СОЗАҚ АУДАНЫНДА ІШКІ ЖОЛДАР ЖАҢАРТЫЛДЫ

Биыл ауданда ішкі жолдардың сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, нәтижесінде жалпы ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қосымша 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше жаңғыртылып, толық асфальтталды. Бағдарлама шеңберінде салынған жолдар ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетіп, қатынасты жақсартуға бағытталды.
Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 26,1 шақырым жол жаңартылған болатын. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен 21,2 шақырымды қамтитын 18 көшеге асфальт төселіп, жол негізі нығайтылды.
Жалпы алғанда, соңғы жылдарда жүргізілген жұмыстар ауылдардың ішкі инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартып, тұрғындардың қозғалыс қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттырды. Ауданда жол сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табады.












