ОРДАБАСЫ: АУДАН ӘКІМІНІҢ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ ЖИЫНДАРЫ БАСТАЛДЫ

0
17

Ордабасы ауданында ауыл округтері тұрғындарымен өткізілетін дәстүрлі есепті кездесулер басталды. Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев алғашқы жиынды Шұбар және Шұбарсу ауыл округтерінде өткізіп, өңірдің даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарларды кеңінен таныстырды.

Алдымен аудан басшысы 2025 жылдың алғашқы 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 169,9 млрд теңгеге жетіп, 42,7 пайыздық өсім тіркелді. Өнеркәсіп өнімі 17 млрд теңгені құрап, 27 млрд теңге инвестиция тартылды. Бюджет кірістері 104,1% орындалды. Ауыл шаруашылығында өнім көлемі 102,6 млрд теңгеге жетіп, мал басының тұрақты өсімі сақталып отыр.

Ауданда инфрақұрылымдық жұмыстар қарқынды жүргізілуде: жолдар жөнделіп, ауызсу жүйелері жаңартылды, электр желілері күшейтілуде, табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Білім беру нысандарына жаңа мектептер мен модульді кабинеттер қосылса, денсаулық сақтау саласында аурухана заманауи медициналық құралдармен жабдықталды. ФАПтар жөнделіп, бірқатар ауылда жаңа медициналық пункттер салу жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өндірістік парктер мен кооперативтер құрылып, тұрғындарға жеңілдетілген несие арқылы қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар әлеуметтік жәрдемдер уақытылы беріліп, абаттандыру және қауіпсіздік шаралары күшейтілуде.

Кездесу барысында аудан әкімі Шұбар ауыл округіндегі өндірістік-инвестициялық жобаларға тоқталды. Мұнда жалпы көлемі 70 гектар аумақта өндірістік парк салу және инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылғанда бірнеше кәсіпорын ашылып, 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Шұбарсу ауыл округінде шағын және орта кәсіпкерлік айтарлықтай дамуда. Округ аумағындағы 3 гектар жерге өндіріс нысандары орналастырылып, соның ішінде полистирол-бетон өнімдерін шығаратын «Kazakh New Technology» зауыты салынуда. Іске қосылғанда мұнда 20 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге ауылшаруашылық бағыттағы жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады: шамамен 15 гектар жылыжай кешендері салынып, алғашқы өнімдер алынуда. Толық қуатқа шыққанда жылыжайлар жылына 4–5 мың тонна көкөніс өндіреді. Ауылдағы ішкі көшелер жөнделіп, мектеп пен ФАП ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Кездесу барысында тұрғындар жол сапасы, көше жарығы, қоғамдық көлік мәселесі, санитарлық тазалық, ауызсу жүйесі, әлеуметтік қызметтер және кәсіпкерлікті қолдау бойынша ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі көтерілген сұрақтарға нақты жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Тұрғындар өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, аудан басшысының жоспарлы бастамаларына қолдау көрсететіндерін айтты.

Leave a reply