Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған

0
109
 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары халық игілігіне бағытталған. Биылғы жолдаулар, саяси саладағы өзгерістер, Үкіметке жүктелген тапсырмалар – бәрі де халық үніне құлақ асатын, елге қызмет көрсетуші мемлекет орнықтыру міндетінен туындап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жылда еліміздің орман қорында 2 миллиардтан астам, ал елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызуды айтқан болатын. Осы бағытта Түркістан қаласында жасыл алқап көлемін ұлғайту жұмыстары жүзеге асуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саладағы жұмыстарды қадағалап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев пен орман саласының басшыларымен бірге «Жасыл белдеу» нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Ең алдымен өңір басшысы жалпы жер көлемі 268,0 гектарды құрайтын Қарашық өзенінің жоғарғы жағындағы Бірлік ауылына барды. Мұнда 2019-2020 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Шамамен 350 мың данадан астам әртүрлі жапырақты ағаш көшеттері егілген. Бүгінгі таңда көнімділігі – 70-80 пайыз.
Одан соң жалпы ауданы 120,0 гектарды құрайтын орман тұқымбағында болды. Қазіргі таңда 33,0 гектар жерге 2022-2023 жылдары әртүрлі ағаш-бұта тұқымдары себілсе, оның 4 гектар жеріне тамшылатып суғару жүйесі орнатылған. Бүгінде 3 миллионнан астам сеппе көшеттері бар. Жер телімдерін аралау барысы Қарашық өзенінің төменгі жағында қорытындыланды. 286 гектар аумаққа 2019-2021 жылдары мәдени екпе отырғызылған. Қазіргі таңда 400 мыңнан астам әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Жауапты басқарма басшысы өңір басшысына жер телімін алу мәселесіндегі түйткілдерді айтып, көшеттердің жерсінуі және көнімділігі ойдағыдай екенін атап өтті. Көнімділігі 65-70 пайызды құрайды. Дархан Сатыбалды «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайымен танысып, жауапты сала мамандары мен ғалымдардың көмегімен бау-бақшалы, жасыл желекке айналдыру керектігін айтып, жұмысты сапалы және кемшіліксіз орындауды тапсырды. Тұрақты суғару, күтім жасау қажеттігін айтты. Бұл жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы маңызы бар жолдардың құрылысын бақылап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді.
Аймақ басшысы, алдымен, облыстық маңызы бар КХ-59 «Түркістан-Қарнақ» автожолында болып, 21 шақырымды құрайтын жолға жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Жол жөндеу жұмыстары Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың мамыр айында басталған. Екі жолақты жолдың құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарлануда. Қазіргі таңда 17,2 шақырым жолға ресайклерлеу, 15,5 шақырым жолға ірі түйіршікті және 13 шақырым жолға майда түйіршікті асфальт-бетонмен тегістеу қабатын салу жұмыстары жүргізіліп, жоспарланған 12 шақырым аяқжолдың 6,4 шақырымы салынды.
– Жыл өткен сайын Түркістанда халық саны көбейеді. Сондықтан жолдарды осы мәселені ескеріп, арнайы жоспармен, стратегиямен салу керек. Қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына оң әсер ететін, көлік кептелісінің алдын алатын, көліктік-логистикалық әлеуетін арттыратын бастамаларды жүзеге асырған жөн. Өндірісті, туризмді дамытуда да сапалы жолдың маңызы зор, – деді Дархан Сатыбалды.
Сонымен қатар Дархан Сатыбалды Түркістандағы Ә.Жангелдин көшесін реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Ә.Жангелдин көшесі – төрт жолақты. Жалпықалалық магистралды жолдың ұзындығы 3,8 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Атқарылып жатқан жұмыстарды тексерген облыс басшысы мердігер мекеме басшыларына жұмысты белгіленген стандарттарға сай, сапалы атқаруды тапсырды.
Өткен жылы облыс аумағында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 2 094,9 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылып, жыл қорытындысымен 645 нысан немесе 1 247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілген. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 87%-дан 92%-ға өсті. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен өткен жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуде негізгі басымдық облыс орталығы мен үлкен елді мекендерді «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен қосатын және туристік бағыттағы жолдарға берілді. Атап айтқанда, Төлеби ауданындағы Қасқасу және Біркөлік елді мекендеріндегі туристтік нысандарға баратын 18 шақырым жолдар толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Отырар ауданындағы Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Отырар ескі қалашығына баратын 16,9 шақырым жол жөндеуден өтті. Сауран ауданы тұрғындарын облыс орталығы Түркістан қаласымен қосатын 52,6 шақырым облыстық маңызы бар жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Түлкібас ауданының Келтемашат, Даубаба және Састөбе бағытындағы 37,6 шақырымды құрайтын жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Қазығұрт ауданындағы Тұрбат, Қақпақ, Қаржан, Жаңабазар елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне қосатын 56,7 шақырымдық күре жолдар орташа жөндеуден өткізілді.
