СЫЗҒАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ КЕШЕНДІ ДАМУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жұмыс сапарымен Сызған ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде ауданда әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
Округ әкімі Базар Жаппарқұлов биыл жүзеге асқан ірі жобалар мен атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
Биыл Сызған ауылдық округінде кешенді даму жобалары қарқынды жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың сәуір айында ұзындығы 13,3 шақырым болатын «КХ-110» бағытындағы Қозмолдаққа дейінгі облыстық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Қозмолдақ елді мекеніндегі футбол алаңшасы жаңартылып, қайта пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қ.Тоқмұхамедов және Ж.Дәуітбаев көшелерінде ұзындығы 2,3 шақырым болатын жаңа аяқжол төселді.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде ойын алаңшалары орнатылды. Ал Қозмолдақтағы Қ.Рүстемов көшесінде ересектерге арналған воркаут алаңы салынды.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қайнар елді мекенінің Қайнар–Бұлақ, Ж.Әділбеков және Б.Әметшеев көшелеріне жалпы ұзындығы 7,9 шақырым асфальт төселіп, ауылішілік жолдардың сапасы жақсарды.
Көшелерді жарықтандыру бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Атап айтқанда, Сызған, Қайнар, Қозмолдақ және Басбұлақ елді мекендерінде жалпы ұзындығы 12,9 шақырым көше жарығы орнатылды.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қозмолдақ ауылында жабық үлгідегі футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге округ аумағында төрт көпірдің құрылысы жүргізілді. Оның қатарында Қозмолдақ–Басбұлақ бағытындағы көпір, Т.Төреханов көшесіндегі және Е.Алдасүгірұлы көшесіндегі екі көпір бар.
Қазіргі таңда Сызған ауылдық округі аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигонның құрылысы жүруде. Бұған қоса ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мәдени қызмет сапасы артып келеді. Жиын барысында бірқатар тұрғындар өз ұсыныстарын ортаға салса, бірнеше азаматтар жеке мәселелері бойынша жүгінді.













