысты өзгерістерді бекітті. Бұл заңға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Айта кету керек, 1998-2019 жылдардағы Қазақстан Конституциясына енген өзгерістердің барлығы референдумсыз жасалды.
Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы
2022 жылдың 29 сәуірі күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 31-сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Мемлекет басшысы бұл туралы: «Конституцияға түзетулер енгізуді Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын» деді. Сөйтіп, осы жылдың 5 мамыры күні Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Солайша, Қазақстан халқы көрсетілген мерзімде рефрендумға қатысып, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап беріп өз таңдауын жасады. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс беруге тиісті азаматтардың 68,06 пайызы қатысып, оның 77,18 пайызы Конституциялық өзгерісті қолдап дауыс беріп,қоғам дамуы үшін билік пен халықтың пікірі бір жерге тоғысқанын дәлелдеді. Сөйтіп бүкілхалықтық референдумның негізінде Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды.
Әрбір конституциялық өзгерістің маңызы бар десек, биылғы Қазақстан Республикасының Ата Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің Негізгі Заңын жетілдіре түсті деп айта аламыз. Сондықтан 1995 жылы қабылданып, соңынан бірнеше рет түзетіліп, толықтырулар жасалған және осы жылдың 5 маусымына дейін қолданыста болған Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қысқа шолып көрейік:
I бөлім. Жалпы ережелер. 4-баптың 1-тармағы, 6-баптың 3-тармағы өзгертілді.
IІ бөлім. Адам және азамат. 15-баптың 2-тармағы, 23-баптың 2-тармағы, 24-баптың 1-тармағы өзгертілді.
IІІ бөлім. Президент. 42-баптың 2-тармағы, 5-тармағы өзгертілді. 43-баптың 1-тармағы өзгертілді, 2-тармағы алынып тасталды және түсіндірме берілген 3-4-тармақтармен толықтырылды. 44-баптың 2-3-4-7-тармақтары және 10-тармақтың 1-тармақшасы, 19-тармағы өзгертілді. 46-баптың 4-тармағы алынып тасталды. 47-баптың 1-2-тармағы өзгертілді.
IV бөлім. Парламент. 50-баптың 2-3-тармағы, 51-баптың 1-тармағы, 52-баптың 5-тармағы өзгертілді. 53-баптың 1-тармағына 1-тармақша, 53-бапқа 1-2-тармақша қосылды, 2-6-тармағы өзгертілді, 54-баптың 1-2-тармағы, 55-баптың 2-3-тармағы өзгертіліп, 56-баптың 1-тармағының 1-тармақшасы өзгертіліп, 3-1 тармақша қосылды. 57-баптың 1-тармағы, 57-баптың 3-тармағының 7-тармақшасы, 61-баптың 2-тармағы, 3-4-тармағы, 62-баптың 5-6-тармағы өзгертілді.
VІ бөлім. Конституциялық Сот. 71-баптың 1-2-3-4-5-6-тармақтары, 72-баптың 1-2-3-4-5-баптары, 73-баптың 1-2-3-тармақтары, 74-баптың 2-3-тармағы өзгертілді.
VІІ бөлім. Соттар және сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл. 78-бабы, 82-бабының 4-5-тармағы, 83-баптың 4-тармағы өзгертілді және жаңа бап (83-1) қосылды.
VIII бөлім. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару. 87-баптың 4-5-тармағы, 88-баптың 4-тармағы өзгертілді.
IX бөлім. Қорытынды және өтпелi ережелер. 91-баптың 2-3-тармағы өзгертілді, 99-бапқа 1-2-3-тармақтар қосылды.
Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда қабылданып, 2022 жылдың 8 маусым күні соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан тұрады. Конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық Соттың қызметін айқындайтын Қазақстан Республикасының Конституциясының ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Ал жаңа Конституциямыздағы өзгерістерге келсек, бұдан былай Қазақстан Республикасында:
Суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді;
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болады;
Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық Сотқа жүгіне алады;
Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
Сенаттағы Президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталады.
Міне, мұның бәрі еліміздің болашағын айқындайтын өзгерістер. Ал еліміз азаматтары Қазақстанның көптеген оңды өзгерістер енгізіліп, толықтырулар жасалған еліміздің Ата Заңын ерекше ықыласпен қабылдап отыр. Өйткені бұл Жаңа Қазақстанның жаңа Конституциясы!