Жұмыстар жүйелі жүргізілуде
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру жоспарына сәйкес Сайрам ауданында 5 370 азаматты аталған бағдарламаның белсенді іс-шараларымен қамтамасыз ету көзделген еді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту шараларына барлығы 11 666 азамат қатысып, тапсырма 217 пайыз орындалды. Біз жұмысқа ілікпеген, нәпақасын маңдай термен таба алмай, тығырыққа тірелген азаматтардың әлеуметтік мәселесін шешу бағытында қандай тірліктер қолға алынғаны туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Абзал Қазанғаповтан сұрағанбыз.
Аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының мәлімдеуінше, ауылдарды көріктендіру және көгалдандыру мақсатында аудандық, республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан қаржы қарастырылып, 1 050 азаматты қоғамдық жұмыстарға тартудың мүмкіндігі туды. Былтыр 1 824 азамат қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысса, биыл алғашқы үш айда
1 543 азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Біздің қоғамда әсіресе, жасы елуден асқандарға жұмыс табу қиын. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасын қолға алды. Ауданда 5 азаматтың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге жергілікті бюджеттен 2 млн. 552 мың теңге қаржы бөлінген. Назар аударатын мәселе, зейнет жасына аз уақыт қалған жұмыссыздарға көмектесу үшін «Күміс жас» жобасы аясында өткен жылы 60 азаматты жұмыспен қамтуға Ұлттық қордан 42 млн. 224 мың теңге қаржы қарастырылған. Директордың айтуынша, бір жылдың көлемінде ауданда 85 азамат жұмысқа орналасып, бөлінген қаржы толық игерілген. Биылғы 4 айда 179 азамат жоғарыда аталған жоба аясында жұмысқа жолданды және былтырдан қалған осы жоба аясындағы 71 азаматтың еңбекақысын субсидиялау үшін 38 млн. 982 мың теңге қаржы игерілді. Ал, республикалық бюджеттен бөлінген 111 млн. 780 мың теңгеге жұмыссыздар санатындағы 90 азаматты алғашқы жұмыс орындарына жолдау міндеттелген. Қазіргі таңда 87 азамат жұмыспен қамтылып, өздерінің нәпақасын тауып жүр.
– Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, оларды нәтижелі жұмыспен қамту – бүгінгі күннің басты мәселесі. Осы мақсатта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстардың арқасында аталған бағдарламаға жүгінген жастар санатындағы 5 247 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 933 жас түлек «Жастар практикасымен», 79-ы алғашқы жұмыс орнымен, 92 азамат әлеуметтік жұмыспен, 817-сі қоғамдық жұмыс орындарымен, 5 азамат «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен, 1 887 адам тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылды. Ал, 13 азамат кәсіптік оқуға жолданып, 1 260 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына қатысты, сондай-ақ, 161 азаматқа мемлекеттік грант берілді. Былтыр 5 935 отбасыға немесе 31 450 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек беру жоспарланып, нәтижеде 3 491 отбасыға немесе 18 621 адамға көмек тағайындалды.
Биыл аудан бойынша 7 272 азаматты жұмыспен қамту үшін бюджеттен 2,7 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Осы мерзім ішінде 3 686 азамат жобаға қатысып, жоспар 50,7 пайызға орындалды. Тарқатып айтар болсақ, ауданда 56 азаматты кәсіптік оқытуға қаржы жергілікті бюджеттен қаралса, жұмысшылар жалақысының 35 пайызы субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындарына мемлекет қазынасынан қаржы бөлінді, 420 азаматты уақытша жұмыспен қамту көзделді, – дейді А.Қазанғапов.
Жалпы, ауданда бастапқы бизнес идеяларын іске асыруға арналған мемлекеттік грантты бөлу, материалдық тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары назардан тыс қалған емес. Соның ішінде, мүгедек жандарға әлеуметтік жұмыс орындарын ашу — өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағытта да нәтижелі жұмыстар қолға алынуда.
Ахметжан БЕРДІҚҰЛ.
Сайрам ауданы.