Туған қаласын түлеткен еңбек адамы

Кентау қаласы әкімдігінің «Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің “Жасыл қала” коммуналдық мемлекеттік мекемесі» – шаһардың көркін келтіріп, жасыл желегін көбейтіп, тазалық пен тәртіпті сақтап тұрған маңызды мекеме. Қаланың саябақтары мен аллеяларын абаттандыру, гүлзарлар мен скверлерді күтіп-баптау, көшелерге ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды суару, тарихи және мәдени нысандардың айналасын реттеу сияқты сан түрлі жұмыстар – осы мекеменің күнделікті міндеті. Қала тұрғындары тыныстап, демалатын саялы орындардың әрбірі осы мекеме қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында көркейіп келеді.
Осындай адал қызметтің алдыңғы шебінде жүрген еңбек адамдарының бірі – Бейсейтова Гүлмира Жұмаханқызы. Ол – Кентау қаласының тумасы, көпбалалы ана, шаһардың көркеюіне үлес қосып жүрген жан. Бүгінде 6 баланың анасы атанып отырған Гүлмира ханым төрт жылдан бері «Жасыл қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде көгалдандырушы қызметін атқарып келеді. Туған қаласына қызмет ету – оның үлкен мақтанышы әрі жауапкершілігі.

Гүлмира Жұмаханқызы өз ісін ерекше сүйіспеншілікпен орындайды. Көгалдандыру – үлкен төзімділік пен ұқыптылықты қажет ететін сала. Әрбір отырғызылған тал, әрбір гүл – еңбек пен ыждағаттылықтың нәтижесі. «Өз мамандығым өзіме ұнайды. Қала жасылданып, гүлдеп тұрса, біз үшін ең үлкен қуаныш» дейді ол. Адамдардың назарынан тыс көрінетін бұл жұмыс – қала келбетінің негізгі айнасы. Көрікті көшелер мен жайқалған жасыл аллеялар осы жандардың маңдай терімен түзеледі.
Қазір шаһарда тал егу науқаны басталуда. Бұл – жыл сайынғы маңызды жұмыстардың бірі. Гүлмира ханым және оның әріптестері көшеттерді отырғызуға арналған орындарды дайындап, топырақты қопсытып, шұңқыр қазып, арнайы өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Жас көшеттердің түптеніп, бой алып кетуі үшін алдын ала жасалған мұндай дайындық аса қажет. Олар отырғызылғаннан кейін де ұзақ уақыт бойы күтім мен суаруды талап етеді. Бұл жауапты іс күнделікті еңбекті, шынайы жанашырлықты қажет етеді.

Гүлмира Жұмаханқызы – тек өз ісіне берілген маман ғана емес, сонымен бірге отбасының берекесін ұстап отырған ардақты ана. Үлкен отбасының тірегі бола жүріп, қала көркейту ісіне белсене араласуы – оның еңбекқорлығы мен қажырлы мінезінің айғағы. «Балаларымыздың болашағы үшін қала таза, жасыл, жайлы болса екен дейміз. Біз соған өз үлесімізді қосып жүрміз» деген Гүлмира ханымның сөзі оның ішкі жан дүниесін, еңбекке деген жауапкершілігін айқын көрсетеді.
Кентау қаласының жасыл келбетіне жан бітіріп жүрген Гүлмира сияқты жандардың еңбегі – шын мәнінде құрметке лайық. Олар тынысы кең, жасыл жайқалған қала жасау жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Еңбек адамының өнегелі ісі – елге үлгі, ал олардың еңбегінің жемісі – келешек ұрпаққа қалатын көркем қала.













