
«Кентау Сервис» МКК – қала тынысын ұстап тұрған алып өндірістік жүрек. 1934 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан бұл мекеме бүгінде 15 мыңнан астам абонентті жылу және электр қуатымен қамтамасыз етеді. Қаланың әрбір үйіне таралатын жылу мен жарықтың артында жүздеген маманның маңдай тері, тәжірибесі мен жауапкершілігі жатыр. Тәулігіне 24 сағат, жылдың төрт мезгілінде бірнеше қазандық пен турбина тынымсыз жұмыс істейді. Бұл – жай ғана өндіріс емес, қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін маңызды құрылым.
Осындай қиын әрі жауапты қызметтің алдыңғы шебінде жүрген жас мамандардың бірі – Жұпарбаева Аружан Бауыржанқызы. Ол — кәсібіне адал, еңбекқор, өз ісінің қыр-сырын жіті меңгеріп келе жатқан теплотехник. Мекемеде екі жылдан бері қызмет етіп жүрген Аружан бүгінде өндірістің маңызды учаскесін бақылап, қазандықтардың дұрыс әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Аружанның айтуынша, қазіргі таңда үш қазандық толық қуатта жұмыс істеп тұр, қалғандары резервте. Бұл – қалаға үздіксіз жылу беруді қамтамасыз етудің ең тиімді әрі қауіпсіз тәсілдерінің бірі. Қазандықтағы суды арнаулы барабандар арқылы буға айналдырып, оны турбинаға жеткізу – аса мұқияттықты, зор жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әрбір қысымның өзгерісі, әрбір температура ауытқуы – маман бақылауындағы маңызды көрсеткіш.
«Негізгі мақсатымыз – барабандағы суды буға айналдырып, оны турбинаға жіберу. Қаланы жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы жолда әрбір маман өз саласына жауапкершілікпен қарап, бір-бірімен үйлесімді жұмыс істейді», – дейді Аружан Бауыржанқызы.

Жас маман үшін бұл қызмет – жай ғана жұмыс емес, үлкен мектеп. Мұнда ол тәжірибе жинап қана қоймай, энергетика саласының күрделі құрылымымен танысып, өндірістік процестерді терең меңгеруде. Қиындығы көп, тәуекелі жоғары қызметте әрбір күн – жаңа сынақ, әрбір ауысым – үлкен жауапкершілік.
Аружан сияқты еңбек адамдарының қажырлы еңбегі арқасында Кентау қаласы жыл сайын қыс мезгілін ойдағыдай өткеріп келеді. Олар көрінбей жұмыс істегенімен, қаладағы әрбір шаңырақтың жылы әрі жарық болуына тікелей үлес қосып жүр.
Энергетика саласының тыныс-тіршілігі – ауыр еңбек пен ерен жауапкершілікті талап ететін күрделі жүйе. Сол жүйенің бір бөлшегіне айналып, кәсібіне берілген Аружан Бауыржанқызы – бүгінгі еңбек адамының жарқын бейнесі. Оның еңбегі – жас мамандарға үлгі, ал азаматтық ұстанымы – қаланың дамуы мен тұрғындардың игілігіне бағытталған шынайы қызмет.
Осындай мамандардың қажырлы еңбегі мен жауапкершілігінің арқасында «Кентау Сервис» МКК бүгінгі күнге дейін сенімді, тұрақты әрі үздіксіз жұмысын жалғастырып келеді.













