КЕНТАУ: ҚАЛАНЫ ЖЫЛЫТҚАН ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК

0
358

Кентау қаласының энергетикалық инфрақұрылымында маңызды орын алатын «Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 1934 жылы құрылған. Бүгінгі күнге дейін қала тұрғындары мен ұйымдарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан стратегиялық мекемелердің бірі болып саналады. Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыты – жылу мен электр энергиясын біріктіріп өндіру. Бұл технология жылуды да, электрді де бір мезетте шығарып, отынның тиімді пайдаланылуына және тұтынушыларды үздіксіз энергиямен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда кәсіпорында 352 адам жұмыс істейді.  Көп жылдық тәжірибесі бар кадрлық құрам өндірістің тұрақтылығын сақтап, қала үшін аса маңызды энергетикалық қызметті атқаруда. Кенді қаланың энергетикалық жүрегі саналатын «Кентау Сервис» МКК-да тәжірибелі мамандар өте көп. Солардың бірі – қазандық және турбина цехының бастығы Азамат Башеков.

Оның еңбек жолы мен күнделікті жауапкершілігі – қаланың әрбір үйіне, әрбір әлеуметтік нысанға жарық пен жылудың тоқтаусыз жетуіне тікелей ықпал ететін маңызды қызмет. Азамат Мұхаметкәрімұлының айтуынша, биылғы жылу маусымы ойдағыдай басталған.

«Жылу маусымы басталды. Жылу маусымына жақсы дайындықпен кірдік. Қазіргі таңда 3 қазандық пен 2 турбина тұрақты жұмыс істеп тұр. Сағатына 8–9 МВт электр қуатын өндіріп жатырмыз. Жедел персонал ауысыммен жұмыс жасап, әр ауысымда 13–14 адам кезекшілік етеді», – дейді ол.

Энергия өндірісі – үздіксіз еңбек пен жоғары жауапкершілік талап ететін сала. Қазандық пен турбинаның әр минуттық жұмысы – жүздеген техникалық параметрдің тұрақты бақылауда болуын қажет етеді. Осындай ауыр әрі маңызды міндетті атқарып жүрген мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі мен сергектігі – тұтас қаланың тынысын ұстап тұрған тірек.

Азамат Башеков басқаратын цехта еңбек ететін жұмысшылар тәуліктің кез келген уақытында өндірістің тұрақты жүруін қадағалайды. Олардың әрқайсысы – өз ісінің шебері, техникалық қауіпсіздік пен технологиялық тәртіпті қатаң сақтайтын білікті кадрлар. Қыстың қақаған аязында да, жаздың ыстығында да олардың жұмысы тоқтамайды. Өйткені қаланы жылусыз немесе жарықсыз қалдыруға болмайды – бұл олардың ең басты міндеті. Энергетика саласы – көпшілік байқамайтын, бірақ барлығының өмірін жеңілдететін ауыр еңбек. Қоғам тарапынан ерекше құрметті талап етпесе де, тіршіліктің қалыпты өтуіне зор үлес қосатын еңбек адамдары бар. Азамат Мұхаметкәрімұлы бастаған цех қызметкерлері – дәл осындай жандар. Олардың еңбегі қала тұрғындарының үйлерін жылытып, өмірін жарыққа бөлеп, Кентаудың тұрақты дамуына жол ашады. Осындай қарапайым, бірақ аса жауапты мамандардың арқасында Кентау жыл сайын жылу маусымын сенімді қарсы алып, қыс мезгілінде өз тұтынушыларын үздіксіз энергиямен қамтып келеді. Еңбек адамдарының табандылығы мен біліктілігі – қаланың энергетикалық қауіпсіздігінің басты кепілі.

Қазіргі таңда «Кентау Сервис» 15 199 абонентке қызмет көрсетеді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер – 348, жеке тұрғын үйлер – 1 967, заңды тұлғалар – 472, ал бюджеттік ұйымдар – 94 нысанды құрайды. Бұл көрсеткіштер кәсіпорынның әлеуметтік және экономикалық маңызын айқындай түседі. Жылу мен электр энергиясы тек тұрғындардың тұрмыстық қажеттіліктерін ғана емес, қаладағы кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Кентаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасы тікелей «Кентау Сервис» кәсіпорнының тұрақты жұмысына байланысты. Бұл кәсіпорын – тек қазандықтар мен турбиналар кешені ғана емес, қала тынысын ұстап тұрған еңбек адамдарының қажырлы еңбегі. Олардың күнделікті атқарып жатқан жұмысы Кентауды жарық пен жылудан айыруға жол бермей, қаланың тіршілігін үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Энергетика саласының белгісіз батырлары саналатын осы мамандардың еңбегі – қаланың бүгінгі тұрақтылығы мен ертеңгі дамуының негізгі кепілі.

Leave a reply