ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН АЛАҢ

0
95
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрынғы 16 наурыздағы Жолдауында жаңа қоғамдық институт – Ұлттық құрылтай құруды ұсынып, жаңа «Ұлттық құрылтай» институтын құру ел халқымен тікелей диалог идеясының заңды дамуы болып табылатындығын түсіндірген болатын. Президентіміздің бастамасымен биыл Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы  өтті. Құрылтайда , “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” атты тақырыпта сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуы жолында құнды ойларын ортаға салды.
«Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек… . Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс», – деді Президент.
Президентіміз Ұлттық Құрылтай – халқымыздың мақсатын ұйыстыратын бірегей құрылым екендігі, ол арқылы ұлт тағдыры сынға түскенде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындағаны, қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлерге көш тізгінін ұстатқандығы, бір ел және бір халық болып сыртқы қатерге қарсы тұрғандығы, қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара беретіндігі жайлы айтты.
Сондай-ақ еліміздің дамуына кедергі келтіретін нәрсенің барлығынан арылып, қоғамымызды нығайта түсу үшін алға қойған мақсатымызды,яғни саяси-экономикалық реформалар мен қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістерді қатар іске асырумыз қажеттігін ерекше атап өтті және бұл – өте маңызды міндет екендігін,сондықтан біз алға үздіксіз қадам басумыз керектігін жеткізді.
Президент өз сөзінде еңбекқорлық, іскерлік сияқты, сондай-ақ жалпыадамзаттық және үлттық құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы біздер жастар мен өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз керектігіне,ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал ететін шараларды кешенді түрде жүргізумен қатар оқу-ағарту ісін жаңғырту қажеттігіне көңіл бөлді.
“Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн.Енді мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет.Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз.Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады. Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн.Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді.Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым. Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады”, деді президент.
Мемлекет басшысы азаматтардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыру, отбасылық зорлық-зомбылықтармен кұрес,олардың алдын алу және болдырмау мақсатындағы жұмыстарды нығайту, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі полиция жұмысының белсенділігі мен тиімділігін арттыру аясында есіріткіге қарсы күрес жұмысын күшейту мәселері жайлы кеңінен тоқталып, өзінің ескертпелерін айтты.
“Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар осы мәселе тәуелсіздік жылдарында толық шешімін таппады. Сондықтан мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осыған арнайы тоқталдым. Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастама көтердім. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн.Еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет. Оған соңғы кезде ашылған тарихи жаңалықтар түгел енгізілуі керек. Қарама-қайшы мәліметтер болмауға тиіс. Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғалардың әлемдік үдерістермен тығыз байланыста сипатталуы маңызды. Бір сөзбен айтсақ, жеті томдық еңбекте еліміздің шынайы шежіресі толығымен жазылуы қажет. Көптомдықтың тілі – жеңіл, мәтіні – кез келген жастағы оқырманға түсінікті болуы керек. Бұл – аса маңызды мәселе.Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын. Содан соң ол ғылыми ортада кеңінен талқылануы керек. Бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосары сөзсіз.Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі.Тарихи танымды кеңейтуге зор үлес қосатын тағы бір маңызды сала – археология. Алматыдағы Археология институты – еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме. Өкінішке қарай, оның қазіргі жағдайы мүшкіл. Мекемені жаңғыртып, оның жұмысына тың серпін беру үшін институтқа барынша жағдай жасау қажет. Оны тиісті ресурстармен қамтамасыз ету керек. Институт жанынан тарихи жәдігерлердің арнайы қорын жасақтаған жөн. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде кеңінен таралған.Сондай-ақ төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ.Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек”, деді.
Президент еліміздегі идеология жұмысындағы басты бағыттардың бірі – кітап басып шығару екендігі, бұл бағытта орын алып отырған кемшіліктер мен олқылықтардың аз емес екендігі, оларды жоя отырып, тез арада ұлттық мүддеге сай бағыттағы кітаптарды көбірек шығару, «Балалар кітапханасы» атты бағдарламаны жүзеге асыру, отандық кино өнерін дамыту мен кинотеатрлардың жұмысын дұрыс жолға қою мәселелеріне назар аударды. Қорыта келгенде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет. Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды – Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы медиация кеңесінің төрағасы, “Бітімгер” медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы

Leave a reply