ЖЕДЕЛСАТЫ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ МЕ?

0
104

Соңғы кезде жеделсаты мәселесі Түркістан қаласында ғана емес, еліміздің басқа да үлкен қалаларында жиі айтылып жүр. Әлбетте көпқабатты үй тұрғындарының қауіпсіздігі алаңдатпай қоймайды. Ал жақында жеделсатының аңғарына түсіп кетіп ажал құшқан апаның оқиғасынан кейін жеделсаты мәселесі тіпті өзекті тақырыптардың біріне айналды. Сондықтан жеделсаты мәселесінің ары қарай қалай өрбігені жөнінде білмек үшін «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы» бөліміне бас сұққан едік.

Бөлім мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласы бойынша жалпы 297 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 93 үйде – 220 жеделсаты бар. Оның 77-і көпқабатты тұрғын үй тұрғындарымен келісім шарт түзіліп, лифтіге «Turkestan Lift» ЖШС, «Lift Pro Service», «Астана сервис» ЖШС-і сервистік қызмет көрсетуде.

Аталмыш бөлім басшысы Талғат Үсенбаев келеңсіз оқиға жайлы былай дейді: «Жақында болған жазатайым оқиға бәрімізге де оңай соққан жоқ. Бұл үйлер 2022 жылдың ақпан айында тапсырылған. Содан бері осындағы жұрт жеделсатының тоқтап, жиі бұзылып жатқанын айтқан. Оқиға орын алған кезде 5-қабатта тұрғын үйдің жеделсатыларын жөндеумен айналысатын «Lift Pro servis» компаниясы жеделсатыны жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан. Жөндеу жұмыстары туралы үй тұрғындарына алдын ала хабарланған. Лифтіні тоқтатып, қосалқы бөлшектерін ауыстыру жұмыстарына кіріскен, сол арада осындай жағдай болды. Қарияның жөндеу жұмыстарын ескермей, абайсызда қалай кіріп кеткені түсініксіз болып жатыр. Енді қайталанбас үшін тиісті шаралар қолдануымыз қажет».

Бүгінде үй тұрғындарымен жіті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, яғни ҚР «Тұрғын қатынастары туралы» заңына сайкес, көпқабатты тұрғын үйлерге сервистік қызмет көрсету келісім шарттары әр тұтынушымен емес, сол үйдің Басқару формасымен түзілуі қажет және осыған орай, тұрғын үйлерде ҚР «Тұрғын қатынастары туралы» заңының 42-бабына сәйкес, ММИБ-«Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» немесе ЖС-«Жай серіктестік» құрылуы керек. Басқару формасы айқындалып, бекітілмеген көпқабатты тұрғын үйлерге жеделсаты жүйесі тоқтатылады және лифтіге сервистік қызмет көрсетілмейтіні жөнінде тұрғындарға, көпқабатты үйлердің кіреберіс есіктеріне хабарлама ілінді.

Мекеменің берген мәліметінше, Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс» бөліміне мердігерлерге лифтілерді өндірістік қауіпсіздіктен өткізу-қабылдау актісін жасауға ықпал жасау үшін 22.05.2023 жылы №18-02-10/304 санды хат жолданған.

Қала әкімінің 29 тамыз 2023 жылы №53-ө өкімімен көп қабатты тұрғын үйлерде жеделсатылардың қалыпты немесе қауіпті жағдайлары бойынша ақауларын анықтау мақсатында жұмысшы топтың құрамы бекітілген болатын.

Сонымен қатар, ММИБ-«Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» немесе ЖС-«Жай серіктестік» құру бойынша жиналыстар өткізу барысында тұрақты түрде қосымша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде хабарланған.

Осы ретте ММИБ-«Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» немесе ЖС-«Жай серіктестік» жайлы газет бетінде түсіндіре кетсек, Меншік иелері бірлестігі – бір көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған, кондоминиум нысанын басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым.

МИБ пәтер иелерінен құрылады. Оны басқаратын төраға бір жылға сайланады. Ай сайын жиналатын ақша сомасын тұрғындардың өзі белгілейді. Жергілікті бюджет қаржысы жеткілікті болса, МИБ-тің жеделсатыларды ауыстыруға құқығы бар. Бірақ, міндетті түрде осы мәселеге қатысты жиналыс өткізілуі тиіс. Онда тұрғындар жеделсатыны ауыстыруға келісім беруі шарт.

Жай серіктестік (ЖМ) — заңды тұлға құрмай, «бір үй – бір ЖС – бір есепшот» принципі бойынша жұмыс істейді. Бір іргетаста орналасқан не үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері әрбір көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің жалпы санының үштен екісінен астамының келісімі бойынша бір ММИБ немесе ЖС құруға құқылы.

«Бір үй – бір ЖС – бір есепшот» принципі аясында тұрғындар өз үйін өзі күтіп ұстауға өздері ақша жинап, жиналған ақшаны қайда қалай жұмсауды басқара алды. МИБ құрғанда екі есепшот: ағымдағы және жинақ шоты ашылады. Ағымдағы шот есебінен күнделікті тазалау, жинау, жуу қызметінің ақысын төлеп отыруға болады. Ал жинақ шотына ұзақмерзімді жылға ақша жинап, тұрғын үйді жөндеу, шатырын ауыстыру сияқты жұмыстарды істей алады.

«Қазіргі таңда «Жаңа қала» мөлтек ауданы 11 көше № 6 көпқабатты тұрғын үй төрағасы сайланбаған, ММИБ-«Мүліктің меншік иелерінің бірлестігі» ретінде юстицияға тіркелген соң, жеделсатыны күтіп ұстау бойынша сервистік қызмет көрсету мекемесімен келісім шартқа отыратын болады», – дейді бөлімнің жауапты мамандары.

Ойлап қарасақ, жалпы жеделсатының жарамсыз болып қалуына әсер ететін көптеген себептер бар дейді мамандар. Ең алдымен, лифтіге белгіленген мөлшерден артық салмақтағы жүк салу жеделсатының жұмысын тежейді. Мысалы, «8 адамнан артық мінуге болмайды» деп маңдайшасына ескерту жазылған, өзіміз күнделікті пайдаланып отырған қазақ-түрік университетінің жеделсатысын қаншама студенттеріміз ескертуге мән бермей пайдаланады. Дәл осы себептен жеделсатылардың 20 пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Дәл осы себептен университеттің лифтісі де жиі бұзылады. Көпшілік ескертуге немқұрайлы қарайды. Ал немқұрайлылықтан басталған істің соңы өкінішке алып келетіні аян.

Әрине, көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсатының дұрыс жұмыс жасауы қарапайым халық үшін өзекті мәселе. Күнделікті қолданып жүрген жеделсатыға баса мән бермегенімізбен, күтпеген жерден тұрғындар өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге бейжай қарамай, жоғарыда аталған бірлестіктермен дер кезінде келісімшартқа тұрып, ортақ мүлікті игілігімізге пайдаланғанымыз абзал. Қанша дегенмен «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы мықтап ұстанған ел емеспіз бе?!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Leave a reply