МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ: ТӘУЕЛСІЗДІК БӘРІНЕН ҚЫМБАТ
Жолдауда Мемлекет басшысы «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін» қадап айтты. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез-келген азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру керектігін тағы бір ескертті. Конституция бойынша елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар екеніне тоқталды. Сан алуан ұлттың ортақ Отаны болған берекелі елімізде әр адамның ұлтына, тіліне, нәсіліне қарап кемсітуге жол берілмейтіні тағы да ескертілді. 30 жыл бойы жинақтаған мол тәжірибеміздің арқасында біздің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатымыз әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағаланып келеді. Назарларыңызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласын ұсынамыз.
Тәуелсіздік – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.
Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты “Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?”, “Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?”, “Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?” деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.
Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.
Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңідеп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.
“Қазақстан – 2030” стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. “Мәдени мұра” бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. “Қазақстан – 2050” стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.
Әр бағыт бойынша “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму”, “Нұрлы жол”, “100 нақты қадам” сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси және экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мән бердік.
Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы.
Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны”, аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.
Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.
Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі.
Таным мен тағылым
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.
Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс.
Кезінде “Мәдени мұра” бағдарламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойынша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бәймәлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен, сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?
Мұндай іргелі ізденістердің нәтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз. Оны қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажет. Өйткені тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, әсіресе, жас ұрпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуға тиіс. Бұл ретте, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта “Алмас қылыш”, “Жау жүрек мың бала”, “Томирис”, “Кейкі батыр”, “Тар заман” сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз.
Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Әрине, қаржы мәселесі шешілуі керек. Дегенмен, көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз “Құрманжан датқа” фильмі арқылы анық көрсетті.
Бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfliх, HBO және басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн.
Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс.
Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.
Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті, ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек.
Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс.
Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз. 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды.