ҚАЛА ЖЫЛУЫНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

Кентау қаласының энергетикалық жүйесі – тұрғындарға жылу мен электр энергиясын үздіксіз жеткізетін күрделі сала. Сол жүйенің сенімді тірегі – «Кентау Сервис» МКК қазандық цехының аға машинисті Күмісбек Ерғали Жанғалиұлы. Ол 6 жылдан бері кәсіпорында еңбек етіп келеді және осы жылдар ішінде өз ісіне адалдығымен, тәжірибесімен көзге түсті.
Қазіргі таңда қазандықтар автоматтандырылған, бұл жұмыс процесін айтарлықтай жеңілдеткен. «Бұрынғыға қарағанда жұмысымыз біраз жеңілдеді. Қазандықтағы суды буға айналдырып, турбинаға жіберу – біздің негізгі мақсатымыз. Осы арқылы қалаға жылу жеткізіледі», – дейді Ерғали Жанғалиұлы.

Аға машинист үшін бұл жұмыс тек техникалық міндет қана емес, қала тұрғындарының жайлы өмірі мен кәсіпорындардың тұрақты жұмысына тікелей әсер ететін жауапкершілікті талап етеді. Қазандықтағы әрбір параметрдің бақылауда болуы – қаланың жылу жүйесінің тұрақтылығының кепілі.
Күмісбек Ерғали сияқты тәжірибелі мамандардың арқасында Кентау қаласы жыл сайын қысқы кезеңді сенімді қарсы алып, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп келеді. Олардың еңбегі байқалмай қалуы мүмкін, бірақ қоғам үшін бұл – өмірдің қалыпты жүруін қамтамасыз ететін маңызды миссия.
«Кентау Сервис» қызметкерлері – қаланың энергетикалық жүрегі. Күмісбек Ерғали мен әріптестері өз ісіне адал, тәжірибелі мамандар ретінде тұрғындарға жарық пен жылу жеткізуді күнделікті сенімді түрде қамтамасыз етіп отыр.











