Түркістан облысында өлтірілген 5 жасар қыздың әкесі: «Қызымның жеті-сегіз жерінен пышақтап, жауыздықпен өлтірген»

0
108

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында жоғалып кетіп, кейін өлі табылған бес жасар қыздың денесінде зорлық-зомбылық іздері қалған. Бұл туралы Infonews.kz сайты Азаттық басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Анасының сөзінше, кішкентай қызы 13 шілдеде түсте үйінен шығып, артынша жоғалып кеткен.

– Сағат 13:04 кезінде үйден шықты. Шамамен 6 минуттан соң таба алмай қалдым. Төңіректі түгел шолып, ауыл араладық. Ауыл адамдарды жабылып іздеуге кірістік, – дейді ол.

Сәбидің әкесі бұрын сотталған көршісінен күдіктеніп, оның үйіне екі рет барғанымен, қызын таба алмаған. Бір топ адам көршісінің үйіне үшінші рет барғанда қыздың көйлегін көріп қалып, үйді толық тінтіген.

– Қызымның денесін кешкі сағат тоғыз шамасында шатырдан таптық. Сау-тамтығы қалмаған. Ойына келгенін істеп, жеті-сегіз жерінен пышақтап, асқан жауыздықпен өлтірген, – деді баланың әкесі.

Өлген сәбидің ата-анасы қазір күдікке ілініп отырған көршісімен араздығы болмағанын, аралас-құраластығы да жоғын айтты.

– Бұрын сотталғанын, кейін тағы бір ауыр қылмыстық істен құтылып кеткенін білетінбіз… Құқық қорғау органдары қылмыскерді лайықты жазаласа осындай сұмдық болар ма еді? Оны бостандыққа шығарып жіберген қызметкерлерді тауып, жазалауды талап етемін! – деді қайғыдан қан жұтып отырған әке.

Сәбидің әке-шешесінің айтуынша, ауыл адамдары кісі қолынан өлген қызды тапқанда полиция да келіп, оны Сарыағаш ауданымен іргелес Келес ауданының мәйітханасына әкеткен.

Күдіктіні де қамауға алған. Алайда күдіктіні әкетіп бара жатқанда полиция мен ауыл тұрғындары арасында қақтығыс болған. Ашу-ызаға берілген жұрт күдіктіні өздеріне беруді талап етіп, наразылық білдірген.

Қазір Жібек жолы ауылының кіреберісін, мерт болған бес жасар қыздың үйін және күдіктінің үйін полиция күзетіп тұр. Бес жасар сәби бүгін, 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 14-те жерленеді.

Жібек жолы ауылында бес жасар сәбидің кісі қолынан мерт болғаны және ауыл тұрғындарының наразылығы туралы ақпарат әлеуметтік желіде түнде тарап, таңертең ресми органдар әлгіндей оқиға болғанын растады.

Журналист Михаил Козачков телеграм-арнасына осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін видео жариялады. Журналист видеоға “2018 жылы туған қыздың денесі жергілікті тұрғынның үйінен табылған. Ауыл адамдары күдіктіні полициядан тартып алуға тырысқан, бірақ полиция күдіктіні алып кеткен” деген түсініктеме жазған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы (“Адам өлтіру”) бойынша іс қозғалып, тергеу басталғанын хабарлады.

Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, Жібек жолы ауылында интернет ажыратылған. Түн ішінде осы ауылдағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара пункті жабылған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне Сарағаштағы бес жасар қыздың өліміне байланысты оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған.

Ақорданың мәліметінше, күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін 10 жылға сотталған. Биыл сот “адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін” күдіктінің бостандығын 3 жылға шектеген.

Leave a reply