ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА АВТОКӨЛІК КІЛТТЕРІН ТАБЫСТАДЫ

0
310
Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл! Осыған орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалін ұйымдастырған болатын. 4 ай бойы қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлаған фестиваль бүгін өз мәресіне жетті. 30 тамыз – Конституция күніне арналған эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен «Ата заңым – айбыным!» атты шарада Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды фестиваль жеңімпаздарын құттықтады.
– Сіздерді шын жүрекпен 30 тамыз – Конституция күні мерекесімен кұттықтаймын. Аз уақыт ішінде қайта жаңғырған Түркістан бүгінде тек Қазақстанның ғана емес, күллі түркі әлемінің руханият ордасына айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына арнайы мәртебе беруді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тиісті министрліктермен бірлесіп, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындап жатыр. Аталған заң жобасы қоғамдық талқылаудан өтуде. Түркістан облысының рухани-мәдени саласында да жетістіктер көп. Осы бағыттағы жұмыстарды жүргізу, өңір мәдениетін дамыту, өнер майталмандарынан құралған шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру облыстық мәдениет және туризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100-ден астам штат беріп отырмыз, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі үздік деп танылған аудан-қалалардың көркемөнерпаздар ұжымы марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде иегері Отырар ауданына «Газель» автокөлігін, жүлделі І орын иегері Шардара ауданына жеңіл автокөлік табыстады. Жүлделі ІІ орын иеленген Мақтаарал ауданы мен Келес ауданы дыбыс жазу студиясына ие болды. Ал жүлделі ІІІ орын алған Түркістан қаласы, Сайрам ауданы мен Сарыағаш ауданына музыкалық аппаратура сыйға берілді. Сондай-ақ 500 мың теңге сыйақысымен облыстық өнер фестивалінің «Әнім сенсің туған жер» арнайы жүлдесімен Жетісай ауданы, «Өнерлі өлке» арнайы жүлдесімен Созақ ауданы «Мәдениетім – мерейім» арнайы жүлдесімен Төлеби ауданы, «Салт дәстүрім – қазынам» арнайы жүлдесімен Бәйдібек ауданы марапатталды.
Айта кетейік, 7 сәуір мен 6 тамыз аралығында облысқа қарасты 17 аудан, қалалар әр аптада Түркістан қаласында мәдениет күндерін өткізді. Жұма-сенбі күндері суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар ұлықталды. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырып, өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концерт көпшілік назарына ұсынды. Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған өнер фестивалінің мақсаты – ұлттық мәдениет пен өңірімізді дамыту және жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеу, келешек ұрпақты салауатты өмір салтына бейімдеу және Түркістанның туристік әлеуетін дамыту.

Leave a reply