Президент реформасы: Халықты толғандыратын мәселелерге баса назар аударылып жатыр

0
122

Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев: «Барлық деңгейдегі әкiмдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсiн. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, проблемалық мәселелерді шешудiң жолдары мен мерзімдерін түсіндірсiн,»-деп әкiмдерге тапсырма берген болатын.Осы орайда Президент Жарлығына сәйкес Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Кентау қаласында жалғасты. Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттары түсіндірілуде. Өңір басшысы тұрғындарға жүргізілген жұмыстардың қорытындылары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы есеп берді. Өңірдің даму көрсеткіштері мен аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша баяндады.

– Біз сіздерге қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Өздеріңізбен биыл ақпан айында кездескен болатынбыз. Сол кезде қаланың маңызды мәселелері көтерілді. Оларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тұрғындар көтерген көпқабатты тұрғын үйдің ауласына «Воркаут» спорт алаңдары осы жылы пайдалануға беріледі. Лоток және дренаж жүйелерін салу мәселесі бойынша 11 ұңғыма қазылып, су бұру бойынша 6 шақырымға монтаждау жұмыстары жүргізілді. Жұмыстар жалғасуда. Қаратау мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізу сұралған болатын. 8 шақырым кәріз жүйесін және 11 шақырым жол салдың құрылысы 1,7 млрд. теңгені құрайды. Бұл бойынша Ұлттық экономика министрлігімен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді. Бірақ, өзекті мәселелердің барлығы өз шешімін табатын болады,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарды тікелей облыс әкіміне қойды. Дархан Сатыбалды әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Уәкілетті органдардың басшыларына тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуді тапсырды.
– Мен проблемалардан хабардармын. Көтерілген мәселелер бойынша шешім шығарылады. Кентаулықтар үшін тағы бір күрделі мәселе – жылыту мәселесі. Әбден тозығы жеткен жылу орталығына жыл сайын қазынан қыруар қаражат бөлінеді. Кентауды сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін 6 жылу қазандықтарын, подстанцияларын, 21 шақырым магистралдық жылу құбырларын, 81 шақырым ішкі орамдық жылу құбырларын қайта құру жұмыстарын 3-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда 3,8 млрд. теңге бөлініп, 5 шақырым құбырлар жаңартылуда. Дәл қазір сол жұмыстарды көріп, тиісті тапсырмалар бердім. Жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Жылу электр орталығын қайта құру үшін 3 млрд. теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Келешекте жылу орталығын газға ауыстыруды көздеп отырмыз, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімі атап өткендей, Кентаудың даму әлеуеті зор. Шаһарда жаңа кәсіпорындарды ашу үшін индустриалды аймақ құрылған. Аймақ жол, жарық, ауыз су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде ол жерде 4 млрд. теңгенің 11 жобасы орналасқан, 270 жұмыс орны ашылған. 71 млрд. теңгеге 7 өндірісті іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Бұл бюджеттің салық түсіміне оң әсер етеді. Көпқабатты тұрғын үйлер салынып, 377 тұрғын үй сапалы инфарқұрылым жүйесімен қамтылады. Апатты деп танылған 47 кентаулық азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 451 млн. теңге бөлініп, баспана сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 55 көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл – аманаты» пилоттық жоба аясында сүт, құс шаруашылығы және етті бағытты дамыту бойынша 3 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды. Жалпы 86 мүшеден құрылған кооперативтерден құжаттар қабылданды. 18 жоба 112 млн. теңгеге мақұлданды. 6-шы бағыт «Өз кәсібін бастау» бойынша 18 жоба қаржыландырылды.
Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі кентаулықтардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Облыс әкіміне сұрақ қойған тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту жайлы мәселе көтеріп, қаланың тазалығына қатысты сын айтты.
– Иә, дәл қазір «Тазалық – табалдырықтан басталады» – деген қазақ атамыздың тамаша айтылған нақыл сөзі есіме түсіп тұр. Өзін өркениеттімін дейтін кей жерлестеріміз өз үйінің табалдырығына дейінгі ортаны, оны тазалайтын азаматтардың еңбегін бағаламайтыны өкінішті. Қоршаған ортаға құрметпен қарап, жанашырлық жасауды өзімізден бастайықшы. Сонда қазынадан қыруар қаражат кетірудің орнына сол ақшаны әлеуметтік маңызы бар, аса қажет нысандарды салуға жұмсар едік. Солардың санын арттырар ек. Біз тазалық мәселесін жіті бақылап отырамыз. Әр аудан, қалаға барған сайын бұл мәселені өзім көтеремін. Сырттан келген сыншының көзі сүйсініп, өзіміз үшін мақтаныш сезімі ұялайтын ауыл мен көше тазалығы бәрімізге ортақ. Сондықтан тазалықты сақтайық, ағайын! – деді облыс әкімі.
Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес басталды. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы мен Мақтаарал, Жетісай аудандарында халықпен кездесу өткізді. Кездесу соңында азаматтарды жеке қабылдауы өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы Кентауда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін тұрғындардан өзінен сұрады. Шаһар халқымен есептік кездесуге келген өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлерге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын пысықтады. Аулаларды аралап, Кентаулықтардың ұсыныс-талаптарын тыңдады. Дархан Сатыбалдымен тілдескен тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту барысын өздері жіті бақылайтындарын жеткізді. Жалпы, Кентау қаласы бойынша 376 көпқабатты тұрғын үйлер бар. 2014 – 2022 жылдар аралығында 5,843 млрд теңгеге 200-ден астам көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры, кіреберістері, қасбеті, жертөледегі инженерлік жүйелері толығымен жаңғыртылды. 2023 жылға Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 55 көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджетті қалыптастыру барысында 1,57 млрд теңге қаржы бөлінді.
Көпқабатты тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Өңір басшысы кезекті рет Кентаудағы №5 жылу энергия орталығындағы күрделі жөндеу барысын бақылады. Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станциясын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда. Облыс әкімі құрылыстың сапасын басты назарда ұстап, жылыту маусымына дейін толық дайын болуды міндеттеді. Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыңдысы алынды. Жалпы, биыл Кентауда жылыту маусымына дайындық ерекше әрі сапалы жүргізілмек.
Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудан, қала тұрғындарымен есепті кездесулері Сауран ауданында жалғасты. Ашық форматта өтіп жатқан шара барысында өңір басшысы халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді. Облыс әкімі тұрғындарға жүргізілген жұмыстардың қорытындылары мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы және өңірдің даму көрсеткіштерін баяндады. Аудан, қалаларды аралау кезінде көтерілген мәселелердің шешілуі бойынша есеп берді. Аймақ басшысы атап өткендей, жергілікті биліктің басты міндеті – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
– Сауранда жаңа кәсіпорындар, жұмыс орындары ашылып жатыр. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Бүгінгі есепті кездесуде қоғамдағы жүйелі сұрақтарды бірлесіп саралап, жоспарларды талқылаймыз. Алдыңғы есепті кездесуде бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынған. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана аранйы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округі, Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысын жоспарлап, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгіздік. Келер жылы пайдалануға береміз,-деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Кездесуде саурандықтар өздерін толғандыратын сұрақтарын тікелей облыс әкіміне қойды. Халықтың басым бөлігі ауыз су, инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін көтерді. Дархан Сатыбалды әр сұрақты мұқият тыңдап, толық жауап берді. Тұрғындарды белсенді болуға шақырып, маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды деп айтып өтті.
– Ауылдағы өзекті мәселелерді Сіздерден артық ешкім білмейді. Сондықтан белсенді болуға, түйткілді мәселелерді дер кезінде жеткізуге шақырамын. Маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды. Біз өз тарапымыздан оларды шешудің заңды тетіктерін қарастырамыз. Ауылды дамыту, көркейту, жұмыс орындарын ашу – әр әкімнің басты міндеті. Өздеріңізге белгілі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 млн. теңгеге 14 жоба қаржыландырылды, 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр. Ауданда 7 кооператив құрылды. Биыл 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Жарты жылдың қорытындысымен 3 млрд. 948 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 6 есе артқан. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд. 460 млн. теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады,-деді облыс әкімі.
Түркістан облысы әкімі атап өткендей, Сауранның даму әлеуеті зор. Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Халықтың 88,9%-ы таза су пайдаланады. Биыл Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, 522 үй ауыз су жүйесіне қосылды. Тағы бірнеше елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Су жүйесімен қамтуға құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған 3 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары 8 елді мекенде жүргізіледі. 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. 1 100 орынға арналған мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 5 мектеп салынады. Бірнеше балабақша салынып жатыр. Жеке инвестор есебінен күніне 500 адамды қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Шорнақ елді мекенінен тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына 9 гектар жер бөлініп, құжаттары әзірленуде. Сауран ауданы тарихи ескерткіштерге бай өлке, ауданда 54 тарихи-мәдени нысандар бар. Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелеріне туристер қызығушылық танытып, көптеп келеді. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды 100 мыңдай турист тамашалаған. Туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары өз жалғасын табуда. Ауданда Ескі Сауран қалашығы, Үкаш ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, Ескі Сауран қалашығының аумағынан 320 млн. теңгеге «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда қонақүй, тамақтану орындары, көрме орталығы болады. Жүсіп ата кесенесінен «Сапар орталығы» мен музей пайдалануға берілді. Биыл 5 жаңа жоба жүзеге асырылады. 100-ге жуық жұмыс орны ашылып, 90 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда. Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі Сауран ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес басталды. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Жетісай аудандарының халқымен кездесті. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы оңалту орталығына арнайы келді. Облыс басшысы ауданның қарияларымен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ орталықта арнайы көмек алып жатқан балалармен кездесті. Ақсақалдар ауданды көркейтудегі жұмыстарға тоқталып, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Әкімнің әлеуметтік нысандардың артуына басымдық беруіне алғыс білдірді.
«Әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығында «Тең қоғам» бөлімшесі мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға және экономикалық тәуелсіздік құқығын асыруға кешенді қызмет көрсетеді.
120 балаға қызмет көрсетуге қауқарлы мекеме бірінші жарты жылдықта 65 балаға 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетті. Сауран ауданы бойынша 3314 мүгедектігі бар азаматтары бар, оның ішінде 129 ерекше күтімді қажет ететін балалар. Мамандардың айтуынша, орталықтың әлеуметтік қызмет алушылары мен ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайы жақсарған.
Облыс әкімі Сауран ауданға жұмыс сапарында жергілікті жиһаз фабрикаларының жұмысымен танысты. “Sem_Brand” жиһаз фабрикасында 200-ге жуық адам жұмыс жасайды. Мұнда жиһаздың кез – келген түрі жасалынады. Әсіресе, кеңсеге арналған үстелдер мен орындықтарға сұраныс жоғары. Фабриканың бір ерекшелігі – темір мен ағаштан бөлек каркастан жиһаздар жинайды. Өндірісті кеңейтуді көздеген кәсіпорын басшылығы мемлекеттен жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін қарастыруда.
Ал, «Хабибулла-ата» жиһаз фабрикасы 2007 жылы іске қосылған. Онда 150 адамға дейін жұмыс істейді. Фабрикада заманауи үлгідегі корпустық жиһаздар жасалынады.

Leave a reply