Қызылорда облысында 10 жыл бұрын шетінеп кеткен сәбиге лагерьге жолдама берілді
Қызылорда облысы, Арал қаласында он жыл бұрын көз жұмған сәбиге мектеп жанындағы лагерьге жолдама берген. Жаңылысып кеткен директор мен тиісті маман қатаң сөгіс алды, деп хабарлайды Infonews.kz сайты.
Ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды. Ол жерде Арал қаласындағы №220 мектепте он жыл бұрын шетінеп кеткен сәбиге мектеп жанындағы лагерьге жолдама берілгені жазылған.
Жағдайға қатысты Арал аудандық білім бөлімі мәлімдеме жасады. Аталған жағдай жөнінде №220 орта мектепте арнайы жиын өткізілген.
Жиынға жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері, аудандық мәслихат, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағадарламалар бөлімінен және мектеп қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің басшысы қатысқан.
“Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп жанындағы жазғы тынығу лагеріне №220 орта мектебінен 90 баланың тізімі жасақталған. Жолдама алу үшін E-gov порталына тіркеу барысында мектептің әлеуметтік педагогы Ақтоты Құлмырзаева жауапты ата-ананың өтінішіне сәйкес электронды кілті арқылы жеке кабинетіне кірген. Содан кейін №220 орта мектебінің 1 “” сыныбының оқушысы Заңғар Дәуренұлын тіркеу үшін өтініш жіберудің орнына, қателесіп отбасы тізімінде тұрған 2013 жылы қайтыс болған бауыры Бейбарыс Дәуренұлының атынан қате сұраныс жүргізген. Негізі E-gov порталында бала дүниеден өтсе де аты-жөні жанұя құрамының тізімінде тұрады. Дегенмен, сол мезетте қате жібергенін көріп, тынығу лагеріне баруға тиіс Заңғар Дәуренұлын қайта тіркейді. Қажетті құжаттама дайындалып, оқушы лагерьге жіберілді. Алайда, қайтыс болған баланың өтініші кейін қайтарылмай, порталда қалып қойған”, – деді Арал аудандық білім бөлімі.
Мәлімет бойынша Бейбарыс Дәуренұлының E-gov порталындағы өтініші мақұлданбағаны, демалушы балалардың тізімінде жоқ екені анықталды.
“Оған тынығу лагеріне қатысты ешқандай қаражат қаралмағаны анықталды. Құжаттардың барлығы заңға сәйкес рәсімделген. Жиын қорытындысы бойынша тіркеу барысында жауапты маманның баланың аты-жөнін шатастырып алғаны расталды. Нәтижесінде №220 орта мектебінің директоры Әліби Әбілбаев және әлеуметтік педагог Ақтоты Құлмырзаева, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айым Сейіловаға “қатаң сөгіс” жарияланды”, – деді білім бөлімінен.