Кентауда жұмыссыздықпен күрес нәтижесін беруде

0
49

Кентау қаласында халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі шаралар өз жемісін беріп келеді. Биылғы жылдың сегіз айында кенді қалада 4378 адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Бұл – елімізде жүзеге асып жатқан «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында атқарылған тиімді жұмыстардың бір көрінісі.

Аталған тұжырымдама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленіп, еңбек нарығын жаңғырту, жұмыс орындарын көбейту және халықтың табысын арттыруға бағытталған. Құжатта алдағы жылдарға арналған нақты міндеттер, іс-шаралар мен көрсеткіштер айқындалып, еңбек саласын жүйелі дамыту көзделуде.

Кентау қаласында аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде түрлі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, субсидияланатын жұмыс орындарына 1300-ден астам азамат жолданған. Қоғамдық жұмыстарға тартылғандар саны жоспардан асып, 700-дің орнына 790-нан астам адам жаңа жұмыс бастаған. Бұл – қаладағы белсенді еңбек саясатының айқын нәтижесі.

Жастарды қолдау шаралары да жүйелі қолға алынған. Алғашқы жұмыс орындары жобасы арқылы жас түлектер тәжірибе жинақтап, еңбек жолын бастауда. Сонымен қатар, жастар практикасы арқылы 250-ден астам жас маман мамандығына сай алғашқы жұмысын тапқан. Бұл – еңбек жолына енді қадам басқан буын үшін үлкен мүмкіндік.

Әлеуметтік жұмыс орындары мен зейнеталды жастағы азаматтарды қолдауға бағытталған жобалар да назардан тыс қалмады. «Күміс жас» жобасы арқылы егде жастағы тұрғындар жұмыспен қамтылып, өз үлестерін қоса бастады. Ал кәсіпкерлікке ынталы азаматтар «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде оқытылып, бизнес-жобаларын қорғап, мемлекеттік грант иегері атануда. Осы жылы 89 азаматтың жобасы мақұлданып, өз ісін бастауға мүмкіндік алған.

Тұрақты жұмыс орындарын көбейту де күн тәртібінде. Жылдық жоспар аясында екі мыңнан астам азаматты тұрақты жұмыспен қамту көзделіп, қазіргі таңда мыңнан астамы жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұған қоса, мемлекеттік бастамалар аясында қалада 1270 жаңа жұмыс орны ашылды.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау – еңбек саясатының маңызды бағыты. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған жұмыс орындары квотасы белгіленіп, бірқатары жұмысқа орналастырылды. Пробация есебіндегі азаматтарға да еңбекке араласуға мүмкіндік жасалып, арнайы квоталар арқылы жұмысқа тартылған.

Жалпы алғанда, Кентауда жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар – еліміздегі еңбек нарығын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді саясаттың жемісі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, әрбір азаматтың еңбекке араласуына, табысын тұрақтандыруына жағдай жасала бермек.

Leave a reply