КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ТҰТЫНУ – ТҰРМЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТКЕ АЙНАЛУЫ ҚАЖЕТ

0
115

Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Түркістан-Су» МКК ұйымдастыруымен 2023 жылға арналған жұмыстар бойынша баспасөз туры өтті.

Аталған кездесуге Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ақтілеу Балғабекұлы, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қалалық мәслихат депутаттары Бекахмет Абусейтов, Ғалымжан Худияров және аталмыш мекеменің директоры, қалалық мәслихат депутаты Ақниет Асылов пен БАҚ өкілдері қатысты. Баспасөз турының негізгі мақсаты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған мәселелерді басшылыққа ала отырып, инвестициялық бағдарламаның орындалуы, кәсіпорын объектілерін қайта жаңарту, активтерін жетілдіруді көздеді.

Сондай-ақ, инвестициялық бағдарламаны іске асырудан алған нәтижелерді халықпен бөлісу, тарифтерден алынатын қаражатты мақсатты қолдану туралы тұтынушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу ұйымдастырылды. Естеріңізге сала кетейік, Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында:

– Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес. Үкімет жаңа инфрақұрылымдық жоспарда осы саладағы барлық түйткілді ашық көрсетіп, оны шешу жолдарын анықтауға тиіс. Су электр станцияларын дамыту мәселесі назардан тыс қалмайды. Электр қуатымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету – технологиялық тұрғыдан алғанда тығыз байланысқан біртұтас жүйе. Оған экономиканың аса маңызды жеке саласы ретінде қараған абзал. Осы салаға қатысты қазіргі ұстаным негізінен өзектілігін жоғалтты. Енді жаңа шешімдер керек, – деген болатын. Осыған орай, пресс-тур барысында сарқынды су айдау станциясы мен тозығы жеткен ауыз су жүйесін ауыстыру жұмыстары жөнінде ақпарат берілді. Дәлірек айтсақ, «Түркістан-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай мекеме жұмысымен таныстырды. Атқарылатын ағымдағы жұмыстардың жоспарымен бөлісіп, арнайы сарқынды су айдау станциясына алып барды. Ондағы мамандардың қызметімен танысқан қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды.

– Жөндеу-жұмыстары бойынша іс-шараларды жүргізу, инфрақұрылымдарды жаңарту бойынша жыл басынан бері министрлік үлкен ауқымды жұмыстар жүргізді. Бірінші кезекте табиғи монополия субьектілерінің жалақысын көтеру бойынша нормаларын қарастырды. Сонымен қатар, қосымша инвестициялар көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Үшінші кезекте иесіз қалған жерлерді күтіп-баптап ұстау шығындарын ретке келтіру жобасы құрылуда. Жоғарыда айтылған инвестициялық бағдарлама жобасында «Түркістан-Су» МКК жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілерді қайта құру және жаңғырту жолымен негізгі құралдардың тозуын 15-20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Мұның бәрі алдағы уақытта аталған «Түркістан-Су» мекемесінің тозу деңгейін төмендетіп, үлкен инвестициялық бағдарламамен жаңартылатын болады. Тағы бір ауқымды жобалар аясында мұндағы мамандардың айлығы да өсетін болады, – деді Ақтілеу Балғабекұлы.

Айта кетейік, жүйелі жоспарға негізделген іс-шаралар аясында қаламыздағы ауыз су, сарқынды су мәселесіне жауап беретін «Түркістан-Су» мекемесіндегі ескі әрі тозығы жеткен обьектілер жаңартылып, жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, қысы-жазы халыққа қалтқысыз қызмет ететін жұмысшылардың жалақысын жоғарылату тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мекеме басшыларының бірнеше ұсыныстары жүзеге асса, тұрғындар үшін ауыз су мәселесі бұрынғыдан да тиімді бола түспек. Тағы бір мәселе. Жолдауда айтылған тариф саясаты, ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды енгізу бойынша:

– Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру қажет. Табиғи монополия субъектілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қонымды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс, – деген Мемлекет басшысының сөзі алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларды жеделдетуге септігін тигізеді деген сенім бар.

Дәурен МЕҢДАЛЫ.

Leave a reply