Президент Жарлығына сәйкес аудан әкiмдері тұрғындармен кездесуде

0
137
Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев: “Барлық деңгейдегі әкiмдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсiн. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, проблемалық мәселелерді шешудiң жолдары мен мерзімдерін түсіндірсiн,”-деп әкiмдерге тапсырма берген болатын.Осы орайда Президент Жарлығына сәйкес Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «МПС» тұрғын алабында болып, сонда тұратын азаматтармен кездесті. Кездесуге бірқатар сала басшылары мен бірге аталған округтен сайланған қалалық мәслихат депутаты Алмас Шүкірбековте қатысты. Ашық аспан астында, еркін форматта кездесуге жиналған халық жол салу, қоғамдық көлік, балалар ойын алаңшалары, тұрмыстық қалдықтарды жинау, тұрғын үй ауласын абаттандыру сынды мәселелерді айтты. Шаһар басшысы аталған тұрғын алабтағы барлық мәселе назарында екенін, қаржы мүмкіндігіне қарап кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
«Бүгінгі таңда жеке инвестор есебінен «МПС» тұрғын ауданында құны 280 млн теңгені құрайтын жаңа саябақ құрылысы жүргізіліп жатыр. Жақында пайдалануға беріледі. Мұнда саялы ағаштар отырғызылған, бәрі де аутоматты суару жүйесіне қосылған. Екі заманауи спорт алаңшасы, орындықтары мен төбесі жабық демалыс аймақтары болады. Сөзсіз, қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының бірі болады деп сенемін. Барлық жұмыстар тұрғындар игілігі үшін жасалынуда», деді Гүлжан Мамытқызы.
Кездесуде тұрғындар үй аулаларына жарықшамдар орнатылса деген тілектерін айтты. Шаһар басшысы тиісті бөлім басшысына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қаржы мүмкіндігіне қарай орнату керектігін айтты.
«Өздеріңіз көріп жүргендей, кезең-кезеңмен қаламызда ажарланып, абаттанып келеді. Өкінішке орай, кейбір азаматтар ағаштарды бүлдіріп, жарықшамдарды сындырып, саябақ іштерін ластап кетіп жатыр. Сондай бұзақылармен қоғам болып күресуге шақырамын. Арыс ортақ мекеніміз болғандықтан, бұзушылық көрген жағдайда дереу құзырлы органдарға хабар беріңіздер», деген қала әкімі арыстықтарды қоғамдық тәртіпті орнатуға бір кісідей атсалысуға шақырды. Кездесу жиналған жұрт қала әкімдігіне алғыстарын білдіріп, алда атқарылар жұмыстарға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар,  Гүлжан Құрманбекова Дермене ауылындағы балық шаруашылығымен айналысатын «DermeneAgroGroup» серіктестігінің жұмыс барысымен танысты. Балық шаруашылығын аралап көрген қала әкімі ішкі нарықта қолжетімділікті арттыру үшін шаруаларға әкімдік тарапынан қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасатындығын жеткізді. Аталған серіктестік өткен жылы 6 жасанды тоғанға сазан тұқымдас тұқы шабақтарын жіберген. Орташа есеппен 72 грамды құраған шабақтардың салмағы бүгінде 1 кг-ға жеткен. Осыған орай, балықтар сыйымдылығы 10 мың текше метр құрайтын жасанды көлге ауыстырылған. Арнайы жемнің арқасында тез жетілетін балықтар күзде ішкі нарыққа сатылымға шықпақ. Бүгінде үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған дерменелік кәсіпкер мемлекеттік қолдау арқылы шаруашылығын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отыр.
Одан соң, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Әбдіразақов көшесіндегі №49 көпқабатты үй тұрғындарымен кездесті. Үй иелерінің ұсыныс-пікірін тыңдауға қала әкімі өзі келген соң, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді қала басшысының назарына ұсынды. Олардың қатарында көпқабатты үйлердің сыртын әрлеу, жарықшам салу, жылу жүйесі, подъездерді жөндеу сияқты мәселелер бар. Барлық тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініш-тілектерін тыңдап болған соң шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова өзінің жауабын берді.
