
Кентау қаласының энергетикалық жүйесі – күндіз-түні тоқтамайтын, тұрғындарға жарық пен жылу жеткізуді қамтамасыз ететін күрделі сала. Бұл бағытта еңбек етіп жүрген әр маманның жұмысы маңызды. Солардың бірі – «Кентау Сервис» МКК қазандық және турбина цехының аға машинисті Шекербекова Шынар.

Түркістан облысының тумасы Шынар 1993 жылдан бері Кентау қаласында тұрады. Еңбек жолын 2007 жылы осы кәсіпорында қарапайым көмекші болып бастаған. Уақыт өте келе тәжірибе жинап, үлкендерден үйреніп, жауапты міндеттерді сенімді атқарып, аға машинист дәрежесіне дейін көтерілді. Оның айтуынша, бұл жол оңай болмағанымен, әрбір сатысы өз жемісін берген.
«Жұмысым оңай емес, қызығы мен қиыны да көп. Бірақ мен өз мамандығымды жақсы көремін. Осы жерден көп нәрсе үйрендім. Осы жерден зейнетке шықсам деймін», – дейді ол.
Бүгінде Шынар – қазандық пен турбиналардың тұрақты жұмысын бақылайтын, жауапкершілігі жоғары маман. Қанша жылдық тәжірибесі болса да, әр жұмыс күні ерекше назар мен дәлдікті қажет етеді. Қазандықтағы температура, қысым, су деңгейі, турбина жұмысы – мұның бәрі қаланың жылу беру режиміне тікелей әсер ететін көрсеткіштер. Осындай күрделі процестердің үзіліссіз жұмыс істеуі аға машинистің қырағылығына да байланысты.
Шынар тек білікті маман ғана емес, үлгілі ана. Ол отбасында үш бала тәрбиелеп отыр. Еңбек пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру – кез келген адамға оңай емес. Бірақ ол бұл қиындықтарды да жігермен жеңіп келеді.
«Жұмыс та, үй де – екеуі де маңызды. Балаларым мені қолдайды. Өз ісімді жақсы атқаруымның бір себебі – отбасымның сенімі», – дейді ол.
«Кентау Сервис» МКК – қала инфрақұрылымының ажырамас бөлігі. 1934 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде 15 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Тәуліктің әр минутында бірнеше қазандық пен турбина тоқтаусыз жұмыс істеп, қалаға жылу мен жарық жеткізеді. Мұндай қызметтің артында білікті мамандардың тынымсыз еңбегі тұр. Сол мамандардың қатарында Шынар сияқты өз ісіне берілген, тәжірибелі, адал жанды еңбек адамдары бар.
Осындай кәсіби мамандардың арқасында Кентау қаласы жыл сайын қыс маусымын сенімді қарсы алып, тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз етіп отыр. Шынардың еңбек жолы – табандылықтың, ұқыптылықтың және өз мамандығына деген құрметтің жарқын үлгісі. Еңбек адамына деген құрмет – оның атқарған ісіне, қоғамға сіңірген еңбегіне деген ризашылық. Ал Шынар Шекербекова сияқты мамандар Кентаудың тұрақты дамуына өз үлесін күн сайын қосып келеді.













