Кентаудың жасыл келбетіне жан бітірген еңбек иесі

Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесі» – шаһардың сәні мен тазалығын сақтап тұрған маңызды ұйымдардың бірі. Қаланың саябақтары мен аллеяларын абаттандыру, гүлзарлар мен скверлерді көркейту, тарихи және мәдени нысандарды күтіп ұстау, көшелерді көгалдандыру, жарықтандыру мен суару жұмыстарын ұйымдастыру – мекеменің күнделікті атқарып отырған негізгі міндеттері. Осы жүйелі еңбектің нәтижесінде Кентау жыл санап көркейіп, тұрғындардың демалысына арналған жасыл аймақтар көбейе түсуде. Қаланы жасыл желекке бөлеп, оның көркін арттырып жүрген жандардың еңбегі көпшілікке байқала бермегенімен, олардың маңдай тері – қаланың ажарын айқындап тұрған басты күш.
Сол еңбек майданының алдыңғы қатарында жүрген жандардың бірі – Әбіш Кенжекүл Беркімбайқызы. Ол – Кентау қаласының тұрғыны, көп жылдан бері қаланың көгалдандыру саласына өз үлесін қосып келе жатқан тәжірибелі маман. Еңбек жолын осы салада бастаған Кенжекүл ханым қаланың бір түкпірінде өсіп тұрған талдар мен түрлі-түсті гүлдердің артында үлкен жауапкершілік, тиянақтылық пен қажырлы еңбек бар екенін жақсы біледі. Осы бағытта үздіксіз еңбек етіп келе жатқанына биыл 25 жыл толып отыр.

Кенжекүл Беркімбайқызы бүгінде “Жасыл қала” мекемесінде бригадир қызметін атқарады. Қоластында 15-ке жуық қызметкер бар. Бригадир ретінде ол тек жұмыс барысын қадағалап қана қоймай, әрбір әріптесіне бағыт-бағдар беріп, көгалдандыру ісін сапалы әрі жүйелі жүргізуге жауапты. Оның айтуынша, жыл мезгіліне қарай атқарылатын жұмыс түрлері де өзгереді. Мәселен, күз айларында шыршалар мен ағаштарды қырқу, жас көшеттер отырғызу – ең басты міндеттердің бірі. Ал көктем мезгілінде түрлі гүлдер егіліп, оларды суару мен баптау ісі қыза түседі. Қаладағы әрбір гүлзардың әдемі болып өсуі – үздіксіз еңбектің нәтижесі.
Бүгінде қалада тал отырғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 мыңнан аса жаңа көшет егілуде, олардың әрқайсысы арнайы дайындықтан өткен жерге отырғызылып, ерекше күтімге алынады. Сонымен қатар, гүлдерді қырқып, оларды қыс мезгіліне дайындау жұмыстары да қатар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы – байсалды тәжірибе мен кәсіби шеберлікті талап ететін маңызды міндеттер.

Кенжекүл ханым үшін бұл қызмет – тек жұмыс емес, жүрек қалауы. «Қала көркейсе – қуанамыз. Әрбір егілген тал, әр гүлдің ашуы – біздің еңбектің жемісі» дейді ол. Шын мәнінде, еңбекке адал жанның қуанышы да, жетістігі де – қаланың құлпырып тұрғанын көру.
Қала тынысын ашып, көшелерін көркейтіп жүрген Кенжекүл Беркімбайқызы сияқты еңбек адамдары – шаһардың шынайы қаһармандары. Олардың маңдай терімен егілген әрбір жас көшет ертеңгі күні алып көлеңкелі ағашқа айналып, қаланың ажарын ашады. Тұрғындардың демалыс орындары жайқалып тұрса, бұл – өз ісіне жанашырлықпен қарайтын осындай мамандардың еңбегі.

Елдің ертеңіне үлес қосып, Кентауды жасыл желекке бөлеп жүрген еңбек адамдарының жұмысы әрдайым құрметке лайық. Кенжекүл Беркімбайқызының табанды еңбегі – жас ұрпаққа үлгі, ал қаланың көркейген келбеті – осы еңбектің айқын дәлелі.












