Сайрамдық кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында мал басын көбейтуді жоспарлап отыр

0
95
Елімізде Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» жобасына жол ашқан болатын. Ал, аудан бойынша 8 жоба қаржыландырылған. Несиені Ақбұлақ, Көлкент, Қайнарбұлақ пен Жібек жолы ауылдарының тұрғындары иеленді. Солардың бірі Сүлейменов Тұрар. Ол 2,5 пайызбен 8 миллион теңге несие алып, алынған қаражатқа 18 сиыр сатып алды. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып «Натур Продукт» ЖШС-не өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта кәсіпкер мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.  Сонымен қатар, Сайрам ауданында 2023 жылдың қыркүйек айында жеміс-көкөністі өңдеу зауыт іске қосылады. Өндіріс орнында Туркиядан заманауи құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылуда. Зауыт томат пастасы, кетчуп, жеміс шырынын шығарады. Жоба іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылады. Ауданға жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сайрамдық кәсіпкерлермен кездесті.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін және көкөніс сақтайтын қойма «Бірлік-4» ЖШС жұмыстарымен танысты. Зауыт басшысы қайта өңдеу зауытын кеңейту мақсатында төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие, 5 млрд теңге қаражат алуды жоспарлауда. Жоба жүзеге асса қосымша 500-600 жұмыс орны ашылады.
Зауытта ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы 16 мың тонна 5 қойма бар. Аталған зауыт кәсіпкердің жеке және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырған.
Бұдан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды «АРТ Boilers» өкілдерімен кездесті. Аталған компания өкілдері кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Түркістан облысы бойынша жоғары технологияларын қолдана отырып, жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны жылына 400 бірлік қазандық өндіруге қуатты. Жылыту қазандықтары Түркістан облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысында сұранысқа ие.
ART Вoilers сауда маркасымен газды, сұйық және қатты отынға арналған жылыту қазандықтарын заманауи неміс технологияларын қолдана отырып, шығаруды жолға қойған.
Түркістан облысы Сайрам ауданында 64 млрд. теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 млрд. теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды. Күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок зауыты, алкогольсыз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы жүзеге асты. Тағы құны 4 млрд. теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын ашып, 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. «Nurym Grоup» компаниясы құрама жем өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.
Бұл туралы Сайрам ауданының тұрғындарымен кездесуінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті. Кездесу барысында облыс басшысы өңірдің даму жоспарлары, Президент тапсырмаларының орындалуы мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар туралы баяндама жасады. Аудан тұрғындарымен еркін диалог алаңын құрып, жұртшылықтың мұң-мұқтажын, өтініш-шағымдарын білген әкім, халық өтінішін екшеп, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Межелі мерзімді де белгіледі.
Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 млрд. теңгеге жетті. Бұл облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш.

 

Leave a reply