Ордабасы ауданындағы Бадам, Шұбар, Қайнар, Ұялыжар, Теспе елді мекендерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғайтын 53,4 шақырым жолдарда асфальт жабындылары жаңартылды. Бәйдібек ауданы аумағындағы Шаян-Жамбыл, Мыңбұлақ-Нұра, Шалдар-Сарқырама-Бірлік бағыттарындағы 71,4 шақырым жол жөнделіп, халық игілігіне тапсырылды. Жетісай ауданының Сұлубұлақ, Үтіртөбе, Көктөбе елді мекендерін қосатын 11,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтіп, толық пайдалануға берілді. Келес ауданындағы Жаңадәуір, Ынтымақ, 28 гвардияшылар, Диқан, Қазақстан ауылдарын қосатын 15 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Сайрам ауданының Көлкент, Ақсуабад, Әйтекеби және Сайрам, Абдуллабад елді мекендерін жалғайтын 38,2 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, 1 көпірге күрделі жөндеу және 4 көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 2023 жылы автомобиль жолдарының құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жолдар мен көшелер қамтылып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1238,3 шақырымды құрайтын 604 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 503,9 шақырымды құрайды.
Одан бөлек, Түркістан қаласының «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе қалашығына күмбез орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Аталған жұмыстарды жүзеге асыру 2021 жылы басталған. Жоба бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынған. 2022 жылғы республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, толық игерілген. Бұл нысан биыл қыркүйек айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығы туристік орындардың біріне айналмақ. 2022 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген 4 млрд. теңге толық игерілген. Осы арқылы күмбез шатырлары орналасатын жобада қаралған 27 тірек және 303 дана бетон қадаларының бетон жұмыстары толық аяқталған. Күмбездің шет мемлекеттен жеткізілетін металл конструкциялары толық нысанға жеткізіліп, нығайтылған қадалар құрастырылған.
Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілген. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Күлтөбе қалашығы ежелгі Ясы қаласының бір бөлігі болған. Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асып жатыр.
Сондай-ақ, биыл «Түркістан-Абу-Даби» бағытында әуе рейсі ашылады. Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов мәлімдеді. Түркістандағы халықаралық әуежайды дамыту, жұмысын жандандыру мәселесі талқыланды. Онда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов әуежайдың қазіргі жай-күйі мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады.
Бүгінгі таңда Түркістан әуежайынан Ыстанбұл және Эль-Кувейт қалаларына халықаралық бағыт жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе және Орал қалаларына да тұрақты рейстер бар. «Turkish Airlines», «Jazeera Airways», «FlyArystan», «Scat», «Qazaq Air» және «Южное небо» әуе компаниялары қызмет көрсетуде.
Алдағы уақытта Түркістан қаласынан халықаралық әуе рейстерін ашу, Өскемен, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Үшарал қалаларына субсидияланатын әуе рейстерін ұйымдастыру жоспарланған. Астана және Астана қалаларына қолданыстағы рейстер саны ұлғайтылды. Биыл қазан айында «Түркістан-Абу-Даби» бағытын ашу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Басқосуда облыс әкімі Дархан Сатыбалды заманауи әуежайдың мүмкіндігі мен әлеуеті толық қолданылмай отырғандығына тоқталды.
«Халықаралық және ішкі бағыттарды көбейту керек. Шетелдің ірі әуе компанияларымен байланыс нашар. Әуежай жұмысын туризм саласымен байланыстыра дамытуды ұсынамын. Жауапты басқармамен бірлесе жұмыс атқарып, туристер санын арттырған жөн. Түркістан халықаралық әуежайының логистикалық әлеуетін де арттырып, жүк тасымалын ұлғайту маңызды. Әуежайдың даму жоспары, стратегиясы болуы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, Түркістан әуежайының жолаушылар ағыны 2022 жылы 373,8 мың жолаушыны құраған. Оның ішінде 81,3 мың адам халықаралық рейспен ұшса, ел ішінде 292,5 мың жолаушы тасымалданған. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24%-ға артқан. Жолаушылар тасымалы бойынша Түркістан әуежайы республикада 7-орында тұр.

Leave a reply