КЕНЕСАРЫ ХАННЫҢ ҚҰРАН КІТАБЫ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНЕ ҚОЙЫЛАДЫ

0
132
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауында жаңа қоғамдық институт – Ұлттық құрылтай құруды ұсынып, алғашқы кездесуін Ұлытауда өткізген болатын. Ал биыл киелі біздің Түркістан өңірінде өтті. Бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі, рухани астанасы саналатын Түркістанда рухани құндылықтарымызды дәріптеу мен дамытудың бағыт-бағдарлары айқындалуы заңды деп санаймын.
Қазақтың қасиетті топырағында өткен Ұлттық құрылтайда оның мүшелері қазіргі авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету, отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғап, талантты жастарды қолдау, креативті индустрияны дамыту тақырыптарын көтерді.
Әсіресе, ауылдық жерлерде кітапханалардың, мұражайлардың, мәдени орталықтардың жұмыс істеуіне көңіл бөлу мәселесіне мән берді, жас ұрпақты тәрбиелеуде олардың бойында салауатты өмір салтын, еңбекқорлықты, білімге ұмтылысты, патриотизм құндылықтарын қалыптастыру қаралды.
Құрылтайда белгілі болғандай, елімізде әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылғаны айтылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұны еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға екенін атап өтті.
«Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді.
«Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды. Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені, бұл – бүкіл елге ортақ қазына», деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал екендігін атап өтті.
“Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн.Енді мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет.Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз.Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады. Біз мемлекеттік наградалар жүйесін де осы тәсілмен өзгертуіміз керек. Көптеген мемлекеттің орден-медальдарына көрнекті тұлғалардың есімі берілген. Мұндай қадамдар отаншылдық рухты асқақтату үшін қажет. Сондай-ақ тарихта өшпес із қалдырған әйгілі адамдардың есімін ұрпақ санасына сіңіру үшін керек. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру кезінде бұл тәжірибені байыппен пайдаланған жөн.Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді.Мен бұған дейін «Ел бірлігі» атты жаңа мемлекеттік награда әзірлеп, бекітуді тапсырдым. Алдағы Республика күнінде бұл марапат алғаш рет тапсырылады. Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады”, деді.
«Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік», деп сөзін қорытындылады ел Президенті.
Одан бөлек, президент қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды екендігін айтты.
“Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек. Жалпы, талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды. Алайда құзырлы органдардың отандық «ақыл-ой орталықтарымен» және консалтинг компанияларымен қарым-қатынасының тиімділігі төмен. Олардың қызметіне қажет болғанда ғана жүгінеді. Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейді. Олар нақты бір мәселемен тиянақты айналыспайды. Көбінесе бір-бірінің жұмысын қайталайды. Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады”, дейді. 

Сонымен қатар, еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту екендігіне тоқталды.

 

“Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді. «Аманат» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергенін білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет”, деді.

 

Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс.

 

“Мен аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету ісіне ерекше мән беремін. Былтыр Президент сайлауынан кейін, ең алдымен, ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салатын болады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай-күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни, мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды. Қоғамда жиі көтерілетін тақырыптың бірі – мемлекеттік тіл. Осы мәселе бойынша пікірімді тағы да айтайын. Жалпы, елімізде тіл саясаты байыппен жүргізіліп жатыр. Түрлі этнос өкілдерінің өз тілінде сөйлеуіне барлық жағдай жасалған. Осы ұстаным өзгермейді. Бұл – ішкі тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз. Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тілдің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде, дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз”, дейді.

 

Бүгінде қазақ тілі креативті индустрияның тіліне айналды. Мысалы, «Аватар» сияқты әлемге белгілі фильмдер қазақша сөйлеп жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты жастарымыз да қазақ тілін дүние жүзіне паш етуде, тілімізді өнерімен, еңбегімен, яғни нақты ісімен дәріптеп жүр. Бұл – біздің жастарымыздың саналы таңдауы. Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қазақ тілі барша Қазақстан халқын ұйыстыратын басты құндылықтың бірі ретінде дами береді. Бұған ешқандай күмән болмауға тиіс. Ең бастысы, тіл саласындағы біздің бағдарымыз – айқын, баршаға түсінікті.

Қайрат Зайнишев,
Журналист

Leave a reply