– Сіздердің көтеріп отырған мәселелеріңіз өте орынды. Алайда біз бұл үйлер жеке болғандықтан кондоминиум объектілерді жөндеуге қаржы бөле алмаймыз. Бұл жұмыстарды модернизациялау арқылы бітіре аламыз. Бұл дегеніміз бюджеттен қаржы бөлініп, Сіздердің үйлеріңіз жөнделеді. Ал ол қаржыны тұрғындар ай сайын аз мөлшерде төлеу арқылы бюджетке қайтарады. Осындай жол Сіздер үшін өте тиімді. Себебі, барлық жұмыстардың басы қасында өздеріңіз боласыздар, – деді Гүлжан Мамытқызы.
Кездесуде тұрғындар көпқабатты тұрғын үй алдындағы ойын алаңшаларында түнгі уақытта маскүнемдер көп жиналатынын айтып шағымданды. Олар ішімдік ішіп, қоғамдық орындарды ластап кететін көрінеді. Шаһар басшысы бұл мәселе ортақ екенін айтып, бұзақылармен бірлесе күресу қажеттігін атап өтті. Қоғамдық тәртіпті елемей, түн тыныштығын бұзған азаматтарды көрген жағдайда дереу полицияға шағымдану керектігін атап өтті.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова Әйтеке би көшесі бойында орналасқан тұрғын үй жұртымен кездесті. Қала әкімінің келгенін көрген тұрғындар өздерінің сұрақтарына жауап алып қалуға тырысты. Тұрғындар бірқатар тұйық көшелерге жол салынбай қалғандықтан, көктем мен қыс мезгілдерінде балалардың мектеп пен балабақшаға баруы қиыншылық туғызатын айтып, жол салынса деген тілектерін жеткізді. Қала әкімі тұрғындармен бірге ол көшелерді аралап, мәселенің мән-жайымен танысты. Алдағы уақытта қаржының мүмкіндігіне қарап, асфальт салу, кейбіріне гравий тас төсеу, тұйық көшелерге жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесін шешуді қарастыратынын айтты. Сондай-ақ, тұрғындар қоқыс төгу алаңдарының мәселесін шешіп беруді сұрады. Себебі, бірнеше жеке сектор мен қосқабатты тұрғын үйлерге ортақ қоқыс алаңдарына әркімде келіп, тұрмыстық қалдық тастауға құмар. Осыған байланысты, қала әкімі әр тұрғын үй тазалықпен айналысушы мекемемен келісім шартқа отырып, тұрмыстық қалдықтарды кестеге сәйкес шығару керектігін айтты. Ал, ортақ қоқыс жәшіктері алынып тасталады. Өз кезегінде тұрғындар, қала әкіміне бағасы қалтаға тиімді қоғамдық көлік жүргізілгеніне ризашылықтарын жеткізіп, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.
Бұдан бөлек, Гүлжан Құрманбекова қайта жаңғыртылып жатқан Теміржолшылар саябағына барды. Мұнда қазіргі уақытта қайта жаңғыртудың екінші кезеңі басталмақ. Шаһар басшысы Арыс келбеті қайта абаттанған тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін атап өтті. Алдағы уақытта аталған саябақтың келбеті түгелдей өзгеріп, көрікті де қолайлы демалыс орнына айналмақ. Мұнда балалар ойын алаңшалары, воркаут аймағы, сондай-ақ скейт парк аймағын ашу жоспарлануда.
«Теміржолшылар саябағы – тұрғындар отбасымен және достарымен уақыт өткізуге, жаңа аттракциондарға мінуге, аллеяларда серуендеуге және таза ауада спортпен шұғылданатын сүйікті орнына айналуы тиіс. Сондықтан, саябақты жаңғыртудың екінші кезеңін сапалы әрі уақытылы аяқтау керек,» – деген қала әкімі тиісті жұмыстарды қала күні мерекесіне орай тапсыру керектігін айтты.
Бұдан бөлек, саябақтың ішін-сыртын күтіп ұстауды жұмыстарын ширату керектігін де баса айтты. Айта кетейік, бұған дейін қараусыз қалған саябақ қала әкімі Гүлжан Мамытқызының тапсырмасымен қайта жаңғыртылуда. Мұнда бүгінгі таңда сыртқы жарықтандырылуы, жаяу жүргінші жолы, гүлзарлар мен газондар түгелімен жаңғыртылып, түрлі ағаштар отырғызылған. Шағын архитектуралық формалар, мүсіндер, орындықтар, қоршаулар, жәшіктер жаңартылған.
