Келес ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 28 көшеге асфальт төселген

0
119

Келес ауданына қарасты елді мекендердің ішкі көшелеріне 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын 28 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған.
Оның ішінде, 7 көшеге мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылдық округі Бозсу елді мекенінің Жаңағасыр-1, Жаңағасыр-2, Жаңалық, Денсаулық көшелеріне, Алпамыс батыр ауылдық округі Қауыншы елді мекенінің Т.Тәжібаев көшесіне, Қошқарата ауылдық округі Бәйтерек елді мекенінің Алтыбаев, Жеңіс көшелеріне жол жөндеу жұмыстары басталды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылау мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жеңіс көшесіне барып, мердігерлермен кездесті. Аудан басшысы жауапты мекеме басшыларына жолдың сапасына басымдық беріп, жұмысты уақытында аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, Абай ауылының 8 көшесіне және Алпамыс батыр ауылдық округінің орталығы Ақжол ауылындағы 12 көшеге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп, мердігер мекемелер анықталды. Қазіргі таңда келісім шартқа тұру жұмыстары жүргізілуде. Аталған көшелердегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Еліміздегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар шалғай ауылдарды да аудан стандартына сай әрі модернизацияға лайық етіп, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Жаңа жоба шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға ат салыса алады. Ауыл тұрғындарының материалдық әл-ауқатын көтеру үшін кәсіпкерлердің де үлесі зор болмақ.

Осындай мақсаттарға жету үшін мынадай міндеттер қойылып отыр:
• ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;
• әлеуметтік аймақтарға білімді мамандар жіберу;
• ауылдағы жас кәсіпкерлерді қолдау.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы 2020-2025 жылдары аймақтарды дамытуға бағытталған. Бағдарламада ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту және ауылдарды үлкейту үшін бірнеше бағыт қарастырылған. Қазір 27 ірі қалаға арналған 57 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. «Якорь» проектісімен жұмыс жасау 8,6 мың жұмыс орнын ашып, инвестиция көлемін 749,4 млрд теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Шикізат өндірісін дамыту, оның ішінде металл өндіру, тау-кен өндірісі, химия және тағам өндірісі, түсті металлургия, минерал өнімдері тұрақты түрде табыс әкеліп тұр.

Leave a reply