ДЕПУТАТТАР АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫН БАЯНДАДЫ

0
109

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғимаратында, бекітілген кестеге сәйкес қалалық мәслихат депутаттарының БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Баспасөз мәжілісіне «Әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, ғылым, мәдениет, жастар ісі, туризм-спорт, тарихи мұраларды қорғау жөніндегі» тұрақты комиссиясының төрағасы мен мүшелері қатысты. Жиын барысында сөз алған комиссия төрағасы Дәурен Тәңірбергенов 6 айда атқарған жұмыстары туралы баяндады.

– Қаламыздың тыныс-тіршілігінің жақсаруы мақсатында қаланы абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді асфальттау, жарықтандыру, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру, аялдамалардың құрылысы мен сапасы туралы өзекті мәселелерді қаржыландыру бойынша тұрақты комиссиялардың отырысында жан-жақты талқыланып, олардың шешілуі жөнінде нақты ұсыныстар айтылып, сессияларда шешімдер қабылданды. Биылғы жылдың мамыр айында «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне» қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы мекемесінде комиссияның көшпелі мәжілісі өтіп, ондағы демалушы зейнеткерлермен сұхбаттасып, өтініштерін тыңдап, нақты ұсыныс пікірлер білдірдік. Сондай-ақ, жаңа қала аумағында көпқабатты тұрғын үйлердің сапасы мен аумағының санитарлық жағдайымен танысып, анықталған кемшіліктерді жою, көпбалалы және батыр аналарды, мектеп оқушыларын қаладағы қоғамдық көліктер бағытында жеңілдікпен жүру мәселесін шешу туралы құзырлы органдарға нақты ұсыныстар жолдадық. Мұнымен қоса бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді пайдалануын үнемі назарымызда ұстап келеміз,- деді Дәурен Рахымұлы.

Жиын барысында аталмыш комиссия мүшелері Нұрсұлтан Үмбетұлы, Бекахмет Зайниддинұлы, Самат Әкімбекұлы, Жандос Жұмаділлаұлы бүгінге дейін бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдауларды тұрақты өткізіп, сайлаушылармен кездесу жұмыстарының өткендігін, жол картасы туралы атқарылған жұмыстарына тоқталды. Халық қалаулылары әрбір тұрғынның мәселесін жіті назарға алып, оның оң шешімді болуы үшін барынша жұмыс жасап жатқандақтарын жеткізді. Баспасөз мәжілісі аясында қалалық мәслихат депутаттары журналистердің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, алдағы жұмыс жоспарларымен толыққанды бөлісті.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалалық мәслихатта 5 сессия, 12 тұрақты комиссия отырысы өткізіліп, қаралған мәселелерге қатысты 28 шешім қабылданған.

Leave a reply