Saturday, November 23

ТҮРКІСТАНДАҒЫ  «КӨШЕ ШЕДЕВРЛЕРІ»

0
133

Бүгінде тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеп, безендіру сәнге айналып келеді. Тіпті ғимаратқа салынған кейбір бейне тұрғындарға ерекше рух беріп, көпшіліктің сәулет өнеріне деген түсінігін одан әрі кеңейтуде. 2017 жылы еліміздің беделді қалаларында басталған бұл үрдіс бүгінде рухани шаһар Түркістанда да қолданысқа енді. Қазір тарихи шаһар келбеті бейнелеу өнерімен ұштасып, терең рухани кеңістіктің сырын шертіп тұр. Көз тартар ғимараттағы өнер туындылары қазіргі тілмен «мурал» деп аталады. Жалпы мурал деген не, оның мағынасы қандай, авторы кім? Бүгін дәл осы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

Мурал – бұл өте ірі көлемді өнер туындысы, көбінесе, қабырға бетіне салынған сурет. «Мурал» сөзі ағылшын тілінен аударғанда – «қабырғадағы сурет» деген мағынаны білдіреді. Мурал-арт суреттері кез-келген жерге бояу жағып кету, ретсіз сурет салу емес, бұл – биік ғимараттардың қабырғаларына жергілікті биліктің арнайы рұқсатымен сурет салуды көздеген заманауи көше өнері. Мұндай суреттер әлемнің көптеген ірі қаласында бар. Әсіресе, стрит-арттың астанасы саналатын Лондон, Берлин, Лиссабон сияқты әлем шаһарларында жиі кездеседі. Әдетте, муралдар үйлердің сыртқы қабырғаларына, үлкен қоршауларға немесе жер асты өткелдеріне салынады. Әлемде бұл өнер түрі 1920 жылдары жақсы дамыды. Алайда оның тарихы одан да терең болуы бек мүмкін. Себебі он тоғызыншы ғасырдың басында Францияның Шове үңгірінен ірі суреттер табылған. Ал әлемдегі көлемі жағынан ең үлкен мурал кімге тиесілі екенін білесіз бе? Ресейлік суретші – Миша Мостқа тиесілі. Ол 2017 жылы Нижегород облысындағы Выкса қаласында көлемі 10 800 шаршы метр болатын «Эволюция-2» атты монументалды кескіндемені салып шықты. Мурал – жәй ғана бейнелеу өнері емес. Ол тарих қойнауындағы естеліктер мен бүгінгі күнді ұштастырып тұрған идеологиялық кескін. Сонымен қатар, мурал жергілікті билікпен келісілген негізге ғана салынады. Негізі мұндай кескіндерді салу түрлі мамандандырылған суретшілерге жүктеледі, бірақ кейде тиісті тәжірибесі бар көше өнерінің шеберлері де тартылады. Қазақстандағы муралдардың пайда болу тарихы санаулы жыл бұрын Алматыдағы «ARTBAT FEST» фестивалінен басталды. Содан бері мурал өнері еліміздің бірнеше аймақтарында кеңінен тарап, жергілікті билік қолданысқа енгізе бастады.

Ал Түркістандағы муралдарға келер болсақ, қаладағы ең алғашқы мурал 2019 жылы Әмір Темір аялдамасы маңайындағы тұрғын үйлердің қабырғаларына салынды. Түйе мен керуендік көштің символына негізделген туынды «Кеш керуені» деп аталады. Аталмыш туындыны жергілікті билік Түркістан облыс статусын енді иемденген жылы қолға алған. Нәтижесінде, ежелгі Түркістан мен гүлденген Түркістанның арасындағы керуенді көшті керемет бейне-лейтін туынды жарық көріп, қала көркін одан әрі аша түсті.

Одан кейін, екінші мурал 2020 жылы Түркістан қаласына қарасты «Отырар» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына қазақ даласының төл перзенті, түркі халықтарының ұлы ойшылы Қожа Ахмет Ясауидің бейнесіне арналды. Туынды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Түркістан қалалық әкімдігінің қолдауымен салынды. Аз уақыт ішінде «Әділ сөйлеп, адал жүр» деген кескіндегі даналық көпшіліктің ауыз екі қолданысына еніп, муралдың атауына айналды. Көз тартар композицияның негізгі ерекшелігі – биіктігі 15 метрді құрайды.

Одан кейінгі мурал 2020 жылы «Сауран» мөлтек ауданында қауіпті індеттің алдын алу мен науқастарды аман алып қалу да қажырлы еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға арналды. Мағыналық мәні зор мурал сыртқы көрінісі мен тағлымдық жағынан ескі ғимараттың сәнін ашып, тағы да көзге ілікті. Тұрғындардың көңілінен шыққан дүниені қала әкімдігі шаһардың өзге де аумақтарына салуды жөн көрген. Артынша «Отырар» ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің қасбетіне Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ойшылдың даналық сөзі жазылған мурал салынды.

Түркістан қаласында жаңадан құрылған осы «Отырар» ықшам ауданында кейіннен бұдан бөлек тағы екі мурал салынған. Біреуі ұлттық ойын көкпарды дәріптесе, екіншісі қазақ қашанда төріне іліп дәріптеген тағаның бейнесі. Аталмыш екі муралды сол жылдары Түркістан қаласының сәулет бөлімінің басшысы болған Айдос Кентугаев демеушілер есебінен салдырған. Алайда мурал ұзындығы, авторы жайлы толық дерек іздеп таба алмадық.

Бір қызығы жоғарыда аталған үш муралдың авторы бір. Яғни бұл көше шедеврлерінің авторы – шымкенттік Cross crew шығармашылық тобының жұмыстары. Оның негізін қалаушы Азамат Халиков ең алдымен облыс орталығының тұрғындарына пандемиямен күрескен дәрігерлерге арналған муралды сыйға тартқан. Азаматтың авторлық жобасы – Қазақстанның көрнекті тұлғаларының портреттер сериясы. Түркістан қаласының әкімдігі Азаматқа бұл муралдарды салғызу үшін мемлекет қаржысынан шығын шығармаған. Шығармашылық топ жұмыстары демеушілер есебінен жүргізілген.

Мурал кеше басталған өнер емес, оның тарихы тереңде жатыр. Суретшілер бұл жұмыс емес, өмір мәні дейді. Байқағанымыздай, Түркістанда мурал салу 2021 жылдан бастап тоқтаған. Алайда бұл «мүлде бас тартты» деген сөз емес. Алдағы уақытта жергілікті билік мурал өнерін қайта қолға алып, шаһар келбеті тағы да ерекше туындылармен толығатынына сенімдіміз.

Ғалия БИСЕЙІТ.

Leave a reply