ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі – халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Бұл ретте, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру.
Жыл басынан Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мәселелері бойынша азаматтардың 51 өтініші қаралды. Оның қорытындысы бойынша 9 жеке және заңды тұлғаның дәлелдері расталып, құқықтары қалпына келтірілді.
Азаматтар тарапынан түскен шағымдардың көпшілігі жер қатынастары, сәулет, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы іс-әрекеттерге қатысты болып отыр.
Мәселен, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша департаменті қызмет алушының Түркістан қаласының Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің (бұдан әрі – Бөлім) тұрғын үйге кезекке тұрудан негізсіз бас тартуға қатысты шағымын жоспардан тыс тексеру арқылы қарады.
Алайда, Бөлім тарапынан аталған өтінішке Қағидада белгіленген талаптарды сақталмай, қызмет көрсетуден негізсіз бас тартылғаны анықталды.
Нәтижесінде, қызметті алушының аталған мемлекеттік қызметті алу үшін қайта берілген өтініші негізінде, Бөлім тарапынан тұрғын үй кезегіне есепке алу хабарламасымен құқығы қалпына келтірілді.
Өз кезегінде, Департамент тексеру нәтижесімен анықталған бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмау, оның ішінде кінәлі мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігін қарау мәселелері туралы нұсқама енгізді.
Атап өту керек, ағымдағы жылы Түркістан өңірінде мемлекеттік қызметтерді алу саласындағы мәселелерді жедел шешуге және қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында QR-кодтар көрсетілген Telegram арнасы іске қосылды.
Аталған арна арқылы азаматтар қандай да бір қызметті алу кезінде туындаған мәселелер бойынша өз сауалдарын жолдай алады. Департамент қызметкерлері заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою жөнінде дереу шаралар қабылдайтын болады.
Қамбар Жанар Қалдымұратқызы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының
бас маманы.