ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ГАЗБЕН ҚАМТУ ДЕҢГЕЙІ 65,2 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

0
113

Биыл Түркістан облысында 832 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылды. Биыл өңірде 107 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 62 нысанның құрылысы осы жылы аяқталады. Нәтижесінде, 50 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Ал қалған 45 нысанды 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Осы ретте Жаңа жыл қарсаңында Мақтаарал ауданындағы 4 елді мекенге газ берілді.
Бұған дейін Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округіне қарасты 4 елдімекенге газ берілген болатын. Аталған округке қарасты тағы 4 елдімекен көгілдір отынға қосылды.


Қазан айынан бастап Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Аталған округке қарасты Мақтажан, Иіржар, Азамат және Алаш елді мекендеріне табиғи газ беріліп, ауыл тұрғындары бұл хабарды үлкен қуанышпен қабыл алды.

Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, Жаңа жылдан кейін қалған 1 елдімекенге де газ берілетінін жеткізді. Осылайша Иіржар ауылдық округіне қарасты елдімекендер толықтай газбен қамтылмақ.

Ауыл тұрғындары шынайы ризашылығын айтып, Мемлекет, облыс, аудан басшылығына және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлеріне алғысын білдірді. Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 миллиард 182 миллион теңге бөлінген болатын.
Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елді мекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 8 елдімекенге газ берілген ауданның газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетті.

2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елдімекенге 1,9 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 1,3 миллиард теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын «Мақтаарал» газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды.

Leave a reply