КІРПІШ КЕРЕК БОЛСА, «KADIRISКЕ» КЕЛІҢІЗ

0
136

Түркістандағы Индустриалды аймақта орналасқан тағы да бір өндіріс орны «KADIRIS» кірпіш зауыты туралы аз-кем әңгіме өрбітсек. Облыс орталығына айналғалы қаламызда небір әсем ғимараттар бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүргені мәлім. Осыған орай кірпіш, құрылыс материалдары өндірісі де жәдігер шаһарда кең құлаш жая бастады. Біз шағын өндіріс орны «KADIRIS-тің» тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.

ӨНДІРІС КӨЛЕМІН ТАПСЫРЫС АЙҚЫНДАЙДЫ

– Біздер, күйген кірпіш өндірісін 2014-2015 жылдары шағын цех ретінде ашып, бастаған болатынбыз. 2016 жылдан бастап, ресми түрде кірпіш зауыты жұмысын жүргізіп келеді. 2020 жылдан Индустриалды аймақтан орын алып, өндіріс ауқымын кеңейтіп, цехты жаңа қондырғылармен қамтып, жүйелі түрде зауыт жұмысын жүргізіп жатырмыз.

Зауытты құрған кезде, әкімдік тарапынан, мемлекеттен қолдау болды. Осы жерден орын берді, зауыт қондырғыларын құрып, инфрақұрылым мәселесін толықтай шешіп берді. Электр энергиясы, су , газ т.б. бәрі де шешімін тапты. Бұған әрине алғысымыз шексіз. Бүгінде зауытта 30 адам жұмыс істейді. Күніне 5-10 мың дана кірпіш шығарып жатырмыз. Бағасы да қолжетімді: стандартты кірпіш – 40 теңгеден, 1,5-тік (полторажка) кірпіш – 55 теңгеден сатылуда. Кірпіш ­­– баламасы жоқ құрылыс материалы. Жақсылап пісірілген, стандартқа сай кірпіштердің беріктігі мың жылдарға жетеді. Бағасы қымбаттау болғанымен сапасы, төзімділігі, беріктігі жоғары. Алайда, тұтынушылардың көбісі арзан материалға әуес. Үйді кесектен, шлакоблоктан соғып жатады. Шлакоблок қыста суық болса, жазда ыстық тартады. Сапасы жағынан классикалық өнім кірпішке жетпейді деп санаймын, оны тәжірибелі құрылысшылар да біледі, мойындайды. Кірпішке сұраныс жоқ емес, әрине. Бірақ бәсекелістік те жоғары. Алушылар көбіне Түркістан, Кентау, Сауран ауданы ауылдарынан, арасында Отырар ауданының кейбір ауылдарынан аз-аздап келіп жатыр. Біздің зауытты көпшілік білмей жатыр, әзірге нарықта танылып үлгерген жоқпыз. Қалада, іргеде зауыт бола тұра көпшілік кірпішті Бадамнан тасиды. Әрине, нарықта 20 жылдан астам танымал, орныққан зауыттар болғандықтан бұл заңды да. Өткен 2021, 2022 жылдардары тапсырыс көлемі жоғары болды. Ол кезде 50-60 адам 2 ауысымда жұмыс істеп, тәулігіне 30 мыңға дейін шығарған кездеріміз болды. Өндіріс көлемін қашанда тапсырыс айқындайды ғой. Тапсырыс болса соған қарай жұмыс болады, жұмысшы саны да артады,- дейді зауыт басшы Абділахат Хамитмергенұлы.

 

БАСТЫ МӘСЕЛЕ ­– КЛИЕНТ ТАРТУ

-Шикізат жағы қалай, құм-топырақты қайдан аласыздар-деген сұрағымызға сұхбаттасымыз былай деп ойын өрбітті.

«Жалпы, кірпіш таза табиғи топырықтан жасалуы тиіс. Сауран ауданында келісімшарт бойынша арнайы карьерден сатып алып отырмыз. Шығарған өніміміз сапалы болсын деп 70 шақырым жерден қашықсынбай тасып отырмыз. Өзіміздің екі-үш жүк көлігіміз бар.Топырақтың сапасы жақсы, цехтың құрал-жабдықтары да сапалы. Қытайдан алдырғанбыз. Ирандық құрал-жабдық, техникамыз да бар, бірақ ол қаптамалы (облицованный) кірпіш жасауға арналған аппарат. Әзірге оған тапсырыс болмағандықтан тоқтап тұр. Тек стандартты кәдуілгі кірпіш шығарып жатырмыз. Жалпы, биылғы жылы құрылыс қарқыны бәсең тартып қалғандай, өндіріс те баяулау жүруде. Жаңа қаладағы біраз фирмалар басқа құрылыс материалын таңдап кетті, бірқатарының бұрыннан байланысы бар кірпіш зауыттары бар. Қысқасы, өнімдеріміздің өтімі баяулап қалды. Алдыңғы жылдары өте қарқынды жүрген еді. Сол жылдары жаңа қалада құрылыс жүргізген компанияларға кірпіштерімізді қарызға бергенбіз. Алдыңғы жылғы сатқан өнімдерімізден алашағымызды ала алмай жатқан жайымыз да бар. Біздегі басты мәселе – кірпішке клиент тарту жайы. Бізге сол жарнама жағы жетпей тұрғандай, әлі де болса қала тұрғындары іргеде зауыт барын білмейтін секілді. Шымқалаға, Бадамға қарай тарта бермей, тұтынушының өзіне де тиімді жақын жердегі зауыттан алса деген тілегіміз бар», – дейді өндіріс орнының жетекшісі.

Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply