Созақта нашақорлыққа жол жоқ

0
97
Созақ ауданының орталығында жастар арасында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында арнайы акция өтті.
Жібек жолы көшесінің бойындағы «Нұр-Асыл» мейрамханасынан бастау алған ауқымды шараға аудан жастары, медицина мамандары мен спортшылар және барлық сала өкілдері «Нашақорлық пен синтетикалық есірткіге жол жоқ» ұранымен шеру өткізіп, аудан әкімдігі ғимаратының алдына келіп тоқтады.
Онда аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов арнайы сөз алып, жас ұрпақты салауатты өмірге үндеген шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
– Нашақорлық – қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індет пен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бұндай шараның маңыздылығы ерекше. Бүгінде мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бөлігі жастарды жан-жақты қолдап, еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпаққа аса сенім артуда. Сондықтан да біз бұл дерттің өршуіне жол бермеуіміз керек,-деді.
Сонымен қатар, Созақ аудандық полиция бөлімі басшысы орынбасары, полиция подполковнигі Мирахмет Сейдахметұлы бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті күн тәртібіде екендігін айтып, есірткіге қарсы іс-қимыл шараларын жастар арасында одан әрі дамытуға шақырды.
Созақ аудандық балалар мен жасөспірімдер арасындағы спорт мектебінің жаттықтырушысы Ермек Өтебаев жастар арасында салаутты өмір салтын қалыптастыра отырып, өскін ұрпақты спортқа баулу арқылы есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет екенін атап өтті.
Шара барысында ҚР Мемлекеттік Әнұраны асқақтата шырқалып, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашты.

Leave a reply