ПРЕЗИДЕНТ РЕФОРМАСЫ: ТҮРКІСТАНДА «АУЫЛ АМАНАТЫ» БОЙЫНША 129 ЖОБА ҚАРАЛУДА

0
110
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте халықтың табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие 7 жылға дейін берілуде. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен өңірімізге 19,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасының 6 бағыты бойынша (Тұрғындардың өз кәсібін ашу) жалпы 978,8 млн. теңгеге 129 жоба қаралып жатыр. «Ауыл аманаты» бойынша кәсіпкерлік бағытына кәсіпкерлерді баулу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен арнайы құрылған жұмысшы топтар өз жұмысын бастады. Облыс әкімінің орынбасар Н.Көшеровтің бақылауымен жұмысшы топтар 2-8 тамыз айы аралығында барлық аудан және қалаларды аралайтын болады. Құрамында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Түркістан» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және «Ырыс» қаржы институтарының өкілдері бар. Жұмысшы топтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді «Ауыл аманаты» жобасының 6-бағыты, яғни кәсіпкерлік бағытына баулу, қаржылай қолдау шараларын кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру.
Жұмысшы топтар алғашқы кездесулерін өңіріміздің Сауран, Созақ, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалаларынан бастады. Жұмысшы топтардың тұрғындармен кездесуінде кәсіпкерлік мақсаттағы профнастил, тері және жүн өнімдерін қайта өңдеу, газоблок, шлакоблок және лего кірпіш өндірісі, сабын, сұйық сабын өндіру, жиһаз жасау, ағаш цехін ашу, құрылыс қолғап өндірісі және құрылыс материалдарын жасау сынды жобалары талқыланды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен пайдасы және шығыны есептелген кәсіпкерлік мақсаттағы 50 әлеуеттік бизнес жоба кәсіпкерлер назарына таныстырылды. Жұмысшы топ жиында көтерілген әрбір жобаны тізімге алып, оларды қаржыландыру деңгейіне дейін сүйемелдейтін болады. Жиын соңында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары кәсіпкерлерді кіші өндірістік жобаларды бастауға, ауыл шаруашылығынан басқа табыс табудың қосымша көздерін ашуға шақырып, шеңберінде қолдау көрсетілетінін қайталап атап өтті. Кәсіпкерлермен кездесу атқарушы билік пен бизнес арасындағы есеп беру түрінде емес, қаржылай қолдау алу процессі егжей тегжейлі талқыланған, жүйелі проблемалық мәселелер ортаға салынған кездесу түрінде өткенін атап өткен жөн.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыс тұрғындарымен есептік кездесуі кезінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бірқатар сын айтылуына байланысты облыс басшысының тапсырмасымен бағдарламаның іске асыру барысына талдау жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше кемшіліктерге жол берілгені анықталды. Енді оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мәлімденді. Облыс әкімінің аппарат басшысы Еркеғали Әлімқұловтың баяндауынша, облыс әкімі аппаратынан жұмыс тобы құрылып, олар бағдарламаға қатысатын 64 ауылдық округті аралап шыққан. Несие алушылардың арасында 18 сұрақтан құралған анонимді сауалнама жүргізілген. Тұрғындармен сөйлесу кезінде жобаға қатысқан 340 тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығы бағытын таңдағаны анықталған. Несие алып, кәсіп ашуға бел буғандардың арасында Ырыс микроқаржы ұйымы тарапынан кепілге қойылатын мүліктің тәуелсіз бағалаушы мекемелер бекіткен бағадан төмен бағалауы да кері әсерін тигізуде. Халыққа түсіндіру жұмыстары да төмен деңгейде жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар қосымша шығындарға ұшырауда. Талдау қорытындысымен танысқан облыс әкімі жауаптыларға қатаң ескерту жасады. «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша нақты шаралар қабылдауды, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
– Мен халықпен кездесуде осы «Ауыл аманаты» бойынша бағдарламаның жүзеге асу барысын білу үшін халықтың өзінен сұрап отырдым. Сонда несие алғандардан қандай қиындықтардың болғанын білдім. Жерлестеріміздің шағымы көп. Атап айтқанда, тұрғындар рәсімдеу кезінде құжаттардың созбалаңға салынуы, олардың тізімінің тым көптігі, қаржыландырудың төмендігі секілді кедергілерге кезігуде. Халықтың талабы орынды. Қолдан кедергі жасалынғандай. Халыққа түсірдіру керек. Ал, бізде аудан әкімдері өзімен өзі, бағдарламадан тыс қалып, қарап отыр. Ауыл әкімдерінің халықпен байланысы жоқ. Бағдарламаның жүзеге асуына кедергі болғандар анықталып, оған жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қаралады,-деді облыс әкімі.
Бағдарламаның жүзеге асу барысы облыс әкімінің жігі бақылауында. «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Пилоттық жоба бойынша несиелендіру өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары секілді 6 бағытта жүзеге асырылады. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Бағдарламаның іске асырылуы тұрғындарды жұмыспен қамту арқылы жеке табысын ұлғайтуға, ауылдардағы мүлікті және бизнестің жаңа субъектілерін тіркеу арқылы 4-деңгейдегі бюджеттің салық базасын ұлғайтуға, толық циклді қайта өңдеу өндірістерін құру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Leave a reply