КӨПШІЛІК КӨПІРДІҢ БІТУІН АСЫҒА КҮТУДЕ

0
104

Бүгінгі таңда Түркістанда құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын үлкен жолдардың бірінен кейін бірі қазып тастаған көрінісінен аңғаруға болады. Әрине, күнделікті сол жолмен өтіп жатқан жолаушыға да, көлік жүргізушісіне де бұл оңай соғып жатпағаны анық. Кедір-бұдыр тар жол, шаңы аспанға көтерілген көше, бұртиған жолаушы. Десе де жарқын болашаққа, құрылысы бітіп, халқы игілігін көріп жатқан көшелерге сеніммен қарасаң, ескі қала аумағы саналатын көптеген көшелердің алдағы уақытта керегесі кеңейіп, көсегесі көгергелі жатқанын айтуға толық негіз бар. Өйткені тынымсыз жұмыс күндіз-түні жүріп жатыр.

Өзіміз бала кезде «жолдың асты» (көпірдің арғы беті болғаннан солай десе керек) атап кеткен, бүгінде Бекзат мөлтек ауданына қарай өтетін жалғыз көпірді көруді, үстімен ары-бері жүріп өтуді қызық көретінбіз. Ал жоғарыдан төмен қарағандағы жүйіткіген пойыздардың жүрісі одан сайын таңдандыратын. «Елу жылда ел жаңа». Балалық шақтың қызықты көріністерінің бірі – сол көпір бүгінде әбден ескірді. Әрі халықтың пайдалануы үшін де қауіпті.

Сол себепті 2023 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің тарапынан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және қолайлы орта қалыптастыру мақсатында, 2 дана жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарланған болатын.

Түркістан қаласы әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында құрылысын жүргізу жоспарланған 2 дана жаяу жүргіншілер көпірлері Бекзат тұрғын алқабында орналасқан. Құрылысы жоспарланған жаяу жүргіншілер көпірі Бекзат тұрғын алқабының тұрғындарын Шауғар және Сауран секторы бағытына жалғайтын, теміржол бойынан тұрғындардың үздіксіз және қауіпсіз жүріп өтуін қамтамасыз ететін нысан болып табылады.

Атап өтсек, олар:

  1. Бекзат мөлтек ауданы, Теміржол вокзалы аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі (ПК5+45, 3106 км).
  2. Бекзат мөлтек ауданы, Түрік ауылының аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі (ПК2+50, 3103 км).

Ағымдағы жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстары бастау алды. Қазіргі таңда халықтың игілігіне салынып жатқан көпірдің иентіректерін және бағаналарын орнату жұмыстары іске асырылуда. Нысан 2024 жылға өтпелі болып табылады. Аталған нысан толығымен аяқталғаннан кейін, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалынып, қауіпсіздік деңгейі артатын болады.

Айта кетейік, Бекзат мөлтек ауданы, Теміржол вокзалы аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірін іске асыру мерзімі – 2023-2024 жылдар аралығы. Жоба құны– 542 млн. тг.; 2023 жылға бөлінген қаржы – 369,8 млн. тг. Ал тапсырыс беруші: Түркістан қаласы әкімдігінің «ЖК және АЖ бөлімі» ММ-і; Мердігер: «АлемТрансЖол» ЖШС; Авторлық қадағалаушы: «МПК Проект» ЖШС; Техникалық қадағалаушы: «ТК и З» ЖШС болып табылады.

Және екінші көпірді, яғни Бекзат мөлтек ауданы, Түрік ауылының аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірін іске асыру мерзімі – 2023-2024 жылдар аралығы. Жоба құны– 348,1 млн. тг.; 2023 жылға бөлінген қаржы – 302,5 млн. тг.; Тапсырыс беруші: Түркістан қаласы әкімдігінің «ЖК және АЖ бөлімі» ММ-і; Мердігер: «АлемТрансЖол» ЖШС; Авторлық қадағалаушы: «МПК Проект» ЖШС; Техникалық қадағалаушы: «ТК и З» ЖШС.

«Жол азабын жүрген біледі». Амандық болса, осынау көпір құрылысының салынып жатқанын естіген халық оның тезірек бітіп, алдағы жылы пайдалануға берілетінін тағатсыздана күтіп жүр.

Н.ИМАНҚҰЛОВА.

 

Leave a reply