Кентау: Жасыл желектің жанашыры

0
133

Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесі» – шаһардың сәні мен тазалығын сақтап тұрған маңызды мекемелердің бірі. Қаланың саябақтары мен аллеяларын абаттандыру, гүлзарлар мен скверлердің көркін келтіру, тарихи және мәдени нысандарды күтіп ұстау, көшелерді көгалдандыру, жарықтандыру мен суару жұмыстарын ұйымдастыру – осы мекеменің негізгі міндеті. Күн сайын атқарылатын ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Кентау қаласы көркейіп, тұрғындардың сейіл құратын орындары жылдан жылға жақсарып келеді. Осындай еңбек майданында жүрген білікті мамандардың бірі – тәжірибесі мол агроном Юлдашев Ғафуржан.

1963 жылы дүниеге келген Ғафуржан мырза осы салада 20 жылдан бері тер төгіп келеді. Кәсібіне адал, табиғатты аялауды өмірлік ұстанымына айналдырған ол жасыл желекті көбейту – қаланың болашақ келбетін қалыптастыру екенін жақсы түсінеді. Агрономның күнделікті жұмысы талай жанға байқалмайтын қарапайым іс болуы мүмкін, бірақ шаһардың сән-салтанатын арттырып тұрған әрбір тал, әрбір гүл – оның маңдай терімен келген еңбек жемісі.

Ғафуржан Юлдашев бүгінде Кентау қаласындағы талдар мен гүлдерге күтім жасап, көгалдандыру ісінің барлық кезеңдерін үйлестіріп отырады. Әсіресе күз мезгілі – оның жұмысындағы ең қызу науқан. Биылғы уақытта көшеттердің жаңа легі келіп, отырғызу жұмыстары белсенді түрде басталған. Қазіргі таңда қалаға 8500 жас көшет жеткізіліп, өткен аптада оның 4500-і егілді. Қалған 4000 көшетті отырғызу үшін арнайы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Көшет отырғызылатын аумақтарда шұңқырлар қазылып, жер тегістеліп, топырақтың құнарлы болуы үшін қажетті шаралар атқарылуда. Мұндай ауқымды жұмыстың ауызбіршілікпен, кәсіби шеберлікпен атқарылуы – Ғафуржан секілді білікті мамандардың тәжірибесінің арқасы.

Үйлесімді еңбекпен бірге Ғафуржан мырза – үлгілі отбасы иесі. Төрт баланың әкесі, екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірген. Немересінің қызығын көріп отырған асқар тау әке үшін отбасы – ең үлкен қуаныш пен тірек. Зайыбы Ирода ханым медицина саласының ардагері, зейнеткер. Отбасының берекесі мен тыныштығы – Ғафуржанның жұмысқа деген жігерін арттырып, күш береді.

Қала көшелерінде самсап тұрған ағаштар, жайқалған гүлзарлар, көркейген саябақтар – еңбек адамдарының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ғафуржан Юлдашев сияқты мейірін табиғатқа арнаған азаматтардың арқасында Кентау күннен күнге құлпырып келеді. Олар табиғатқа жан бітіріп қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға зор үлес қосуда.

Еңбек адамы – елдің тірегі. Күн сайын өз ісіне адалдықпен қарап, қаланың көркем келбетін қалыптастыру жолында тер төгіп жүрген мамандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Кентаудың әрбір көк желегі, әрбір көлеңке сыйлаған алып ағашы – осындай абзал жандардың қолтаңбасы.

Leave a reply