АЛАЯҚҚА АЛДАНҒАНДАР ПОЛИЦИЯДАН КӨМЕК СҰРАП КЕЛДІ

0
55

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың құқықтық мәселелерін талқылады. «Құқықтық көмек» жобасы аясында өткен кездесуді Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков жүргізді. Іс-шараға «AMANAT» партиясы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Қабылдауға келген азаматтардың көпшілігі алаяқтарға алданып, материалдық шығынға ұшырағанын айтып, көмек сұрады. Мәселен, қала тұрғыны М. Парманов жекеменшік жерін сату кезінде алаяқтардың арбауына түсіп, мүлкінен айырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, жер учаскесі заңсыз жолмен басқа адамның атына рәсімделіп, кейін үшінші тұлғаға сатылып кеткен.

Мәселені мұқият тыңдаған Нұрлан Алмасбеков бұл іс бойынша нақты тапсырма беріп, қайта қылмыстық іс қозғалатынын мәлімдеді. «Қайта тергеу жүргізіліп, барлық заңсыз әрекеттер тексеріледі. Әрбір шағым назардан тыс қалмайды», – деді ол.

Сондай-ақ, алаяқтарға алданып қалған өзге азаматтарға да заң аясында тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейбір тұрғындар полицейлердің жұмысына қатысты шағымдарын білдірді. Бұл өтініштер бойынша да қосымша зерделеу жүргізіліп, шағым иелері Полиция департаментіне шақырылатын болды.

Жалпы қабылдау барысында әрбір азаматтың мәселесі мұқият қаралып, заңға сәйкес жауап берілді. Бірқатар проблемалар сол сәтте шешілсе, кейбір күрделі істер арнайы хаттамаға енгізіліп, партиялық бақылауға алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – әділетті қоғам құрудың басты кепілі. Әрбір азаматтың мәселесіне назар аудару – мемлекеттік органдардың тікелей міндеті» деп атап көрсеткен болатын. Шымкентте өткен бұл қабылдау Президент ұстанымының нақты жүзеге асқанын көрсетті.

Мұндай кездесулер – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың айқын көрінісі. Азаматтардың мәселесі тікелей құзырлы органдарға жеткізіліп қана қоймай, шешім қабылдау процесіне тұрғындардың өзі де қатысып отыр. Бұл қоғамдағы әділеттілікті арттырып, мемлекеттің беделін нығайтады.

«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да осындай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық бермек. Себебі әділетті Қазақстан құрудың басты шарты – халықтың сөзін тыңдап, нақты нәтиже шығару.

Leave a reply