ТОЛЫҚ ЖӨНДЕУДЕН ӨТКІЗІЛМЕК

0
136

Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде күннен күнге көркейіп, абаттанып келе жатыр. Киелі қаламыз рухани әрі мәдени, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған шаһарға айналып келе жатқанына жергілікті халық та, жан-жақтан ағылып келе жатқан туристер де куә. Негізі қаламызда бой көтерген «Президент саябағы», «Руханият», «Парасат», «Гүлдер» саябақтары, жөндеуден өткен «Жеңіс» саябағы, Әйтеке би атындағы т.б. көптеген саябақтардың, сондай-ақ Қазыбек би, Төле би секілді аллеялардың атының өзіне ерекше мән беріп қарасаңыз, салмақты міндетті арқалап тұрғаны аңғарылады. Аталмыш саябақтар облыс орталығы тұрғындарының сүйікті демалыс аймақтарының біріне айналып қана қоймай, демалуға келген жандар атына заты сай, осы саябақтардан рухани демалыс алсын, парасатты жандар көбейе берсін деген бата-тілек пен зор жауапкершілік жүктеліп тұрғандай, солай емес пе?

Ендеше сондай саялы саябақтардың бірі – қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан, құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға берілген «Парасат» саябағы. Демалыс орнының құрылыс жұмыстары о баста «Түркістан жарық тазалық» ЖШС мекемесі тарапынан жүргізілген. Демалыс аймағының құрылыс монтаж жұмыстарына 260 млн. 742,92 мың.теңге қаржы бөлінген.

Айта кетейік, Парасат саябағы Түркістан қаласы облыс орталығы болғанға дейін құрылысы салынған. Негізігі мақсаты қала тұрғындары серуендеуге, демалуға арналған. Саябақ алғаш пайдалануға берілгенде абаттандырылып, архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған болатын. Онда жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған. Саябақты сумен қамтамасыз ету жүйесі толығымен автоматтандырылған болатын. Аумағы 14,0 га құрайтын саябақта кіре беріс арка, аяқжолдар, балалардың емін-еркін спортпен шұғылдануы үшін ойын алаңшалары, сахна, орындықтар, түнгі жарықтар қаралған, түрлі жеміс ағаштары, шыршалар отырғызылған. Саялы демалыс орнында жасанды көл салынып, көпір орнатылған. Тұрғындарға жайлы, қолайлы жағдай жасау мақсатында жаздың ыстық күндерінде салқын ауа сыйлауға сеп болатын арықшалар қоқыстардан тазартылып, көміліп қалған, сондай-ақ топырақ басқан арықтардың көзі ашылған болатын.

Дегенмен, одан бері қалада көптеген құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп, бұл саябақтың күтімі қалған нысандардан қалыс қалғаны жасырын емес. Ел ішінде бір тентектің болатыны белгілі. Бұзақы балалардың саябақ мүлкіне зақым келтіргені, орындықтарды, шам жарықтарын сындырғаны байқалады. Бірақ көңіл көншітетіні, аталмыш саябақтың көгалдандыру жұмыстарына жауапты жұмысшы Сейітбек Дүйсенбаев өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, 14,0 га құрайтын саябаққа егілген шырша, терек, т.б. жеміс ағаштарының қурап қалмауына жол бермей, уақытылы суарып жүр екен. Барлық ағаштардың көгеріп, жайқалып тұрғаны көңілге медеу сыйлады. Демек, жылдар бойы көктің көгеруін күттіретін жұмыстардың негізі сақталған. Ал саябаққа көп уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты тозып кеткен және саябаққа келушілер саны азайған.

Осы ретте, қуана жеткізетін жаңалықтардың бірі – саябақты қайта ретке келтіру мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесімен реконструкция жұмыстарына жоба-сметалы құжаттама әзірленді. Жобалаушы болып «МПК-Проект» ЖШС анықталды. Жоба сараптаманың оң қорытындысын алып, құрылысын салуға 2023 жылға қаржы бөлінді. Саябаққа мердігер мекеме ретінде «Компания Өнім» ЖШС анықталды.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Байжанов Алмас мырзаның мәліметіне сәйкес, жаңа жоба бойынша саябақтың бас жоспары өзгертіліп, барлық инженерлік жүйелер (су, кәріз, суару жүйесу, электр жүйелері, жарықтандыру, бейнебақылау) қайта жүргізіледі. Оған қоса Амфитеатр, арка, көлеңкелейтін шатырлар, пергола, кіші-архитектуралық формалар, балалар ойын алаңшалары, спорт алаңшалары, аяқжолдар, веложолдар, баскетбол, теннис алаңдарын салу, автокөлік тұрақтары салынады деп күтілуде. Жалпы жобаға сәйкес құрылыс алаңы: 4498,7 м2, жабындылар алаңы: 41 514,0 м2, көгалдандыру алаңы: 87 024,3 м2 құрайды.

Қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүргізіліп, жер тегістеу, аяқжолдар төсеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың аяқталуы 2024 жылдың көктем мезгілінде аяқтау жоспарлануда.

Осы ретте айта кеткен жөн, халық игілігіне пайдалануға берілген, еліміздің жауһарына айналатын Түркістандағы әрбір нысан біз үшін аса маңызды. Мұндай орындардың жаңаруы, жаңғыруы тұрғындарға жайлылық пен ыңғайлылық танытатынын түсінетін кез жетті. Осындай саялы демалыс орындарын күтіп-ұстау қаланың әрбір тұрғынының міндеті екенін ұмытпағанымыз, сеніммен берілген әр дүниеге жанашырлықпен қарап, келешек ұрпаққа жарамды түрде жеткізгеніміз абзал.

Жәудір Асанова, саябақ маңындағы үйдің тұрғыны: «Парасат саябағы өздігінен орнатыла салған жоқ. Басында бұл жерге де қаншама күш-жігер жұмсалып, қаражат бөлініп салынғаны көрініп тұр. Сол кезде біз үйден шыға сала осы саябаққа келіп демалуға асығатынбыз. Балаларымыз ойын алаңшаларында алаңсыз ойнаушы еді. Жайлы орындықтарына жайғасып, көршілерімізбен әңгіме-дүкен құрып отырушы едік. Қазір қараусыз қалды. Бір ағай келіп, әрдайым шлангілерді сүйретіп, уақытылы суарып жүреді. Жақында, саябақты жөндейтінін естіп қуанып қалдық. Қала тұрғындарына, осы маңайда тұратын адамдарға өте қажет жер деп ойлаймын. Ендігі жерде қайта жөндеуден өтсе, халық үшін берілген соң ұқыпты ұстап, өз мүлкіміздей қарау – әр адамның парызы деп білемін».

 

Несібелі ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

Leave a reply