АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ

0
121

Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері шаһардың аумағы да, тұрғындардың саны да күн санап өсіп келеді. Жаңғырудың жаңа жолына қадам басқан қарт қала тұрғындарының әлеуетін арттыру, келушілердің көңілінен шығу үшін түйіткілі түбегейлі шешілуі тиіс мәселелер бар. Солардың бірі – ауыз су.

Тіршілік нәрін тұрақты тұтыну үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Жағымды жаңалықтары жұртшылықты қуантып, жаңа жоспарлары елдің ыстық ықыласына бөленген су мәселесінде ауыз тарқатып айтар әңгімелерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Қасиетті қаланың жалпы аумағы соңғы үш жылда 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайған. Ал, халық саны 165,4 мың адамнан 220 мыңнан аса адамға жеткен. Бұл жайында Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім еткен болатын. Шаһар басшысы ағымдағы жылғы көрсеткіш бойынша қарт қаламыздағы 42 014 абоненттің 41 552-сі ауыз сумен толықтай қамтамасыз етілгенін айтып, жыл соңына дейін таза тіршілік нәріне қол жеткізгендерді 100 пайыздық көрсеткішке жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеген еді. Жылдық жоспарға сәйкес, 2023 жылы 4 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Олардың қатарына «Сауран» ықшам ауданындағы «Мақтазауыт», №1 және №2 аймақтары, «Яссы» мен «Шауғар» ықшам аудандары кіреді.

Түрленген Түркістанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланатын су алу көздері Біресек және Мырғалымсай су жинау резервуарлары. Қала тіршілігі үшін аталған аса маңызды нысандарда 72 000 шаршы метр су жиналып, халыққа беріліп келеді. Резервуарлардағы таза суды елге жеткізу күн тәртібіндегі елеулі мәселелер тізбегінен түспек емес. Атқарылған жұмыстардың көптігімен қоса, облыс орталығына қоныс аударып, күн санап артып келе жатқан халық саны да естен шықпауы керек. Демек, атқарылар жұмыстардың да бір сәтке толастамасы анық.

Халық әлеуетінің артуына инфрақұрылымның тұрақтануы аса маңызды. 2021 жылы Шобанақ пен Әкімшілік-іскерлік орталығы су жинау резервуарлары арқылы тұрғындарды 82,5 пайыз таза сумен қамтамасыз еткенін еске алса, қала басшылығының бүгінгі көрсеткіштері жүйелі жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі деуге толықтай негіз бар.

Ауызсу мәселесі Түркістан қаласына ғана тән қиындық емес. Бұл республикалық деңгейде шешімін шегелеп, мәселесі май шаммен қаралуы тиіс болып тұрған жұмыс. Сөзіміздің дәлелі ретінде ағымдағы жылдың мамыр айында өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың ескертпесін келтіре кетсек болады. Ол, 2025 жылға дейін елдегі барлық қалалар мен ауылдар 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етілуі керектігін айтқан.

«Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз су мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті, Астананың өзінде су тапшылығы қатты сезіле бастады. Бұл ретте, суды үнемдеу маңызды сұрақ болып отыр. Өкінішке орай, көптеген азаматтарымыз суды үнемдегісі келмейді. Бұл сұрақты шешу үшін саналы цифрландыру және тиімді тарифтерді енгізу қажет»,- деген болатын Әлихан Асханұлы.

Түркістан қаласындағы су мәселелері бойынша жауапты «Түркістан Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қала аумағындағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы есеп беріп, тұрғындардың 24 сағат бойы үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етіліп отырғанын айтты. Таза тіршілік нәрі бүгінгі таңда Шобанақ елді мекені жанындағы қоймаға су жиналып, Түркістанға жеткізілетін көрінеді. Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз мың метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджеттен қаржы бөлінгенін және жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін де тілге тиек етті Бауыржан Серікұлы.

«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Жер бетінің үштен төрт бөлігін су алып жатқанымен, ауыз су мәселесі өз шешімін оңай табар түйіткіл емес. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді екенін ескерсек, оған қойылатын талаптарға да баса мән беруіміз заңдылық. Яғни, халыққа ұсынылатын тіршілік нәрінде иісі мен дәм көрсеткіші 2 баллдан аспауы, мөлдірлігі 30 сантиметрден артық болуы, кермектілігі 7-100 ммоль болуы мемлекеттік санитария бекіткен талаптар. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұстанымның дұрыстығына көз жеткізіп үлгерген біздің жұрт су ішерде оның химиялық құрамына да мән беруді ұмытпауы қажет. Себебі, ондағы органикалық заттардың шектен тыс көп немесе аз болуы әртүрлі аурулардың бастамасы болуы ғажап емес. Мәселен, фтор мөлшері 0,7-1,5 мг/л-ден төмендігі флюороз және кариес мәселелерін туындатса, темір, кобальт пен мыстың жетіспеуі – анемия, бордың аз болуы асқазан, никельдің кемдігі – көз ауруларына шалдықтырады дейді мамандар. Сол себепті де, ішер судың сапасын саралап, оның құнарлылығына көңіл бөлу кезек күттірмейді.

Тіршілігі тіріліп, бойына қан қайта жүгірген киелі Түркістандағы ауыз су мәселесіндегі жаңалықтар осындай. Әлем елдерін алаңдатқан таза судың әр тамшысы ұқыпты пайдаланылуы тиіс. Тасын түртсең тарихы төгілетін Түркістанның тіршілік көзі су мәселесіндегі жасап жатқан жұмыстары көңілге қуаныш сыйлап, жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанына ешкім күмән келтірмейтіндей болуы тиіс. «Су ішетін арығы жоқ елдің, Сүзіп алатын балығы жоқ» деген күйге жетпеу маңызды.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Leave a reply