Азат Оралбаев Бадам және Бөржар ауылының тұрғындарымен кездесті

Ордабасы ауданында тұрғындармен кері байланысты күшейту және жергілікті мәселелерді ашық форматта талқылау мақсатында өткізілетін тұрақты кездесулер жалғасуда. Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Бадам және Бөржар ауыл округтерінде болып, тұрғындармен кезекті есепті кездесу өткізді. Жиын барысында алдымен 2025 жылдың 9 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары баяндалып, екі округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты таныстырылды.
Алдымен Бадам ауыл округінде өткен кездесу барысында биылғы жылдың бюджеті 209,8 млн теңге көлемінде бекітілгені айтылды. Өзіндік кірістердің артуы есебінен көше жарығы, абаттандыру, спорт және ойын алаңшаларын салу сияқты бірқатар әлеуметтік жобалар қаржыландырылып отыр. Өткен жылы тұрғындар көтерген 9 мәселенің 2-еуі толық шешімін тапқан, ал қалған 7 бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда. Округте бүгінде 29 жоба іске асырылуда, оның ішінде көше жарығын орнату, балалар ойын алаңшаларын салу, ардагерлер үйін қалыпқа келтіру, ағын су жүйелерін ретке келтіру, электр желілері мен трансформаторларды жаңарту, «Сергек» камераларын орнату, ауызсу және газ жүйелерін жетілдіру, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстары бар. Сонымен қатар 58 гектар жерге тамшылатып суару жүйесі енгізіліп, жылыжай шаруашылықтары мемлекеттік субсидия алуда.
Бөржар ауыл округінде де бюджет түсімі өсіп, 121,9 млн теңгеге жеткен. Бұл қаржы ауыл шаруашылығын және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуда. Тұрғындар тарапынан ұсынылған 8 мәселенің 2-еуі шешіліп, абаттандыру, жол жөндеу, ауызсу, электр желілері, спорт және балалар алаңшаларын көбейту, ағын су жүйелерін ретке келтіру бағытында 6 ұсыныс кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етуде.
Кездесу барысында тұрғындар стадионды қоршау, көгалдандыруды күшейту, жол сапасын жақсарту, көше жарығы орнату, ойын алаңшалары мен спорт нысандарын көбейту, электр желілері мен бағаналарды жаңарту, жол кедергілерін орнату, көшелерге ат беру, әлеуметтік көмек көрсету, мәдениет саласын дамыту, ағын су арналарының жұмысын реттеу бағытындағы сауалдарын жеткізді. Әрбір көтерілген мәселе бойынша аудан басшысы тиісті бөлімдер мен ауыл әкімдігіне нақты тапсырмалар берді.
Бұл кездесулер — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының Ордабасы ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айқын дәлелдейді. Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау, проблемаларды бірге талқылау және жауапты шешімдер қабылдау — жергілікті басқарудың басты бағытына айналған.
Жиын соңында аудан әкімі Азат Оралбаев кейбір мәселелерді тұрғындармен бірлесе шешудің маңызын атап өтіп, ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен сұрақтарына жеке-жеке тоқталды. Мұндай ашық әрі тиімді диалогтар ауылдардың дамуына серпін беріп, халықтың билікке деген сенімін арттыруға ықпал етуде.













