ЖЕТПІСТЕГІ ЖІГІТ АҒАСЫ

0
90

Сауран ауданында Балтабай Ермекбайұлы Жарылқасыновты естияр кісілердің барлығы таниды десек артық айтқандық емес. Себебі ол Сауран аудандық Ақсақалдар және билер алқасының төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Жастарға ақыл кеңесін беріп отырады. Қаңтардың 30-ында жетпіс жасқа аяқ басқалы отырған Балтабай Ермекбайұлының өмірбаянына тоқталсақ.
Балтабай Ермекбайұлы Жарылқасынов 1954 жылы 30 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі ауылында дүниеге келген. 1972-1976 жылдары Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтын «француз тілі мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 1976 жылы Түркістан ауданына қарасты Ы.Алтынсарин атындағы сегіз жылдық мектепке мұғалім болып қызметке қабылданған. 1986-1990 жылдары осы мектепте директордың оқу-ағарту саласында орынбасары болды. 1990-2017 жылдары Түркістан қаласына қарасты Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің директоры қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан. 2015 жылы Түркістан қалалық Ақсақалдар алқасының мүшесі атанса, 2018 жылы Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, 2021 жылдың 18 қазанынан бастап, Сауран ауданының Ақсақалдар және билер алқасының төрағасы болып сайланған.
Балтабай Ермекбайұлы әр жылдары еңбегі ескеріліп көптеген марапаттарға ие болды. Мәселен, 2005 жылы Түркістан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы С.Арысбековтың «Алғыс хатымен» марапатталды. 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы білім департаменті директорының бұйрығымен «француз тілі пәнінен жоғары санат» берілген болатын. 2006 жылы Түркістан қаласының әкімі Ә.Бектаевтың «Алғыс хатымен», 2007 жылы ҚР Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаевтың «Алғыс хатымен», 2014 жылы Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің төрайымы Г.Әсілбаеваның «Құттықтау хатымен», 2016 жылы Түркістан қаласы әкімінің «Алғыс хатымен», 2016 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен, 2016 жылы Түркістан қаласының «Құрметті ақсақалы» медалімен марапатталды. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің шешімімен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2018 жылы Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Ел ардақтысы» медалімен наградталды. 2018 жылы Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының «Алғыс хатымен», 2021 жылы Сауран ауданы әкімінің «Алғыс хатымен», 2021 жылы Сауран аудандық мәслихатының «Алғыс хатымен», 2021 жылы Сауран аудандық ішкі саясат бөлімінің «Алғыс хатымен» марапатталған. Қазіргі таңда Сауран ауданының «Құрметті азаматы».
Балтабай Ермекбайұлының хабарлауынша, «Сауран аудандық ақсақалдар және билер алқасы 2021 жылы құрылған. Сол бойда Түркістан облыстық Әділет басқармасына тіркелген. Қазіргі таңда он екі ауылдық округтегі 500-ден астам ақсақалдар қоғамдық ұйымның мүшелері. Ақсақалдар мен билер ел ішіндегі даулы жайларды шешіп, отбасыларын татуластырып, жұртшылықты ынтымақ-бірлікке шақырады. Осыдан үш жыл бұрын басталған «Таза көше. Таза аула. Таза үй» және «Өнегелі отбасы» байқаулары өткізіліп отырады.
Жалпы еңбек өтілі 45 жыл. Балтабай Ермекбайұлы 1975 жылы Мағираш Жақсылыққызымен отасып, одан төрт ұл, 15 немере, бір шөбере сүйіп отыр.
Өмірінің жартысынан көбін ағарту саласына арнаған Балтабай Ермекбайұлын осынау 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз. Бала-шағасының қызығын көріп, шат-шадыман отбасында ғана емес, ағайынға да дос жарандарға ақылгөй аға болып, асқаралы асуларды аса беріңіз деп тілейміз.
Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply