Алмас Байжанов: «ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 4 МЫҢНАН АСТАМ ПӘТЕР ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ»

0
106

Бүгінде аумағы кеңейген Түркістан қаласында жергілікті халық саны да артып келе жатқаны белгілі. Осыған орай қалаға кіре берістен келісті келбетімен көз сүйсіндірер көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Ал Президентіміздің өз Жолдаулары мен тапсырмаларында айтып өткеніндей, халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар – негізгі басымдықтардың бірі болса, бұл салада атқарылып жатқан шаруалар шашетектен екенін атап өткен жөн. Осы ретте Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Алмас Байжанов мырзаға жолығып, аталмыш мәселе төңірегінде нақты жауап алған едік.

– Алмас Сапарбайұлы, халқымызда «Баспана – бақыт шамы» деген қанатты сөз бар. Қаламызда осы соңғы үш жылда әрбір айтулы мерекеге орай баспана кілтіне ие болып, қоныс тойын тойлап, жүзі бал-бұл жанған қаншама тұрғындарды көріп жатырмыз. Бұл дегеніміз, қаламыздың облыс атануының арқасында тұрғындар соның шарапатын көріп жатыр деген сөз. Ендеше тұрғын үй құрылысы жайлы кеңірек мәлімет бере кетсеңіз.

– Иә, сөзіңізге қосыламын, биыл облыс атанған 5 жылдың ішінде көптеген қала тұрғындары баспанаға ие болды. Қаламыздың келбеті өзгеріп, аумағы кеңейді. Әсіресе, «Жаңа қала» деп аталатын аумақта биік үйлер бой көтеріп, «көп балалы отбасы» санатына жататын отбасылар үй алу мүмкіндігіне көптеп ие болды.

Осы орайда нақты деректерге жүгінсек, Түркістан қаласы, Әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үйдің, яғни 5649 пәтердің, 360,6 мың ш.м. (ипотекалық пәтерлер 4488, кезектегі 1161 пәтер) құрылысы басталған. Оның ішінде:

2020 жылы: 336 пәтерлі 7 үй (барлығы ипотекалық пәтерлер) пайдалануға берілсе, 2021 жылы: 1921 пәтерлі 29 үй ипотекалық пәтерлердің 1427, кезектегі отбасыларға берілетін 494 пәтер) иелері қоныс тойларын тойлаған.

2022 жылға 3 392 пәтерлі 53 тұрғын үйдің (217,8 мың ш.м.) (ипотекамен берілетін пәтерлер 2683, кезектегі отбасыларға берілетін 709 пәтер) құрылысы жүргізілді. Аталған үйлердің 2 706 пәтері кредиттік жүйемен сатылса, 686-сы кезектегі отбасыларға үлестірілген. Сонымен қатар пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқанын да айта кету керек.

Жыл қорытындысымен 3155 пәтерлі 49 үй (202,4 мың ш.м.) (ипотекамен берілетін пәтерлер 2482, кезектегі отбасыларға берілетін 673 пәтер) пайдалануға берілді. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.

Қалған 4 үйдің 2 үйін қабылдау бөлінген қаражатқа қарай тамыз, қыркүйек, қазан айларына жоспарланған. Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған тұрғын үйлердің құрылысы Түркістан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы мен облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жүргізіліп, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгеріміне алынды.

 

– Облыстық құрылыс басқармасы тарапынан салынып жатқан тұрғын үйлерге тоқталсаңыз және де тұрғындар баспанаға қандай бағдарлама арқылы қол жеткізуде?

– Иә, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан 2021 жылдан бастап көпқабатты 4298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің 264,1 мың ш.м. (барлығы ипотекалық пәтерлер) құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 6 блок 240 пәтер пайдалануға берілді және барлығы ипотекамен сатылды. Ал қалған үйлердің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы халық игілігіне беріледі деп күтілуде.

Жаңадан салынатын үйлер бойынша Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленді және осы бойынша сараптама қорытындысын алды. Қазіргі таңда құрылысына қаржы бөлініп, мердігерді анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланды. Жеңімпаздар анықталған соң құрылысы қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, 7 қабатты 64 тұрғын үйге жаңадан жоба жасалып, сараптама қорытындысы алынды. Аталған үйлердің құрылысын салып аяқтауға қаржы бөлдіру бойынша бюджеттік өтінім берілді.

Осы сәтті пайдаланып айта кетейін, жыл басынан бері тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған жоқ. Яғни, осы жылдың маусым айынан бастап қабылдау жүргізіледі, биыл мемлекеттік бюджет есебінен салынған 4 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі және салынып жатқан үйлердің басым бөлігі ипотекамен беріледі деп жоспарлануда.

Бағдарламаға келсек, 2019-2020 жылдары салынып, 2021-2022 жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халыққа үлестірілсе, қазіргі таңда Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде үлестірілетін болады.

– Алмас мырза, сұхбатыңызға рахмет! Тұрғындарды қуанышқа кенелтіп, осы бағыттағы жұмыстардың әрі қарай да жалғаса беретініне сеніміміз мол.

Сұхбаттасқан:

Н. ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

Leave a reply