ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: ИДЕОЛОГИЯ – ҰЛТТЫҢ ҰСТЫНЫ

0
305
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жолдауында жаңа қоғамдық институт – Ұлттық құрылтай құруды ұсынған болатын.  Осы бағытта Ұлттық құрылтайдың біздің өңірімізде өтуі түркі елдерінің рухани астанасы атанған Түркістан халқы үшін үлкен серпіліс болды. Құрылтайға келген қонақтар Мемлекет басшысынан бастап кесенеде жерленген хандар мен билерге, халқымыздың игі жақсыларына құран бағыштады. Құрылтайдың тақырыбы да ерекше болды, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деп аталды. Алғашқы күні еліміздің әрбір аймағынан келген делегаттар ұлт келешегі үшін өзекті мәселелерді талқылаған болатын. Екінші күнгі отырыста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын қолдай отырып, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ойын ортаға салды. Ең бастысы құрылтайға ақыл қосар, көпті бастар аға буын, жалындап тұрған жастар өкілдері де қатысты. Мемлекет басшысы Ұлытау төріндегі алғашқы құрылтайдан бері өткен бір жылда елімізде конституциялық реформа жасалғанын, бұл өзгерістер мемлекетіміздің нығаюына, ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарымызды айқындап бергенін атап өтті.

“Бірінші құрылтай жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты.Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді. Бірақ біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық. Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық.Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік. Қазақстан – осы геосаяси аймақта саяси жүйесін қысқа мерзім ішінде түбегейлі өзгерткен бірден-бір мемлекет. Тың өзгерістердің арқасында саяси реформалардың Қазақстанға ғана тән ерекше үлгісі қалыптасты. Келешекте де оның мән-маңызы арта бермек. Алайда қолда бар жетістікке тоқмейілсіп отыруға болмайды. Алда ұзақ жол, ауқымды жұмыс бар. Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек.Ал түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді.Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне зор кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек.Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз.Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай? Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді.Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек. Елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз.Жалпы, қандай да бір құндылықты жарлықпен немесе заңмен орнықтыру мүмкін емес. Мен мұны өте жақсы түсінемін. Кез келген тұжырымдама немесе доктрина қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Әйтпесе, бәрі жасанды болып шығады. Ондай идеяны халық қабылдамайды.Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек.Елімізде отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор жандар өте көп. Мен осындай азаматтарды көргенде болашағымыздың жарқын боларына зор сеніммен қараймын. Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді.Біз, аға буын өкілдері, еңбекқорлық, іскерлік сияқты құндылықтарды өзіміз үлгі көрсету арқылы дәріптеуіміз керек. Жастарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осындай теріс әдеттерден қашық болуға үйретуіміз керек.Біздің қоғам өзгерісті біреуден мадақ есту үшін емес, ең алдымен, өзі үшін жасауға тиіс. Мұны елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін қолға алуымыз керек. Ашығын айтсақ, біз кейде өз өмірімізден гөрі жұрттың пікіріне көбірек мән береміз. Тіпті, бұл әдет қанымызға сіңген деуге болады. Әрине, қазақтың қонақжайлығы – жақсы қасиет. Бірақ үйдің іші-сыртын қонақ келгенде ғана ретке келтіру дұрыс емес. Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет.Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Жұрттың бәрі өз үйінің жайлы әрі әдемі болғанын қалайды. Бұл – дұрыс. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға да дәл сондай жанашыр көзбен қарауға тиіс. Қазақстан – бәрімізге ортақ, оның қандай болатыны тек бізге байланысты. Яғни, біз іші де, сырты да бүтін ел болуымыз керек.Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да – орынды. Осы түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын. Негізгі мақсат – табысты болып көріну емес, шын мәнінде табысты мемлекет болу. Бұл мызғымас қағида болуға тиіс.Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет.Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады.Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс. Енді осы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталайын”, деді президент.

Президенттің айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс істеу керек. Түпкі мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз болады. Ең бірінші әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруі тиіс. Әйтпесе басқа реформаның бәрі бекер болмақ.
Президент отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Меккеге барғанда құран бағыштай отырып Алладан елдің амандығын сұрағанын, «Ел аман болса, жеріміз бүтін,бірлігіміз бекем,мемлекетіміз мәңгі болады. Осы құндылықтарды мызғымастай етіп бекіту – қазақтың перзенті, Қазақстанның Президенті ретіндегі менің қасиетті парызым.Ашығын айтқанда, қызмет – уақытша, ал халық мәңгі» деген болатын.
Бұл жолы да “Президент әулие емес” деп халыққа жақындай түсті. Халық қашанда шын сөзге, жүректен шыққан сөзге тұрады. Осы сөзді естігенде көпшіліктің іші жылып кеткендей, кешегі Қаңтар оқиғасының зардабы, Семейдегі өрттің азабын бір ауыз жылы сөзбен басу айтып маңдайдан сипағандай болды. Мен де сіздер сияқты адаммын, тек қызметім болмаса деген ойын бауырмалдықпен, ерекше жанашырлықпен, елжандылықпен жеткізді. Әр жиында бір құлыпты ашатын «кілтті сөздер» болады. Ұлттық құрылтайдың сүбелі сөзі осы болды деп санаймын. Қарапайым халыққа керегі жұмысы болса ,еңбегі бағаланса, бала-шағасын тыныш тірлікте өсірсе, оқытып, көштен қалдырмаса, тапқаны отбасын асырауға жетсе болғаны, аспандағы айды алып бер деп биліктің балағына жармаспайды.
Адал азамат деген кім? Ол еңбегімен өсіп келе жатқан, елін сүйетін, намысты азамат. Адал азаматтың шұлғау болғанын қай заманның тарихын алсаң да таба алмайсың. Адал азамат жемқорлықсыз қоғам құратын азамат. Әділетті Қазақстанды адал азаматтар ғана құруға ниетті, құрады да.
Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс екеніне назар аударып, осы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталды.
Мемлекет басшысы ұлттың сана-сезімін жаңғырту; мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу; өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру; ақпарат саясатының тиімділігін жақсартып, креативті индустрияны дамыту; мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу; шекаралас аймақтарды дамыту; мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде маңызды мәселелерді қозғап, бастамалар ұсынды.
Құрылтай мүшелері атынан Қолданбалы экономика зерттеулері орталығының ғылыми жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Еңбек Ері Вадим Басин, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, белгілі өнер қайраткері Азамат Сатыбалды сөз сөйледі.
Өз басым 2003 жылы Түркістанда өткен Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайына қатысқанмын. Ол кезде қайткенде де қандастарымызды елге тарту мақсат болды. Мен сол жиында Германиядан келген қазақтардың қасында отырдым. Олардың сол кездегі тұрмыс жағдайы біздерден артық болмаса кем емес еді. Ел асып жер асып кетсе де тілін де дінін де ұмытпаған. Қасымыздан өтіп бара жатқан шолақ орысша сөйлейтіндерге деген жақтырмай қарағанын қанша маған сездірмеймін десе де, адам айна ғой байқап қалдым. Жастар ғой орыстану саясатының кесірі, бірте-бірте бұл да қалады деп жуып шайғандай болдым. Түркістан топырағына деген ерекше құрмет пен елге деген сағынышы көрініп тұрды. Елде жүріп Ясауидың қадірін біле бермейтінімізге, Ясауи іліміне терең мән беріп қадіріне жете бермейтіндігімізге қынжылдым.
Түркістанда Ұлттық құрылтайдың өтуі Ясауи кесенесін ұрпақтан-ұрпаққа сақтап, жеткізу мәселесіне де мұрындық болды. Білім мен мәдениетті, жалпы даму, өркендеуді көздеген Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өтуі киелі бабаларымыздың рухты сөзі қалған, қас шеберлердің саусақтарының ізі қалған қасиетті шаһардың танымалдығын тағы бір мәрте арттыра түсті.
Ал, Ұлттық құрылтайдағы Президенттің мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен отаншылдық негізгі екі қасиеті болуы керек дегені мемлекеттік қызметшілер жұмысының сапа критерииі болды дер едім.
Жалпы қорыта айтсам, Президенттің қоғамдық құндылықтарды нығайту туралы бастамасы дер кезінде көтеріліп отыр. Бұл ретте, Мемлекет басшысы жаңа идеологиялық стратегияны іске асырудың нақты қадамдарын ұсынды. Елдік істе күш біріктіріп, қызмет ету – бәріміздің ең басты міндетіміз.
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
Түркістан облысы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Түркістан облысының Құрметті азаматы

Leave a reply