Сонымен қатар, Президент Жарлығына сәйкес Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов халық алдындағы кезекті есептік кездесуін Түлкібас кентінде өткізді. Дәстүрлі жиында кент аумағындағы өзекті мәселелермен қатар, тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді қанағаттандыру мақсатындағы алдағы атқарылатын жұмыстар барысы талқыланды. Аудан басшысы кент кесіндісінде атқарылатын жұмыстарды қысқаша баяндап, алдағы уақытта Иірсу елді мекенінің шегінен 10 гектар аумаққа инженерлік инфрақұрылым тартылатындығын мәлімдеді. Бұл жерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 76 жер телімі қарастырылатын болады.
Кездесуде аудан басшысына Өзбеков көшесінің бойындағы екі көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары кәріздік жүйенің істен шығып, әбігерге салып жатқаның айтқан болатын. Аудан басшысы жиыннан соң мәслихат төрағасы мен депутаты және жауапты мамандармен бірге аталған үйге арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Кезек күттірмейтін мәселені тез арада шешу мақсатында Нұржан Жақсылықұлы кент әкімі мен жауапты бөлім басшысына тиісті жобалық сметалық құжаттарды әзірлеп, қос көпқабатты үйге қосымша кәріз жүйесін жүргізу бойынша тиісті шараларды атқаруды тапсырды.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданына қарасты Түлкібас кентіндегі әк зауыты кеңес одағынан бері өз жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде тәулігіне 70 тонна әк өндіретін өндіріс ошағында, екі ауысыммен 90 адам жұмыс атқарып отыр. Аталған өндіріс ошағы биылғы жылы жалпы құны 500,0 млн теңгеге әк өндіру, суландыру және ұнға айналду жүйелерін іске қосу, қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, қосымша 100 жұмыс орнын ашуды көздейді. Осы орайда, әк зауытына ҚР Парламент сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Болатұлы және Алишер Сатвалдиев аудан әкімінің орынбасары Марат Жанесенмен бірге барып, өндіріс ошағының бүгінгі жағдайымен танысты. Өндіріс ошағын модернизациялау үшін қаражаттың жетіспейтіндігін айтқан әк зауытының өкілдері депутаттардан осы жағдайға байланысты қолдау көрсетіп, тиісті шараларды қабылдауды өтінді. Әли Бектаев бастаған депутаттар бұл мәселе бойынша жұмыстар атқарылып, тиісті мекемелер мен министрліктерге ұсыныс-хаттар жолданатынын жеткізді.
Сонымен қатар, депутаттар Түлкібас әк зауыты аумағында Түлкібас кенті халқымен еркін форматта жиыналыс өткізіп, көптің көкейінде жүрген қордалаған мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беріп, заң аясында жұмыстар атқарылатынын мәлімдеді. Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, ел игілігі үшін жұмыс атқарып жүрген халық қалаулыларына толағай табыстар тіледі.
Одан бөлек, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов бекітілген кестеге сәйкес есептік кездесуін Ақбиік ауылдық округінде өткізді. Дәстүрлі жиында ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген өтініш-ұсыныстарын жеткізіп, қанағаттандырарлықтай жауап алды. Жері құнарлы Түлкібас ауданы бау-бақша егуге қолайлы аймақ. Осыны ескере келе аудан басшысы тұрғындарға осы бағытта жұмысты жандандыруды ұсынды. Сонымен қатар Нұржан Жақсылықұлы соңғы жылдары су тапшылығы өзекті мәселеге айналып келе жатқаның алға тартып, шаруаларға суды үнемдеуге бағытталған технологияларды барынша қолдануға шақырды. Кездесуден соң аудан басшысы жеке мәселесімен жүгінген «Қуаныш» шаруа қожалығының төрағасын қабылдап, жер қатынастарына қатысты өтінішін қанағаттандыру мақсатында тиісті бөлімге нақты тапсырмалар жүктеді. Содан соң, аудан басшысы округ депутаты, ауыл тұрғындары және жауапты мамандармен бірге кездесуде көтерілген мәселелер бойынша насандарды аралап, ондағы проблемалардың шешу жолдарын талқылады. Нұржан Жақсылықұлы жиында көтерілген барлық мәселе шешімін тапқанша бақылауда тұратындығын жеткізді.

Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың кезекті халық алдындағы есептік кездесуі Кемербастау ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиында аудан әкімі округ кесіндісіндегі атқарылған және атқарылатын жұмыстар бойынша баяндамасынан соң, округтің әлеуметтік-экономикалық да¬муына қатысты тұрғандардың көкейіндегі маңызды мәселелер жан-жақты айтылып, бола¬шаққа бағыт-бағдар жасалды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық ұсыныс-өтініштер назарға алынып, алдағы жұмыс жоспарына еңгізілді. Нұржан Жақсылықұлы округтегі өзекті мәселенің бірі ішкі жолдарды жөндеу мәселесіне бірінші кезекте басымдық берілетінің жеткізіп, келесі жылға «Ауыл Ел-бесігі» бағдарламасына еңгізу бойынша тиісті шаралар атқарылатының атап өтті.

Ауданның шығыс қақпасында орналасқан Шақпақ ауылдық округінде соңғы 2-3 жылда тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су, аяқ жол, автожолға қатысты өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселең, өткен жылы округ орталығының тозығы жеткен ауыз су құбыры толығымен жаңартылып, тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау үшін күре жолдың бойына аяқ жол құрылысы және асфальт жабындысы төселмеген көшелерді жөндеу жұмыстары бастау алған болатын.
Бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың Шақпақ ауылдық округі тұрғындарының алдындағы ІІІ-тоқсанға жоспарланған есептік кездесуі барысында тұрғындар тарапынан көтерілген негізгі мәселенің бірі жоғарыда айтылған құрылыс жұмыстары барысында назардан тыс қалып кеткен кемшілік тұстар болды.
Аудан басшысы аталған мәселені түбегейлі шешу мақсатында жауапты бөлім басшысына ауыл белсенділерімен бірлесіп жұмысшы топ құрып, әр нысандағы кемшілік тұстары бойынша АКТ түзіп, жауапты мердігерге Заң аясында қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстарды атқартуды тапсырды. Барлық нысанның сапасы талапқа сай болу керектігін ескертті.

Бұдан бөлек дәстүрлі кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан ағын су, ескірген электр бағаналарын ауыстыру, интернет және білім саласына қатысты мәселелер айтылып, Нұржан Жақсылықұлы және жауапты мекеме басшылары тарапынан назарға алынып, жауап берілді. Аудан әкімі есептік жиынды пайдаланып, көптен бері жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген ескі спорт мектебінің орнына жаңа ғимарат соғу мәселесі облыс әкімінің тікелей қолдауымен іске асуы жоспарланып жатқаның жеткізіп, биылғы жылы жобалық сметалық құжаттары дайындалатының атап өтті.
2023 жылы округ аумағында іске асатын жобалар Жер кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында 29 га жерге инфрақұрылым тарту жұмыстары жоспарлануда. Нәтижиесінде 173 жер телімі беріледі деп күтілуде. Айымбетов көшесін жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталады деп күтілуде. Бағысбеков көшесіне аяқ жол салу жұмыстары өтпелі іске асады. 25 адам қабылдауға шақталған дәрігерлік амбулатория құрылысының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан тұрғындарымен кезекті жеке қабылдауын өткізді. Қабылдауда болған азаматтар тарапынан көтерілген тұрғын-үйге, ауыз су, ағын су, мемлекеттен қайтарымсыз гарнт алу, туризм саласын дамыту мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, жұмысқа орналасу, жер қатынастарына қатысты мәселелер бойынша аудан басшысы қолданыстағы заңдарға сәйкес нақты жауап беріп, тұрғындар өтініштерін қанағаттандыру мақсатында тиісті орынбасары мен бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Кейбір мәселе бойынша арнайы жұмысшы топ құрып, толық зерделеп, ұсыныс әзірлеу қажетігін атап өтті. Ауданда туризм саласын дамыту ұсынысымен келген «Замир» қоғамдық бірлесігінің президенті Рустем Егенбердиевтың бастамасына Заң талаптарына сай қолдау көрсетілетіндігін жеткізіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.

Сонымен қатар, Нұржан Ізтілеуов жауапты орынбасары және тиісті мекеме басшыларымен бірге Қараағашты елді мекенінде орналасқан Ақ-бұлақ облыстық балаларды оңалту орталығында болып, ғимараттардың жағдайын және ондағы ем алып жатқан балаларға көрсетіліп жатқан қызмет сапасын бақылады. Жалпы 7,54 гектар жерді алып жатқан медициналық нысан 200 балаға қызмет көрсетуге шақталған. Бүгінгі таңда Түркістан облысының аудандары мен Шымкент қаласынан 126 бала неврология, ортопедия және соматикалық бөлімдерде ем-домдарын алуда. 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен нысан, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Аудан басшысы оңалту орталығының ғимараттырын толық аралап шығып, бас дәрігерге ем алушы балалардың ата-аналары тарапынан түсіп жатқан шағымдар бойынша тиісті жұмыстар атқару керектігін ескертіп, нысанға кіре-беріс жеріне асфальт жабындысын төсеу, жарықтандыру сынды мәселелерге қолдау көрсететіндігін жеткізді.

Одан бөлек, бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков Атакент кентінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Жиын барысында Бейсенбай Тасболатұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесуде халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, кенттегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті. Жиын соңында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар спикерге өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Б.Төребеков мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап беріп, кезек күттірмейтін мәселелер шешімін табатынын айтып түсіндірді. Сонымен қатар, мәселесін жеке айтамын деген тұрғындар үшін жеке қабылдау өткізді.

Сонымен қатар, бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков А.Қалыбеков ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Жиын барысында Бейсенбай Тасболатұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесуде халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, округтегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті. Жиын соңында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар спикерге өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Б.Төребеков мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап беріп, кезек күттірмейтін мәселелер шешімін табатынын айтып түсіндірді. Сонымен қатар, мәселесін жеке айтамын деген тұрғындар үшін жеке қабылдау өткізді.

Leave a reply