РУХАНИЯТ ПЕН ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
9
Бүгін Созақ ауданына «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газетінің бас директоры, «Ел Ана» қоғамдық қорының президенті, белгілі қоғам қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сәуле Мешітбайқызы жұмыс сапарымен келді.
Елдік мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауда өзіндік қолтаңбасы бар Сәуле Мешітбайқызын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қабылдап, мазмұнды кездесу өтті.
Басқосуға «Шұғылалы таң» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Түркістан қаласының Құрметті Азаматы Дана Орманова, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сағынбек Асылбеков және «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Сейдахметұлы қатысты. Онда ел дамуының өзекті бағыттары, ауылдардың бүгінгі тынысы, жастар тәрбиесі мен ұлт болашағы жөнінде әңгіме өрбіді.
Сәуле Мешітбайқызы қоғамдағы тұрақтылық пен бірлік мәселесіне ерекше тоқталып, қазіргі кезеңде жастарға дұрыс бағыт-бағдар берудің шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Ауылдық жерлердегі рухани орта және ұлттық болмысты сақтау арқылы адамгершілік тәрбиені күшейту жайында пікірлерімен бөлісті.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы көтерілген мәселелердің өзектілігін атап өтті. Созақ жастарының әлеуеті, ауылдардың даму қарқыны және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен бірге, ұлт руханиятын нығайту, білім мен тәрбиені ұштастыру, жас буынның сауаттылығын арттыру бағытында бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, даму қарқынына оң бағасын берді. Сонымен қатар, тараптар ақпараттық мәдениетті арттыру, ауыл жастарын қолдап, ұлттық тәрбие бағытындағы байланыстарды нығайту жайында нақты ұсыныстармен пікір алмасты.

Leave a reply