ЖЕТКІНШЕК МӨЛТЕК АУДАНЫНДАҒЫ ЖАҢА ҮЙЛЕР — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылауына алды.
Алдымен Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл аумақта тұрғындарға қолжетімді баспана ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда.
Бүгінгі таңда екі қабатты 3 тұрғын үйдің (жалпы 24 пәтер) құрылысы толық аяқталып, пайдалануға әзір. Сонымен қатар екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің, яғни 26 пәтердің де құрылысы тәмамдалған. Осылайша Жеткіншек мөлтек ауданында 50 пәтерлі тұрғын үйлер ел игілігіне беруге дайын тұр.
Барлық баспаналар заманауи талаптарға сай салынған. Травертинмен қапталып, жылу және су жүйелері толық тартылған. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, түсқағаздары жапсырылған.
Бұдан бөлек, тағы 13 тұрғын үйдің (26 пәтер) құрылысы 90 пайызға аяқталған. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен «Жаңғырту бағдарламасы» аясында бой көтеріп жатқан екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Осылайша, биылғы жылы барлығы 92 пәтерлі жаңа тұрғын үйлер ел игілігіне табысталады деп күтілуде.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аталған құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударды. Жауаптыларға құрылыс талаптарының сақталуын және мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар аудан орталығындағы «Жастар саябағында» салынып жатқан жаңа арбат пен кітапхана ғимаратының құрылыс барысымен де танысты.
Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталған арбатта келушілерге қолайлы жағдай жасау, аумақты абаттандыру және жасыл желекпен көмкеру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ал жаңа кітапхана ғимараты қазіргі заман талабына сай жабдықталып, оның ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанның сыртқы қасбеттері де травертинмен қапталуда.











